Русский Сайттың толық нұсқасы

Магнитогорсктегі апат құрбандарының саны 37 адамға жетті

  • AstanaTV
  • 03 қаңтар 2019
  • 2011

Ал, Магнитогорскте газ балоны жарылып, қираған үй астында қаза тапқандар саны 37 адамға жетті. Оның 6-ы бала. Ақпарат Ресей Төтенше жағдай министрлігінің ресми сайтында жарияланды. Тергеушілердің алғашқы болжамы осындай. Қайғыға ортақтасқан Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл қазақстандықтар мен өз атынан көңіл айту жедел хатын жіберді.  

Апат орнында бірнеше тәуліктен бері жұмыс істеп жатқан құтқарушылар үйінді астынан 43 адамды шығарған. 37-сі мүрде. Бақилық болғандардың қатарында 6 бала бар. Әзірге көрер жарығы бар 6 адам табылды. Аман қалған екі баланың бірі - 11 айлық Ваня Фокин. Сәби 20 градустық аязда 30 сағат жатып қалған. Құтқарушылар баланы тірідей алып шығу қиын болғанын айтады. 

Петр ГРИЦЕНКО, АЛҒАШҚЫ АПАТТЫҚ-ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Баланың дауысын есту үшін техниканы тоқтаттық. Тыныш деген сайын бала да үндемеді. Кейін жылаған дауыс осы жақтан шыққанына көзіміз жеткен соң сол жерден іздеу жұмысын бастадық.

Ваняның әкесі сол күні түнгі жұмысқа кеткен. Апат болған кезде ұйықтап жатқан үлкен ұлы мен әйелі төменгі қабатқа құлаған. Ал, Ваня балалар керуетінде қалыпты. Сәби аман-есен құтқарылғанымен, әзірге дәрігерлер бақылауында болмақ.

Евгений ФОКИН, БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ:

Әйелім қоңырау шалып, үй құлағанын айтты. Келсем, ешкімді жолатпайды. Бір күні бойы ешқандай хабар болмады. Қай жерде жатқанын көрсеткіміз келген, бірақ бізді онда жібермеді. Кейін құтқарушыларға амалын тауып айттық.

Тағы 4 адамнан хабар жоқ. Мыңға жуық құтқарушы үйінді астында қалғандарды әлі де іздестіріп жатыр. Бірақ олардың арасында бала жоқ екені белгілі. Құрбан болған 22 адамның аты-жөні анықталды. Апат болған 31 желтоқсан күні оқиға орнына ел президенті ұшып барып, Үкіметтік комиссия құрылды. Ал, құтқарушылар қауіп сейілмегенін айтады.

Михаил ЮРИН, РЕСЕЙ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР КОМИТЕТІ ЧЕЛЯБІ ОБЛЫСТЫҚ БАС БАСҚАРМАСЫ БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: 

Қауіп төндіріп тұрған құрылымдар бар. Олар оқиға орнында жұмыс істеп жатқан құтқарушылар өміріне қауіпті. Сосын оған демонтаж жасау мәселесін шешеміз.

Әзірге үйінді астында қалған 4 адамның туған-туыстары ғана үміттерін үзбей отыр. Ал, қара жамылғандар қаза тапқандарды ертең жерлей бастайды. Жұрт сақылдаған сары аяз бен түн болғанына қарамастан, апат болған жерге келіп, гүл шоқтары мен ойыншықтар қойып жатыр.

Мұнда келмеу мүмкін емес. Бұл-үлкен қайғы. Біздің қаламызда осындай болады деп ешқашан ойламаппыз.

Челябіден қонаққа келгенбіз. Қолдау үшін осында келдік. Қиын дегенмен.

Г. Меңдеева