Русский Сайттың толық нұсқасы

Отандық зауыттар биыл әуе компанияларын авиокерасинмен толық қамтуға қауқарлы

  • AstanaTV
  • 11 қаңтар 2019
  • 3472

Отандық зауыттар биыл әуе компанияларын авиокерасинмен толық қамтуға қауқарлы. Энергетика министрлігі осылай деп «сүйіншілеп» отыр. Бұрын-соңды қажетті жанармайдың тең жартысын сырттан долларға импортайтын әуе комапанияларына енді шағымдануға негіз жоқ. Сәйкесінше, бұл борттағы билет бағасына оң әсер етуі керек. Мөлдір Бақытқызы тарқатады.  

Былтыр ғана авиоотынның 40 пайызын Ресейден сатып алған әуе компаниялары биыл тұтастай отандық жағармай тұтынады. Былтыр 393 тонна өндірсек, биыл ол 695 тоннаға жетпек. Екі есе көп. 

Санжар КАРИМОВ, ҚР ЭМ МҰНАЙ ӨНДІРІСІН ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

2018 жылы елде авиоотын тұтыну көлемі 613 тоннаны құрады. Осыған қарап, ішкі нарықты отандық зауыттар толық қамтиды деп есептей беруге болады.

Үш мұнай өңдеу зауыты да авиоотын шығарады. Ол негізінен әуежайларда сатылады. Мәселен, Алматы әуежайында бір тонна авиокерсин 250 мың теңге. Мұндағылар бұл баға алыс-жақын елдермен салыстырғанда қолжетімді дейді.  

Арнат АХМЕТЖАНОВ, «АЛМАТЫ Қ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ» АҚ ҚАЗЫНАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:  

Мысалы, біздің тасымалдаушылар Мәскеу әуежайынан авиотынды 700 долларға сатып алады. Теңгемен 260 мың. Біздің әуежайдан шет елдік рейстер ғана емес, отандық көпшілік тұтынатын «Скат», «БекЭйр» сатып алады. Ал, «Эйр Астана» мен «Қазақэйр» өздері бөлек сатып алады. Олардың бағасына біз әсер етпейміз.

Ұшақтағы билет бағасына керосиннен бөлек, әуежайдың қызмет құны да әсер етеді. Былтыр Астана әуежайы ұшып-қону алаңын 30 пайызға, қауіпсіздік қызметін 100 пайызға қымбаттатқан. Сол-ақ, екен «Эйр Астана»-ның топ-менеджменті жаңа лоукостер «Флай Арыстан» билеттері ойдағыдай арзанға түспейді деп мәлімдеп үлгерді. Жалпы әуе саласы бізде табиғи монополияға жатады. Билет құнынын нарыққа қарап, әуекомпаниялары өздері бекітеді. Мемлекет баға саясатына «қол сұға» алмайды.  

Мақсат ЕГЕУБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:  

Астана әуежайының тарифтері халықаралық бағыттағы рейстерге ғана өсті. Яғни, бұл өсімнің «Флай Арыстанға» қатысы жоқ. Ішкі рейстерге тарифтер соңғы 10 жылдан бері өзгерген жоқ.

«Эйр Астана» болса, билет құнына қатысты жазбаша: «Халықаралық бағыттарға билет бағасының өсу-өспеуі теңге бағамына байланысты. Себебі, шет елде әуежайлар өз қызметі үшін, өз валютасымен есептеседі»-деп жауап берді. Ішкі рейстерге келсек, салалық министрлік 2018 жылы мамыр айында «Fly Arystan» лоукостері нарыққа енгенде, билет бағасы 16-18 мың теңгеден аспайды деп болжап отыр.   

М. Дюсекина