Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл 1602 ауыл бюджетіне 125 млрд теңге түскен

  • AstanaTV
  • 21 желтоқсан 2018
  • 3359

Жыл басынан бері 1602 ауыл бюджетіне 125 млрд теңге түсті. Оның 30 миллиарды салық және салық түріне жатпайтын түсімдер. Қаражаттың көбі жер, мүлік, көлік және жеке табыс салығынан түскен. Бұл туралы Сенаттағы жиында Ұлттық экономика министрлігінің өкілі айтты. Ауыл бюджетін жасақтау пилоттық жобасы биыл күшіне енген болатын.  

Айнар БАЙТУКЕНОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ АЙМАҚТАРДЫ БАҒАЛАУ ЖӘНЕ САРАЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:  

Әкімдердің кірісті ұлғайту үшін қызығушылығы пайда болды. Бұрын табыс аудан бюджетіне түссе, енді ауыл қазынасы бар. Әкім қай жерде қандай жер бар, қандай нысан, қандай кәсіпкер бар екенін біледі. Бұрын тұрғындар салық төлемеу үшін нысанды тіркемеген болса, енді әкім ауылды аралап, салық түсімін арттырып отыр. Дәл осылай кірісті де ауылдағы ең қажетті іске жұмсайды.

Депутаттар ауыл бюджеті туралы пилоттық жобаның кем-кетіктерін айтып, жетілдіру жолдарын ұсынды. Олар: «2 мың халқы бар ауыл әкімдіктеріне бухгалтер-экономист маман қажет»-деді. Бірақ, Ұлттық экономика министрлігінің мамандары оны «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы шешуді жоспарлап қойған. Қазір заң жобасы Мәжіліс депутаттарының қарауында. Егер, ол қабылданса, әкімшілік маманына үй алу үшін бюджеттік несие мен көтерме жәрдемақы беріледі.  

Г. Меңдеева