Ақтөбеде жаппай төбелеске қатысқан жасөспірімдердің ата-аналары ақшамен жазаланбақ. Оларға 500 мың теңгеге дейін айыппұл салыну мүмкін. Ал, жанжалдасқан оқушылардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Суық қарудан жарақат алған біреуі ауруханада жатыр.
Мектеп оқушылары арасында жанжал өткен бейсенбіде болған. Қаладағы 4 мектептің жоғары сынып оқушылары ескі зираттың басына жиналыпты. Олар мәселені өзара «жігітше» шешпек болған. Салдарынан бір бала пышаққа түсті. Қазір білім ошақтарында тексеріс басталды.
Назгүл САРТАЕВА, № 22 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл жерде бұзақылық болғанда топпен кетіп тұр ғой. Бұған дейін бұзақылығын көрген жоқпыз. Мектеп ішілік есепте тұр. Бақылауға алынады. Жұмыс жүргізіледі әрі қарай.
Нұргүл БАЙНИЯЗОВА, №15 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның ішінде 15 мектептен болған болған үш бала бар деген күдік анықталды. Біреуі 9 класс оқушысы ешқандай қатыспаған. Ал, қалған екеуін күдікті есебінде алып отыр.
Жаппай төбелес кезінде осы 15-ші мектептің былтырғы түлегі, қазір Ақтөбе Мемлекеттік университетінің бірінші курсында оқып жатқан студент арқасынан пышақ жарақатын алған. Оның жағдайын дәрігерлер қалыпты дейді.
Сослан ӨТЕГЕНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ НЕЙРОХУРУРГ ДӘРІГЕР:
Пышақ жарақаты сол жақ иығынан жасалған. Кеуде тұсы нерв жарақаттаған. Қазір қолы қозғалмай қалу қауіпі бар.Ұзақ уақыт бейімдеуден өтетін болады.
Жалпы, өңірде мектеп оқушылары арасындағы пышақтасып төбелесу жағдайы бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін де осыған ұқсас оқиғалар болған еді. Қалалық білім бөлімі мектептерде бақылау күшейтілді,- дейді. Бұл жолы нақты шара қолданылмақ.
Гүлнәз МЫРЗАҒАЛИЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
Осындай жағдай болып отыр. Ата-ананың да жауапкершілігі арттырса деп ойлаймыз. Ал, мектеп басшыларына келетін болсақ, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болсын міндетті түрде шара қолданылатын болады.
Полицейлер тергеу амалдарын бастаған. Ал, жанжалдасқан жасөспірімдердің ата-аналарына 500 мың теңгеге дейін айыппұл салынатынын айтты.
Ерболат САРҚҰЛОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ақтөбе қаласында мектеп оқушылары арасындағы болған төбелес бойынша ҚР ҚК 293 бабы 2 және 3 тармақтары бойынша сот алды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Төбелестің себептері анықталуда. Аталмыш қылмыстардың алдын алу мақсатында ювеналды полиция қызметкерлерімен бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:
Айта кетейік, аймақтағы мектептерде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жетіспеушілігі бар. Мұны қалалық білім бөлімі мамандары мойындйды. Бүгінгі таңда екі үш мектепте бір инспектор жұмыс істеп жүр. Төбелеске қатысқандар үстінен бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Б. Рахметова