Русский Сайттың толық нұсқасы

Денис Тенді тапсырыспен өлтіруі мүмкін

  • AstanaTV
  • 25 желтоқсан 2018
  • 3126

Әйгілі фигурист, спорт шебері Денис Тен тапсырыспен өлтірілген болуы мүмкін. Бүгін Алматыда басталған алдын ала сот тыңдалымында отбасы адвокаты Нұрлан Өстеміров осындай мәлімдеме жасады. Сот отырысында іске куәгер болған екі полицей тергеуге алынғаны белгілі болды. Ал, қылмысты бүркемеледі деп айыпталған Жанар Толыбаева жүкті болып шықты. Ришат Асқарбекұлы баяндайды.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Бес ай бойы тергелген қылмыстық іс бүгін ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта қарала бастады. Алдын ала сот тыңдалымына тараптар түгел қатысты. Сот барысында үш күдікті Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаеваны мемлекет тағайындаған адвокаттар қорғамақ. Олар қарақшылық, ұрлық және адам өлтіру баптары бойынша айыпталып жатыр.

Басты жәбірленуші ретінде Денистің анасы Оксана Теннің өзі қатысуда. Зардап шегуші тараптың адвокаты Нұрлан Өстеміров Денис Тен тапсырыспен өлтірілуі мүмкін деп мәлімдеді. Оған айғақтар жеткілікті. 

Нұрлан ӨСТЕМІРОВ, О. ТЕННІҢ АДВОКАТЫ: 

Іспен танысу барысында күдіктілер берген түсініктемеде кереғарлықтар байқалады. Яғни, бұл тапсырыспен кісі өлтіру деректеріне ұқсас. Ол 39 томдық істің 14 жерінде кездеседі. Істі қайтадан прокуратураның қарауына жіберіп, тыңғылықты зерттеу керек. Бұл туралы тергеу барысында да шағымдар жазғанбыз. Бірақ, сотқа бәрібір шикі күйінде жіберілген.

Бірақ, бұл талап-арыз қанағаттандырылмады. Адвокаттың айтуынша, Құдайбергенов пен Қиясов тергеу барысында түсініктемелерінен шатасқан. Нұралы Қиясов Дениске артқы жағынан шабуыл жасадым деп айтқан. Бірақ, өткір зат марқұмның санының алдыңғы жағынан қадалыпты. Осы оқиғаға екі полиция қызметкері куәгер болған. Бейнетаспаға форма киген сақшылардың енжарлық танытқаны түсіп қалған көрінеді.  

Амангелді САРИЕВ, Ж. ТОЛЫБАЕВАНЫҢ АДВОКАТЫ: 

Осы іс бойынша полиция қызметкерлері болған. Ол екеуінің төбелесіп жатқанын көрген, ажыратқанда мұндай болмас еді. Полиция қызметкері Құдайбергеновтің жанына барғанын екеуінің конфликт жағдайын көрген. Шара қолданбаған. Бәленің бәрі сонда болып тұр.

Салғырттығы үшін екі полицияға қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Олар қазір үй қамақта отыр. Бүгінгі сот процесі бойынша екеуі де куәгер ретінде жауап бермек. Сот барысында барлығы 26 куәгер сұралады. Олардың қатарында жаяу жүргіншілер, мейрамхана қызметкерлері мен дәрігерлер де бар.   

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Ал, қылмысты бүркемеледі деп айыпталып жатқан Жанар Толыбаева 23 жаста. Ол Жамбыл облысы Әлжан ана ауылындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істеп жүрген. Күйеуінен ажырасқан соң, Алматыға жұмыс іздеп келген. Төрт жастар баласы бар. Бүгінгі сот отырысында оның 6,5 айдан бері тағы жүкті екені белгілі болды. Сотта спортшыға пышақ жұмсады деп айыпталған Қиясов пен Құдайбергенов алқа билер сотынан бас тартты. Келесі процесс 3 қаңтарға белгіленді.

Р. Асқарбекұлы