Русский Сайттың толық нұсқасы

Демалыста шаңғы тебетіндер көп пе, думандатып жүретіндер көп пе?

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2018
  • 3195

Оралдық Ғайсағали Сейтақ шақырған жерден қалмайды. Бірақ аптаның үш күнінде спортзалда доп қуады, жазда велосипед, қыста шаңғы тебеді. 60 –тағы жігіт ағасы 35 жыл бұрын сатып алған шаңғысын әлі баптап ұстайды... Демалыста шаңғы тебетіндер көп пе, думандатып жүретіндер көп пе? Еркін Кариннің материалы.  

Ғайсағали ағамыз той-томалақтан, қонақтан қалмайды. Бірақ аптаның үш күнінде спортзалда доп қуады, жазда велосипедті ерттейді. Шаңғы тепкенде қимылы ширақ жігіт ағасын 60-та деп айта алмайсыз. Айтпақшы, мына шаңғыны осыдан 35 жыл бұрын сатып алыпты. Содан бері қысқы демалысын орайы келсе, табиғат аясында көнекөз серігімен өткізуге тырысады. 

Ғайсағали СЕЙТАҚ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қыстың күнінде соғым басталады ғой. Бір-бірімізді шақырамыз, қонақ етеміз. Дегенмен де ара-тұра қол бос уақытта табиғатқа шығып тұрған дұрыс деп есептеймін. Ең бастысы денсаулыққа пайдалы ғой. Ол әуелден дәлелденген нәрсе. Сосын денеңді шынықтырасың. Таза ауамен демаласың. Табиғатты қызықтайсың. Осының өзі бір әлем деп ойлаймын.

Демалысты асыға күтетін Жайнагүл де соңғы кезде жаңа ермек тапқан. Осыған дейін қолы бос кезде туған шаһарының тарихымен танысып, театр-музейлерді түгендейтін қыз енді кітапқұмар ортадан бір шықты. Топ мүшелері жаңадан оқыған туындыларды әңгімелеп, бір-бірімен кітап алмасады. Аптасына бір кітапты тауысатын қыз әр күнді жоспарласа, демалысты тиімді өткізуге болады, дейді. 

Жайнагүл ХАМИДОЛЛА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Мысалы, сіз бір аптада сенбі күні ұйықтаңыз, сол күніңіз сіздің босқа өтеді. Ұйқыдан тұрдыңыз, басыңыз ауырып, көзіңіз ісіп үйде жүресіз. Сөйтіп демалыс өтіп кетті. Қайтадан жұмыс басталады. Тағы еш нәрсеге үлгірмейсіз. Сіз келесі аптада өзіңізге қызықты, өзіңізге тың дүниемен айналыссаңыз, нағыз демалыс болғанын, кәдімгідей өзіңіздің миыңыздың да, барлық денеңіздің, өзіңіздің демалып қалғанын сезінесіз. Жоспар құрып алған дұрыстау. Бір аптада музейге барып, аралау, белгілі бір кітапты оқу, соны талдау деген сияқты.

Әдемі қыз Ақмарал да сенбі-жексенбіні жақсы көреді. Бес күн бойы жазу үстелінен түспейтін фрилансердің демалыс туралы түсінігі осыған дейінгі кейіпкерлерімізден мүлдем бөлек. Ол өзінше «демалады». 

Ақмарал ШАЯХМЕТОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

 Мен жұмыс күндерінде қатты шаршаймын. Себебі компьютермен жұмыс жасаймын. Ал шаршағаннан кейін кішкене демалу керек. Достарыммен бірге кафеге, арнайы демалатын орындарға барамыз. Кафеге барғанда бұл міндетті түрде ішімдік ішу емес, жәй ғана достарыммен демаламыз, әңгімелесеміз. Елдегі жағдай туралы сөз етеміз. Бұл да мен үшін демалыс.

Еркін ИРГАЛИЕВ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ: 

Қазақтың қонақтығы, меніңше, қазақтың болашағының дұшпаны. Себебі көп алтын уақыт жойылады, балаларға назар ауыспайды, ақша ауыспайды дегендей.

Қазақтың сауыққұмарлығы – болашағының дұшпаны. Құдалық пен тойды, туған күн мен шілдехана секілді басқосуды демалысқа орайластыратын қазақ үшін мұның пайдасынан зияны көп. Жиын-тойдан бас тартпақ болғандар өз ортасынан жырақтап қаламын деп қорқады, сондықтан уақыт пен ақшасын шығындаса да, тойға баруға, қонақ шақыруға мәжбүр дейді әлеуметтанушылар.

Еркін ИРГАЛИЕВ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ: 

Меніңше бізге жақыны – жапондар. Қазақ сияқты олар да қауымдасатын халық. Олардың менталитеті дегендей. Бірақ бір қызығы, олар қонақтыққа шақырмайды екен. Себебі олар күні бойы 18 сағат жұмыс істейді. Яғни олардың қауымдастығы еңбек жағынан.

Қазақтың басы қуанышта немесе қайғыда қосылады. Сондықтан қонақтық - ағайынды жақындатар фактор. Әйтпесе жақындардың жат болып кетуі мүмкін. Мұны әрине, түбегейлі жоққа шығара алмаймыз.  

Мұхтар ӨТЕСОВ, АСАБА: 

Сәрсенбі күні тойлар болып жатады, дүйсенбі күні болып жатады. Демалысым тойда өтеді. Тойда қазақтың ағайыншылығын, жақсылығын көріп қуанамын, шыны керек. Мен де солармен бірге демаламын. Мен сол тойда демаламын! Мен тойға жұмыс істеуге бармаймын, өзім шабыттанып, өзімнің ағайынымның тойындай өткіземін. Өзім демалып жүремін сол тойда, мен шаршамаймын, энергия аламын!

Мәселе – қарызға той өткізуде, мәселе – «кімнен кеммін?!» және «күліп кетеді» деген жалған намыста шығар. Соңғы 4 жылда әлемнің 20 елін аралаған Динара Болат реті келсе, жиын-тойдан қашық жүруге тырысады. Одан гөрі өзін дамытып, жаңа білім алғысы келеді. Ендігі арманы - жыл сайын кемінде бес елге барып, мәдениетімен, тарихымен танысу. Бірақ аптаның бес күнін жұмыста, қалған екі күн демалысын тойда өткізетіндерге саяхат туралы сөз өтпей жатыр. 

Динара БОЛАТ, ЖИҺАНКЕЗ, БЛОГЕР, ПСИХОЛОГ: 

Еуропаның елдерінде әр отбасында «дом на колесиках» дейміз ғой, трейлер, кәдімгі көлік бар. Мүмкін ол отбасында джип болмайтын шығар. Бірақ манағы велосипед және трейлер міндетті түрде болады. Не үшін? Себебі демалыс күндерін тиімді пайдалану, табиғаттың аясында өткізу отбасымен.

Психологтар да демалысты отбасыға арнаған жөн дейді. Сіз бен біз аңсаған саналы ұрпақ сонда ғана өсіп шығады. Ал ажырасқандардың көбеюін мамандар татулыққа ұйытқы болар отбасылық дәстүрлердің аздығынан көреді. 

Динара БОЛАТ, ЖИҺАНКЕЗ, БЛОГЕР, ПСИХОЛОГ:  

Өзім жуырда Жапониядан келдім. Әдейі күз кезеңіне арнап бардым. Ол кезде жапырақтардың сарғайып, қызғылт-күрең тартқан кезі «момидзи» кезеңі деп аталады. Ол кезде жапондар орманға, ағаштар өсіп тұрған саябақтарға барып, бір-бір жапырақтан алып... былай қарағанда бізге күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ соның өзінде бір философия жатыр ғой. Жапырақтармен сырласып, оған қарап, сурет салып, сол кезеңнен ләззат алады.

Мүмкіндігі бар жандар жазғы еңбек демалысын шетелде өткізуге тырысады. Жолдама құны алдын-ала билет алғанның өзінде кем дегенде бірнеше жүз мың теңге. Ал өңірдегі тарихи орындарды, табиғи қорықтарды аралауға мұндай мүмкіндік жоқ. Себебі қиналмай жеткізер тегіс жол жоқ, тіке қатынайтын автобус жоқ, бас тіреп барғанда түнейтін қонақүй жоқ, қала берді таңдаған тамағыңды ішетін асхана да жоқ. Қазақтың қай өлкесі де қасиетті деп мақтансақ та, осы толып жатқан «жоқтарды» көріп шошығандардың бұлай қиналып қыдыруға ниеті жоқ. Осылайша біз үшін ең оңайы екі күн демалыста ұйқыны қандырып, сосын той тойлау. 

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Мамандар күнделікті қарбаластан дұрыс тынықпаған жүйкенің сыр беретінін айтады. Мұның соңы белгілі... депрессия дендейді, стресс деген сүйкімсіз пәле тағы бар. Уақытылы тамақ ішпегесін, асқазан аурулары да бас көтереді. Сондықтан екі күн демалысты үйде өткізгенше, бір сәт табиғат аясына шыққаныңыз дұрыс. Коньки мен шаңғыдан құлап қаламын деп қорқатындар үшін, ең оңайы – шана немесе мынадай резеңке баллон. Отыра қалсаңыз, зуылдатып өзі жеткізеді... Ал кеттік...

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт»