Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда қоқыс тарифі бірден 30 пайызға қымбаттады

  • AstanaTV
  • 28 желтоқсан 2018
  • 2633

Қызылжарда қоқыс тарифі бірден 30 пайызға қымбаттады. Өңірде тұрмыстық қалдыққа қатысты тариф бес жыл бойы өзгермеген. Осы уақыт аралығында қоқыс шығарумен айналысқан 8 компанияның үшеуі кәсіптің тиімсіздігінен жабылып қалған. Қалған кәсіпорындар банкротқа ұшырамау үшін осы жылдың тамыз айында жергілікті мәслихатқа тарифті көтеру жөнінде ұсыныс білдірді. Депутаттар өз кезегінде оларды қолдап, қазан айынан бастап тарифті 230 теңгеге дейін өсіру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Қызмет бағасының шарықтағанын тұрғындар түбіртектен көрген.  

Торғын ҚҰРМАШЕВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің отбасы бес адамнан тұрады. Осыған дейін ай сайын 800 теңге төлеп отырдық. Енді 1200 теңге беріп отыру керек. Бір жалақымыз ипотеканы жабуға кетеді. Ал, мен өз зейнетақымды таза азық-түлікке жұмсап отырамын. Сондықтан, шарықтап кеткен тарифті өтеу бізге қиынға соғады.

Татьяна ФОМЕНКО, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тарифті бірте-бірте көтеру керек. Одан да жыл сайын бес теңгеден көтеріп отырсын. Халық оны сезбей қалады. Тағы айта кететіні, тарифтің бағасы қызмет сапасына сәйкес келмейді. Жауапты компаниялар орталық аймақты ғана тазартып отырады. Ал, шетте тұрған шағын аудандардың қоқысы нашар шығарылады.

Ал, билік өкілдері тариф жақын арада қайта қаралатынын айтты. Жуырда қоқысқа төлейтін баға 12 теңгеге арзандамақ.

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Биылғы жылдың тамыз айында Петропавл қаласы мәслихатының шешімімен қоқыстардың тарифі өзгертілген болатын. 175 теңгеден 230- ға дейін көтерілді. Енді келесі жылдың қаңтар айынан бастап тариф қайтадан 5 пайызға төмендетілетін болады.

А. Құрманкин