Русский Сайттың толық нұсқасы

Офшордағы компанияға қатысты министрдің жауабы

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2017
  • 2712

РБК құтқарылады. Атышулы банкті "Қазақмыс" корпорациясы сатып алатын болды. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді. Осылайша, Үкімет пен бас банк тығырықтан шығамыз деп отыр. Демек банктің ірі клиенттері мен жеке тұлғалардың депозиттері дін аман сақталады деген сөз. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.

РБК банкі 600 млрд теңгеге былыққа батқан. Яғни осы проблемалық портфелін енді басқа компанияға беріп құтылады. Есесіне тап-таза компанияға "Қазақмыс" 160 млрд теңге қаржы құяды. Ұлттық Банк өкілдері "Қазақмыс" банктің жалғыз ірі акционері болады, тіпті 90 пайыздан астамын алуға әзір дейді. Жұма күні президент проблемалық портфелді қолдан жасаған акционерлердің өзі және ондай ұрылар жазаланады деген.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:

Шамамен 600 млрд теңге сомасындағы проблемалық портфель жеке арнайы қаржы компанияға беріледі. Сәйкесінше банк проблемадан құтылады. Ол Ұлттық Банктің бұған дейін кредит ретінде бөлген қаражаты мен квазимемлекеттік компаниялар ақшасы есебінен жүргізіледі.  

Қазақстан Қор биржасының 2017 жылғы 1 қарашадағы мәліметі бойынша, РБК-нің акционерлері ретінде 9 тұлға көрсетілген. 

"Фон-инвест" мүліктерін басқару дирекциясы (Бірінші Президент қорының бір бөлімі) - 19,4%, Фарид Люхудзяев -9,53%, Темир Джумаев - 9,25%, Дінмухамед Ыдрысов - 7,52%, "Нур-ЭкспортНС" серіктестігі - 6,97%, Владимир Ким - 6,75%, Уәлихан Нұрмухамедов - 6,74%, Бахаридин Аблазимов - 5,5%, Игорь Мажинов - 5,51%.


Ал 1 қыркүйектегі мәліметке сай, РБК банкінде жеке және заңды тұлғалардың 588 млрд теңге депозиті бар. Және  Ұлттық банк -150,7 млрд,  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры - 49 млрд, «Даму» қоры -13 млрд, "Қазақстан Даму банкі" - 10,7 млрд,  Аграрлық несие корпорациясы -10,4 млрд теңге кредит берген, яғни ақша құйған.

Айдар Алибаев, экономист:

Куда смотрел Нацбанк, что проблемные активы в размере 600 млрдов, что они образовались? Они же не образовались за один день, не за один месяц, даже не за один год. 

Айтпақшы, "Дельта" банк жабылады. Бас банк оны сот арқылы лицензиядан айыруға кірісті. Ал жеке тұлалардың 126 млн теңге депозитін "Депозитті кепілдендіру қоры" өтейді.

Депозит демекші, күні кеше "Парадайз пейперс" жарияланды. Журналистік зерттеу. Офшорда ақша сақтаған байлардың тізімі. Олар салықтан жалтарды делінген. Онда Елизавета патшайымнан бастап, Дональд Трампқа дейін жүр. Тізімде қазақстандық шенеуніктер де бар. Мәселен, "Қазақмұнайгаз" басшысы Сауат Мыңбаев және министр Бейбіт Атамқұлов та бар. Ол Мальтада 98 жылы компания ашқан делінген. Өзі бүгін кезінде инвестор тарту үшін, Еуропадан компания ашуға мәжбүр болғанын айтты. Бірақ жоба іске аспаған соң, ресми хат жолдап, одан шығатынын хабарлаған. Алайда компаниядан әлі шеттетілмепті. Оны кеше ақпарат құралдарынан естігенін айтты.

Бейбіт Атамқұлов, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі:

Кеше соны іздей бастадым, біреуі Сербияда виноградниктермен айналысады екен. Ол кезде 98 жылдары ешкім мемлекеттік қызметте болған жоқ, кәсіпкер болдым. Тығылатын, ешкімнен қорқатын, ешқандай нем жоқ. 

Ал Сауат Мыңбаев тізімге қалай ілікті екен? Қазір мемлекеттік қызметте болмаса да, журналистік зерттеудегі Meridian Capital Ltd. компаниясы Бермуд аралардарында  2011 жылы тіркелген. Ол кезде Сауат Мұхамбетбайұлы елде Мұнай және газ министрі болатын.