Банкротқа ұшыраған БТА Банкінің миллиардтарға бағаланған мүліктері кімге бұйырады?! Оның ішінде бизнес орталықтары, қымбат пәтерлер, ірі қалардың орталығындағы құнды жер телімдері мен автокөліктер бар. Әйгілі «Шымбұлақ» шаңғы курортының да бұрынғы басшылары құрдымға кеткен қаржы инситутынан қарыз алған. Қайтпай қалған қомақты сомманы да проблемалық кредиттер қоры өздеріне алған. Қор 2,6 трлн. теңгеге бағаланған дүние-мүліктің біразын бәс саудаға шығармақшы. Қандай нысандардың қаншаға сатылатыны туралы Ришат Асқарбекұлының бейнематериалында толығырақ.
Осыдан үш жыл бұрын лицензиядан айырылған БТА Банкінің мүліктері туралы нақты шешім қабылданды. Банктің негізгі үлестерін Казкомерцбанк пен «Самұрық қазына» теңдей бөліп алған еді. Ал, оның проблемалық активтері жаңадан құрылған «Қазақстан проблемалық кредиттер қорына» өтті.
Былтыр проблемалық кредиттер қоры БТА банкінің құны 2,6 трлн. теңгеге бағаланған мүлкін сатып алған болатын. Мұраға қалған дүние мүліктің жалпы саны 1 мыңнан асады. Оның ішінде 3 ірі коммерциялық компания қор қарамағына өткен. Олар: қымбат жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын агенттік, жер телімдерін саудалайтын компания мен лизингктік қаржыландырумен айналысқан кәсіпорын.
Толықтай кепілдікте тұрған мүліктің құны 20 млрд. теңгеге жуықтайды. Қалғаны талап ету құқығына сәйкес қордың балансында қала бермек. Алматы мен Астанада жүздеген жер телімдері, бизнес орталықтары, элиталық пәтерлер бар. Алматыда Достық даңғылы, Назарбаев пен әл-Фараби даңғылдарының бойында орналасқан А-сыныбындағы бизнес орталықтар да қазір қордың қарамағанда.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
Алматыда БТА банктің мүлкі ретінде саудалануы мүмкін нысандардың бірі мынау. «АФД -Плаза» тұрғын үй кешені әл-Фараби даңғылының бойындағы ең қымбат баспаналар санатына жатады. Кешеннің астыңғы қабатындағы сауда алаңдары соңғы он жылда қаңырап бос тұр. Проблемалық кредиттер қорының иелігіне өткен коммерциялық мүлік нарықтық құнымен саудаланбақшы.
Астанадағы Министрлер үйінің маңындағы танымал алтын түстес қос мұнара да кезінде БТА банкіне қомақты қаржыға кепілдікке қойылған. «Алтын орда» бизнес орталығы деп аталатын жоғары санатты бұл жылжымайтын мүлік те алдағы жылы жаңа иесін табуы мүмкін. Проблемалық кредиттер қорына талап ету құқығына сәйкес өткен тағы бір нысан-Шымбұлақ тау шаңғы кешені. Кешеннің бұрынғы иелері курорт аймағындағы жер телімдерін банкке кепілдікке қойған.
Дәулет БАҚБЕРГЕН, ҚАЗАҚСТАН ПРОБЛЕМАЛЫҚ КРЕДИТТЕР ҚОРЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Біздің балансқа өткен мүліктердің арасында «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты да бар. Талап ету құқығына сәйкес ол да БТА банктегі қарыздарын өтемегендіктен проблемалық кредиттер қорының иелігіне өткен болатын. Ол халықтың ең сүйікті демалыс орны болғандықтан, жұмысын тоқатпаудың амалын жасаудамыз. Банктен алынған қарыздар бойынша әкімдікпен келіссөздер жүріп жатыр. Демалыс аймағына қазір 500 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция керек.
Туристік кәсіппен айналысатын Асқар Төлеев 2010 жылы «Горный гигант» шағын ауданындағы мына жер телімін сатып алмақ болған. БТА банкі көрші тұрған жердің әр сотогына 200 мың АҚШ долларын сұрапты. Содан бері бос жатқан аумақ та қазір проблемалық кредиттер қорына өткен.
Аскар ТӨЛЕЕВ, ТУРИСТІК КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл жердің бос жатқанына оншақты жыл болды. Қазір қоқыстың ордасына айналған. Қаңғыбастар түнейді, малдың өлексесі де жатқан кез болды. Біз бұл жерді бірнеше миллион долларға сатып ала алмас едік. Енді жалға беруді сұрап жүрміз. Туристер демалатын орын жасасақ дейміз.
Қаржы инситутынан ипотекаға пәтер алып, төлем мерзімі өткен баспаналардан тұғындар шығарылмайды. Қор жалға беру келісім шарттарын ұзартпақшы. Республика бойынша БТА банктен қарызға алынған 70-тен астам пәтер де алдағы уақытта саудаға шығарылады. Одан тыс қозғалатын мультимедиялық кешендер, ауыл шаруашылық техникалары мен ауыр және жеңіл автокөліктер бәссаудаға шығатын болады.
Р. Асқарбекұлы