Қарағанды облысында орманшыны өлтірген браконьерлер әлі құрықталған жоқ. Олардың дер кезінде ізіне түсуге тәртіп сақшылары ауа райының кесіренен тікұшақ пайдалана алмапты. Бұл жайында Сенат қабырғасында ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов мәлімдеді. Қазір қашып кеткендердің аты-жөні, кім екендігі анықталған, бәрі Қызылорда облысының тұрғындары. Араларында тәртіп сақшылары жоқ. Ал, олардың қолынан мерт болған орманшы дер кезінде медициналық көмек ала алмағандықтан көз жұмған. Өйткені, қаскөйлер олар мінген көліктің кілтін тартып алып, доңғалақтарын тесіп кетіпті.
Қалмұхамбет ҚАСЫМОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Біз оқиға болған күннің ертеңіне дейін тікұшақты пайдалана алмадық. Ауа райы қолбайлау болмағанда оның көмегімен ауыр халде жатқан орманшыны ауруханаға да дер кезінде жеткізуге болар еді. Тіпті қылмыскерлердің де ізіне түсіп, олардың бәрін осы уақытқа дейін құрықтар ма едік. Алайда, бізге ауа райының кесірінен тікұшақ пайдалануға рұқсат берілмеді.
Г. Тасболатқызы