Ақтөбеде оншақты жігіт өлімше етіп сабап, денесі он жерінен пышақталған жас жігіт бүгін есін жиды. Дәрігерлер 20 жастағы жігіттің жағдайы қазір тұрақталды деп отыр. Ол бүгін жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған.
Сәкен ҚАПАНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘДЕМ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
Түскен кездегі жағдайы ауыр. Сразу реанимация бөлімінде болды. Сосын операцияға алып, операция жасалды. Операциядан кейін реанимация бөлімшесінде болды. Сосын жағдайы жақсарғаннан кейін қазір хирургия бөлімшесінде ем алып жатыр.
Әлеуметтік желіде жаға ұстатқан мына бейнекадрлар үйдің кіре берісіндегі бақылау камерасына жазылып қалған. Оншақты жігіт біреуді жабылып ұрып жатқаны байқалады. Бірі қолындағы бөтелкемен, бірі көшеде тұрған орындықпен ұрып, енді бірі пышақ ала жүгірген. Полиция осы бейнебақылау камерасының көмегімен бұзақыларды ұстапты. 9 жігіттің барлығы 19-20 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны. Жанжалға не себеп болғаны және жігіттердің ішімдік ішкен-ішпегендігі полиция анықтап жатыр.
Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен күдіктілер ұсталды. ҚР ҚК 99 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Б. Рахметова