Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада алғаш рет криптовалютаға тауарлар сатыла бастады

  • AstanaTV
  • 08 қараша 2017
  • 3589

Елордада алғаш рет криптовалютаға тауарлар сатыла бастады. Қаладағы пиццерияның бірі биткойнмен төлем жасауға жағдай жасап қойған. Ауада қалықтаған ақшамен қалай төлем жасалады? Тілшіміз Диана Сапарқызы пиццаны криптовалютаның сатоши бірлігімен қалай сатып алғанын айтып берсін.

7 минуттың ішінде жылдам жасайтын мына пиццаларды теңге немесе долларға емес, интернет кеңістігінде қалықтап жүрген ақшаға сатып алатын жағдайға жеттік. Яғни виртуалды төлем бірлігі биткоймен небәрі 20 секунд ішінде төлем жасап сатып алуға болады. 

Кәсіпкер Арслан Айнақұлов пиццериясының ашылғанына 8 айдың жүзі болды. Ал электронды ақшамен төлем жасау әдісін осыдан 2 екі ай бұрын енгізген. Осы аралықта 8 адам электронды ақша арқылы пицца сатып алған. Кәсіпкер әзірге криптовалютаның эйферум және биткойн бірліктерін қабылдайды.

Арслан Айнақұлов, кәсіпкер;

Біріншіден, бұл маркетингтік қадам болды. Біз бүкіл аудиторияны қамтығымыз келді. Қазір адамдардың көбісі криптовалютаға қызығушылық танытып отыр. Кейбір адамдар әртүрлі төлем жасайды, ал кейбіреулерге қолма-қол және картамен төлеген ұнамайды. Тек криптовалютамен төлем жасағанды қалайды. Криптовалютамен айналсатын клиенттерміз бізге тапсырыс бергенде есептеп бастары қатпайды. Бізде бәрі тікелей виртуалды ақшаның түрімен есептелініп қояды.

Қанат Қонысбаев - пиццаны криптовалютаға сатып алған клиенттердің бірі. Ол криптовалюта жайлы биыл ғана біліп, қызығушылық танытқан. Алғашқы табысын пиццаға төлепті.

Қанат Қонысбаев, сатып алушы:

Менің алғашқы криптотөлемім пиццаға төленді. Пиццаға тапсырыс бердім. Өзім үшін де қызық болды. Сол кезде пиццерияда қанша биткойн болатынын есептеп, ватсап желісі арқылы сілтемесін жіберді. Сілтемеге басып, 20 секундтің ішінде сатып алдым. Сол кезде құны 120 000 сатоши тұрды.

Кәсіпкер тауарларын клиентке криптовалютамен сатпас бұрын, алдымен биткойн мен  доллардың күнделікті курсын қарап, есептеп отырады. Криптовалютамен төлем жасамас бұрын, соны ескеру керек. Мысалға, бір пиццаның құны 2000 теңге делік. Ол қазіргі курспен 6 долларға тең. Ал бір биткойнның бүгінгі құны 7 200 доллар. Демек, пиццаның виртуалды бағасы 83 000 сатошиді құрайды.

Криптовалютамен төлемдер жасау үшін блокчейн әмияны арқылы операциялар жасалынады. Яғни өзіңіздің электронды әмияныңыздан сатушының әмиянына бірден криптовалютаны аудару арқылы тек пиццаны ғана емес, басқа да тауарларды сандық ақшамен сатып алуға болады деген сөз.

Диана САПАРҚЫЗЫ