Русский Сайттың толық нұсқасы

Мас жүргізушінің кесірінен оралдық мүгедектер жұмыссыз қалды

  • AstanaTV
  • 03 қаңтар 2019
  • 3506

Ал, Оралда мас жүргізуші кесірінен жиһаз жасап, күндерін көріп келген 10-нан астам мүгедек жұмыссыз қалды. Олардың цехын жаңа жыл түні шағын автобус күл талқан етті. Тапсырыспен дайындалған жиһаздар да жарамсыз болыпты. Мүгедектерді жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Біржан Қожақов кімнен көмек сұрарын білмейді. Әзірге қайырымды жандар көмек қолын созып отыр.  

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Кәсіпкердің сөзінше, ғимаратқа соғылған көліктің тізгініндегі жүргізуші спирттік ішімдік ішкен. Полиция да оның көлік рөліне ие бола алмай қалғанын растады. Қазір автокөліктің жүргізушісі ауруханада, ал көлігі айыптұраққа қамалған. Ал, ғимаратты толығымен қалпына келтіру кәсіпкердің қолынан келмейді. Соған қарамастан қолда бар материалдармен жамап-жасқап қойыпты.

Бұл аздай, апаттан аман қалған сандықтар мен мүгедек балаларды жаттықтыруға арналған көмекші құрылғыларды сұғанақтар ұрлап әкеткен. Амалы таусылған кәсіпкер енді кімнен сұрарын білмей дағдарып отыр.

Біржан ҚОЖАҚОВ, КӘСІПКЕР:

Алатын сандықтар, мына компьютерлер, бәрін таза қылды. Сол күні какраз бәрі банкеттен шығып жатыр ғой. Енді мынау ашық-тесік жатыр, бәрін ұрлайтынды ұрлап, алатынды алып кетті ғой енді.

Кәсіпкердің сөзінше, келген шығын 500 мың теңгеге жуық. Жұмысы тоқтап қалмауы үшін жомарт жандардан уақытша ғимарат сұрап отыр.

Біржан ҚОЖАҚОВ, КӘСІПКЕР:

Әрине, жүрек жылайды, тырнақпен теріп жинаған нәрсенің бәрі бір сәтте осылай қопарып шыққанына. Осы арақтың кесірі бұл.

Болған оқиғамен қазір полиция айналысып жатыр. Олар оқиғаның анығы тергеу жұмыстарынан кейін белгілі болатынын айтты.

Әлия НАУРЫЗҒАЛИЕВА, БҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде жүргізуші ауруханаға жатқызылды. Жүргізуші ауруханадан шыққаннан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Келтірілген шығын заңға сәйкес өтелетін болады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қазір серіктестіктің жұмысы тоқтап тұр. Қиналған кәсіпкерге қайырымды жандар ғана қол ұшын созуда. Бірі компьютер, енді бірі кеңсе заттарын әперуге уағдаласқан.

Е.Карин