Русский Сайттың толық нұсқасы

Еріктілер 4 жылда 200 адамның үйіне аман-есен оралуына септескен

  • AstanaTV
  • 15 қаңтар 2019
  • 2619

Біздің қоғам еріктілерге әлі де үрке қарайды. Бір-біріне қол ұшын созуға әлі дайын емес. 4 жыл бұрын құрылған «Қоғамдық қауіпсіздік кеңесі» мүшелері осындай тенденция байқаған. Адам жоғалса, оның ізіне түсу үшін, бейтаныс адамдардан ақпарат алудың өзі қиын дейді. Десе де, еріктілер төрт жыл ішінде 200 ден аса адамның өз үйіне аман-есен оралуына септескен. Олжас Нұржақып тарқатады.   

«Қазәуеқұтқару» акционерлік қоғамында ұшқыш қызметін атқаратын Даниярдың еріктілер тобына қосылғанына үш жарым жылға жуықтаған. Адамдарға көмектесу әркімнің борышы деп білетін ол, осы жылдар аралығында жүзге жуық жанның табылуына себепші болды. «Ең қиыны уақыт пен күш жұмсап, тірі адамды табуға тырысқанда, мәйтіке тап болу»- дейді.  

Данияр МЫРЗАХМЕТОВ, ЕРІКТІ, «ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІ» БІРЛЕСТІГІНІҢ МҮШЕСІ: 

Адамдарға көмектесу, іздеу хоббиіме айналды. Бірақ ең қиыны қоғамда бір-біріне көмектесу мәдениеті төмен. Бейтаныс адамнан ақпарат сұрасаң, елемейді. Соған қарап елімізде әлі еріктілерді қабылдау деңгейі төмен екендігін байқайсың.

Данияр секілді еріктілер «Қоғамдық қауіпсіздік кеңесіне» мүше. Осыдан 4 жыл бұрын құрылды. Құрамында 12 адам бар. Олар осы уақыт аралығында екі жүзден астам азаматтың үйіне аман оралуына септескен. Бірлестік көмегіне негізінен Алматы мен Астана қалалары көп жүгінеді. Аптасына 5-6 өтініш келіп түсетінін айтады. Бірақ, бәрін бірдей қамту мүмкін емес деп отыр.  

Ислам УГУШЕВ, ЕРІКТІ, «ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІ» ЕРІКТІЛЕР БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Бізді қандай да бір ұйым, билік, меценаттар қаржыландырмайды. Халық қолдап отыр. Мысалға, бір адамды 3 күн бойы іздеу үшін, жанармай, дәрі-дәрмек, қажет жабдықтар мен жүріс-тұрысқа 60-80 мың теңге қажет. 12 күнге созылса 150 мың теңгеден аса қаржы жұмсалады. Ол ақшаны біз қоғамнан сұраймыз. Әр адам барын жинап береді. Өткен жылы 22 адамды таптық. Ал, осы 15 күнде 2 адамға көмектестік.

Еріктілердің көп болуы азамттық қоғамның бір көрсеткіші болса керек. «Қауіпсіздік кеңесі» өзге де шараларға атсалысып тұрады. Медициналық мекемелер, спортшылармен бірлесіп, түрлі конкурстар, турнирлер мен кездесулер ұйымдастырады. Осылайша, баршаны жанашыр, әділ, адал қоғам құруға үндейді. 

О. Нұржақып