Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан ер түріктің бесігі ғой! Облыс орталығына айналу қалай жүріп жатыр?

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2018
  • 4947

Биылғы жылдың ерекше жаңалығы – Оңтүстік Қазақстан облысының атауы өзгеріп, орталығы Түркістанға көшті. Қазақстан президенті желтоқсанның ортасында Түркістан қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізген, құрылысты бастау үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін айтты. «Түркістан – бүкіл халқымыз үшін қасиетті қала. Біз бұл шаһарды одан әрі дамыту мәселесін жан-жақты талқылап, тиісті тапсырмалар беріп, қажетті қаражат бөлдік. Уақыт келді, алайда ешқандай жұмыс басталған жоқ», деді ол. Бұл процестің күрделі екені түсінікті. Дегенмен кедергі бар ма? Қаржы бөлінді деді. Сақылдаған сары аяз жоқ. Бабалар аманатын сезінетін, қызметтік міндетін сезінетін, тіпті «жақсы атым қалсын» дейтін эгоистік сезімі бар шенеуніктер бейнелеп айтқанда құрылысшыға айналуы керек ғой... Түркістаннан Айзада Төребекқызының репортажы.  

Түбі бір түркі жұртының рухани астанасы саналатын Түркістанның дәл бүгінгі көрінісі осындай. Жарқыраған көшелер, әсем безендірілген нысандар. Жаңа жыл қарсаңында Түркістан тіпті түрленген. Мұны жергілікті жұртты айтпағанда, сырттан келген туристер де байқап үлгеріпті.

Артем КРИВОШЕЕВ, РЕСЕЙЛІК МЕЙМАН:  

Мәскеуден демалысқа келдік. Жиырма жылдан бері киелі шаһарға табанымыз енді тиіп тұр. Түркістанға арнайы соғуды ұйғарғанбыз. Қала көп өзгерген...

Түркістанға келуге, оның басты символы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көруге құмартқандардың қатары жылдағыдан едәуір артқан. Туризм басқармасының мәліметінше Түркістанға арнайы табан тірегендер миллионнан асып жығылған, былтырғы жылмен салыстырғанда шамамен 200 мың адамға көп. Жұртшылықты бір көруге ынтықтырған 12-14 ғасырларға тиесілі тарихи ескерткіш екені белгілі. Биылдың өзінде 34 мың шетелдік келген. 

Кони, САЯХАТШЫ :

АРГЕНТИНА 

Мені мұнда тарихи ескерткіштердің сыртқы көрінісі қатты таң қалдырды. Мұндайды ешқашан көрмегенмін. Маған қатты ұнады. Қазақстанның сәулет өнерінің ұлылығы тамсантып, таңдай қақтырды.

Гүлнара БЕКМҰРАТОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: 

Ахмет Ясауи кесенесіне келушілердің саны 1 млн 136 мың болды. Бұл дегеніміз алдыңғы жылдармен салыстырғанда саны артып жатыр. Егер салыстырмалы түрде алсақ 2016 жылы 1 млн нан асса, биыл 1 млн 300 мыңға жетіп қалады ау деген үміттеміз.

Көне шаһарда кәсіпкерлік жағы да жақсы дамып келеді екен. Облыс орталығы статусына ие болғалы әсіресе тамақтандыру орындарының саудасы қызыпты. Келушілер көбейгесін. Шенеуніктердің көшуі де ықпал еткен.

Дильноза НИЗАМУТДИНОВА, МЕНЕДЖЕР : 

Прокуратурадан келеді, акиматтан келеді, Шымкенттен облыстан көшіп келгендер осы жерге келіп обед ішеді, завтрак ішеді, ужинда демалып отырып кетеді. Түркістан қаласы тұрғындарының мәдениеті өте өзгерді. Келген адамдарға қарап олар да өзгергісі келді. Шу-айқай ондай нәрсе жоғалды бізде қазір.

- Шамдар қойды. Көшелер жөнделіп жатыр. Жақсы болып жатыр. Базардың айналасында машина жоқ, жақсы жүріп жатырмыз, Құдайға шүкір.   

- Алпыс жылдан бері жолымыз жаман еді. Осы қай күні жөндеп кетті. Асфальттады, рахмет онысына. Ал қаланың анау жақтарына шығып көрген емеспіз, қай күні тойға бара жатқанда көрдік. Көп өзгеріс байқадық. Басқа қалаға кіргендей болдық қой дедік.  

  Бекболат ТӘУТЕМБАЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Жалақы жоғарылап жатыр, иә. Облыс болғалы бері шамалы халыққа да шамалы жұмыс көбейіп жатыр деп ойлаймын өзім. Жұмыссыз жүрген адамдар көп еді. Әсіресе жол ережелері, өзіміз водитель болғаннан кейін жолға жауап береміз. Басқа өзгеріс көп. Зданиелер салынып жатыр. Үйлер түсіп жатыр...

Десе де, халықтың қажеті бұл ғана емес. Облыс орталығында тұратын болдық деп бөркін аспанға атқан халықтың күтетіні коммуналдық мәселелердің де тездетіп шешілуі.  

Айгүл ТҰРЛЫБАЙ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Канализация енді халыққа ең керек нәрсе. Газ мәселесі шешілсе. Газ жоқ үйде. Қымбат, 200-300 мыңға дейін барады. Ал мына жақта 105 мың теңге.

Айта кетейік, көне шаһарлықтардың дені жер үйге жайғасқан. Көп қабатты үй жүзден сәл-ақ асады. Олардың өзі өткен ғасырда салынған ескі. Сондықтан кәріз жүйесі өзекті. Ал ыстық су жоқтың қасы.

Орталықтандырылған кәріз жүйесі небәрі -11,9 % 

Ауыз су - 94 % .

Қаланың электр жүйесімен қамтылу көрсеткіші – 99 %

Табиғи газбен қамтылғаны - 20 % .

 Әліпбек ӨСЕРБАЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:  

Үш кезеңге бөлгенбіз газбен қамтамасыз етуді. Соның бірінші кезеңінде 10 518 адам қазір газбен қамтамасыз етілді. Қалған жерлерінің бәріне толығымен 100 пайыз газ қазір ЖСҚ дайындап өткіздік біз. Оған қажеттілік 20 млрд теңге қаржы. Ендігі жылға 11 млрд қаржы сұрап отырмыз, сол 11 млрд-тың қазір біз жеті жобаның қазір құрылысы биыл бір жыл бойы жүргізіп келдік, ендігі жыл жаз айында қалғанын бітірсек, Түркістан 60 пайыз газбен қамтамасыз етіледі.

Түркістанда 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Алтауы ипотекалық баспана. Алпыс пәтерлік жиырма үйдің іргетасы тамызда құйылыпты. Құрылысқа жауаптылардың сөзінше бұл баспаналардың алды алдағы көктемде беріле бастайды. 

Әбдісамат ИСРАЙЛОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:  

Бұл 20 үйлер мемлекеттік қызметкерлерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға және кезекте тұрған басқа да азаматтарға беріледі.

Қазір мұнда 900 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Осындай тағы бір білім ұясының құжаты әзірленіп жатыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Шаһардың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы маңында төрт бірдей тұрғын үй кешені бой көтермек. Отырар, Сырдария, Арман және Сауран деген тарихи атауға ие болған бұл аймақта 88 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталғалы тұр. Барлығы 2 724 пәтер болады. Биіктігі 5-6 қабатты көпқабатты үйлердің тең жартысында келер күзде қоныс тойы тойланады деп күтілуде.

Түркістанда халық саны едәуір артқан. 162 мың халық жарты жылда 5 мың тұрғынмен толығыпты. Туу өсімі тағы бар. Жергілікті биліктің мәліметінше 25 мың адам жер кезегінде, тағы 8 мың адам баспана кезегінде тұр екен.   

 Жалпы Түркістан шаһары үш бағытта дамымақ: Ясауи кесенесінің маңы , тарихи аумақ -88,7 гектар. Рухани-мәдени орталық 98 гектар аумақты қамтымақ. Кесенеге таяу 171 үй мемлекет қажеттілігі үшін алынғалы жатыр.

Әліпбек ӨСЕРБАЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:  

Шымкенттен келе жатқан кезде баяғыдан-ақ осы жерде Қ.А.Ясауи көрініп тұрады. Қазіргі орталық көше мынау. Осы жерден ашу жоспарланып отыр. Соның екі жағына ортасына үлкен фонтан болады. Қалған екі шетінде қабылдау орталығы, одан бөлек мына жақта шығыс моншасы болады. Ұлы дала елі музейі болады. Қожа ахмет Ясауи музейі болады.

Әзірге әкімшілік-іскерлік орталықтың макетін ғана көре аламыз. Капсуласы алаулатып, жалаулатып құйылған 49 мың шаршы метрлік нысанның құрылысы қаңтардан басталады. Басқармалар мен департаменттер үйі де тап осы жерге түседі.  

Жандос ТАСОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл ғимараттардың сыртқы қасбеттері өзіміздің ұлттық нақышта бейнеленген және де бұл шығыстық үлгідегі ғимараттардың келбеті сақтап жоспаланған.  

Дінислам ХАСРАТОВ, СТУДЕНТ:

ҚЫРҒЫЗСТАН  

Түркістанда шетелдік автокөліктер көптеп жүре бастады. Бұрындары кілең «Жигули» көретінмін. Өзгеріп жатыр. Бірақ біз сияқты студенттердің іші пысатын шаһар. Үлкен-үлкен дүкендер атымен жоқ. Бос уақытта баратын жер таппайсың.

Кучкар ӘЗИМБЕК, СТУДЕНТ:

ӨЗБЕКСТАН 

Студенттер бос уақытта қай жерге баратынын білмейді. Содан соң осындай нәрселер құрылса деп ойлаймын.

Облыс орталығы болғалы Түркістанда күнкөріс те қымбаттап келе жатқанын айтты халық. Қалада жолақысы мен азық-түлік бағасы өскен. Күнделікті қажет картоп пен пияздың нарқына орта есеппен 10 теңге қосылыпты. Ет 50 теңгеге қымбаттаған. Мұның өзі негізгі күнкөрісі ауылшаруашылығы болып табылатын халық үшін едәуір қымбат.   

Насиба ТӨРЕХАНОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Маршруттар қымбаттап кетті.

–Қанша болды, қанша еді?

-Бұрын 40 теңге еді. 50 теңге болып кетті ғой. Ұн қымбаттады, пісте май қымбаттап кетті. Барлығы қымбат қой.   

Қанағат МЫРЗАБЕКОВА, ЕТ САТУШЫ: 

- 1450-1500 сатылуы болып жатыр.

-Қанша болды көтерілгеніне?

-Бір аптаның аумағы болды.

-Не себеп?

-Енді мал әкелушілер қымбат, жем-шөп қымбат. Содан көтеріледі ғой баға.

Бексұлтан ҚҰТТЫБАЕВ, САТУШЫ:  

Шамалы ғана осы күріш өсті ғой, 20 теңгедей ма, қосылды. 210-220 ға баратын еді, қазір 220-240 тың арасы. –Не себепті? –себеп Өзбекстанға кетіп жатыр-ау көп, сол жақа кетеді деп естіп жатырмын. Сол жақта күріш жоқ, суы аз деп айтты.

Көне шаһарда жылжымайтын мүліктің нарқы аспандап кеткен. Көпшілік сатуға шығарған жерлерінің нарқын күн санап өсіріп жатыр екен. Жергілікті риэлторлардың ақпарынша, көктемде көтерілген баға өскен үстіне өсіп отыр. Жылжымайтын мүлікпен айналысатын Гүлнара Мұртазаеваның ауызша берген мәліметінше, бағасы аспандап тұрған жаңа әкімшілік - іскерлік орталығы салынатын аумақтағы жер телімдері мен үйлер.

Бұрын 1- 1,5 млн теңге болған 10 сотық жердің құны қазір - 3,5 млн теңге.  

10 сотық жері бар шағын үй \ времянка\ -8 млн теңге сұрайды. Көктемде – 3,-4 млн теңге болыпты.

Коммерциялық нысандардың құны да екі- үш есеге өскен.

50 сотық жер 45 млн теңге деп тұр.

Жаңа жылдан бастап жылжымайтын мүлік салығы да көтерілмек. Облыс орталығы мәртебесін алған Түркістанда жер салығы 33 процентке, жылжымайтын мүлік, яғни баспана салығы 37 процентке өспек. Аудан орталығы емес, түсінікті жайт. Тек облыс орталығы, турист қаптайтын ірі қала деңгейіне де тезірек жетуі керек.   

Айзада Төребекқызы, Серік талас «Біздің уақыт»