Ал, Сириядан елімізге оралған балалар ДНК-сынақтан өтеді.Бұл жөнінде біздің телеарнаға қоғамдық даму министрлігі айтты. Бұл процедура елге жеткізілген жеткіншектерді асырап алғысы келетін ағайындары үшін жасалмақ.Сонымен қатар, ведомство өкілі тағы 30әйел мен 60 баланы Қазақстанға қайтаруға дайындап жатқанын жеткізді. Сирия мен Ирак аумағында барлығы бес жүзден астам жасөспірім жүр. Олардың көбісі сол жақта дүниеге келген. Ал, ата-анасының құжаттарын лаңкестер жойып жіберген.
Бауыржан БӘКІРОВ, ҚР ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Көптеген баланың ата-анасы қайтыс болған. Олар жетімдер үйін паналаған. Елге ата-анасыз жеткіздік. Енді соларды асырап алғысы келетін ағайын -туысы іздестіріледі. Олар туысқан екенін дәлелдеуі керек. Ал, туыстық қатынасын анықтау үшін баланың қанынан ДНК сынама алынады.
Былтыр 20 адам сыртқы істер министрлігіне өтінім жазып,сириядағы туыстарын қайтаруға көмектесуді сұраған . «Бұл тектес өтініштер әлі күнге дейін түсіп жатыр» - дейді қоғамдық даму министрлігі. Еске салайық, ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпаратына сәйкес, әскери қақтығыс аймақтарында қазір тоғыз жүзге тарта Қазақстан азаматы жүр. Олар 2011мен 2016 жылдары аралығында елден кеткен.
Бауыржан БӘКІРОВ, ҚР ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Сирия билігі бізге қол ұшын беріп, біздің түйінді шешуге атсалысып жатыр. Өкінішке орай, Ирак билігі керісінше. Әзірге бізде адамдарды қайтару жөнінде ешқандай үкіметаралық келісім жоқ. Сирия билігі өз аумағын тезірек бақылауға алған күнде біздің азамттарды елге қайтару мәселесі де тезірек шешілмек.
З. Санай