Русский Сайттың толық нұсқасы

Ерлан Нұрғалиев - қаһарман! Ал «мүйізді мафияны» жеңе аламыз ба?

  • AstanaTV
  • 19 қаңтар 2019
  • 2991

Адамның көңілін босатқан сурет. Ерлан Нұрғалиев. Нағыз Адам. Көпшілік табиғат сақшысын мемлекеттік марапатқа лайықты деп отыр. Лайық. Қаһарман ол. Дегенмен әрі қарай не болмақ? Ерлан сияқты принципшіл инспекторлар аз емес деп ойлаймыз. Бірақ одан әрі ойлауға дір ете қаласың. Табиғат қорғаушыларға шабуыл жасалғаны бұл бірінші рет емес. Сақшылардың тәуекелмен жүретіні рас. Браконьерлердің көп ретте айыппұлмен құтылатыны да шын. Олардың дала қожайындары екенін білеміз – қымбат сайман, қымбат көлік. Олар оқты қымсынбай, бұқпантайламай атады. Бұл заңнан, басқасынан жоғары тұрамыз дейтіндерге тән әрекет. Ермек үшін, жеңсік ас жесем деп баратындарынан бөлек, мысалы, киіктің мүйізі Қытайда қып-қызыл ақша, 1 келісі 2 мың еуро деген ақпарат бар, киік қыратындарды кәдімгі ұйымдасқан қылмыстық топтар деуге болады. Ал қорғану үшін оқ атуы қиын табиғат сақшылары не істемек? Біз белгілі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутаймен әңгімелестік. Себебі азаматтық позициясы бар сондай бір тұлғамен сөйлесіп, мәселенің мәнісін барынша ашу керек екенін ұқтық.

Ерлан Төлеутай, әнші, өнертанушы, «Қазақфильм» киностудиясының редакторы:

Мынадай ғылым мен техника дамыған заманда осылай өлтіріп кету, оны ұстай алмау масқара жағдай. Өйткені төтенше жағдайлар қызметі қаншама тікұшақ сатып алды... жарамсыздары бар, арасында. Қызылорданың браконьерлері деп жатыр. Анау Қорғалжыннан Қызылорда облысына дейін мың шақырым. Сол ұшақты көтеріп, жердің тесігіне кіріп кетсе де ұшпайды. Жоқ, тікұшақ ұшпайды, жүйрік машина жоқ, медициналық көмек кеш көрсетіледі. Қазақ даласында киікке шын жаны ашитын санаулы инспектор ғана бар. Ана фотосын көрдік ғой, киіктің баласын бауырына қысып тұр. Қаншама мейірім. Қызылордадан келген қарақшыларды біресе таптық дейді, біресе тапқан жоқпыз дейді. Бұл қандай ойын, біз түсіне алмаймыз.  

Браконьерлердің шектен шығуында не жатыр, бұл ұйымдасқан қылмыс деңгейіне дейін көтеріліп жатыр. Қаншама оқиға болды, абақтыға отырғаны жоқ, содан кейін кісі өлтірмей қайтеді. Есірткі бизнесі сияқты, киік мүйізі саудасының деңгейі сол наркобарондар деңгейіне өтіп кеткен. Өйткені оларды жазалай алмайды, ешкім. Бір ішкі істер органы қызметкерінің үйінен 8 тонна мүйыз табылған. Оны жинау үшін 60 мың киікті өлтіру керек. Бұл бір мемлекеттің аңы. осыған түк те істеген жоқ ғой. Крышалары табылды ма? Жоқ!!!

Парламент табиғат қорғау туралы жаңа заң қабылдауы керек. Аңды да, аңды қорғап жүргенді де қорғайтын салмақты заң әзірленуі керек.

 Ерлан Төлеутай «Мүйізді мафиялар» «мүйізімен» тақап бұл мәселенің түйінін тарқатпауға тырысып отыр, деді. Қоғамның шиыршық атқан проблемаларға күңіреніп отыра бермейтінін ескертеді.

Қарағанды облысы Нұра ауданынан Данияр Қайыртайтың репортажы.

Қаңтар қазаққа қаралы ай болып тұр. Әсіресе, Қарағанды облысындағылар үшін. Мұнда жыл басталғалы екі азамат кісі қолынан қаза тапқан. Екеуінің де өлімі қоғамды дүр сілкіндірді. Соңғысы түз жануарларын қорғаймын деп шейіт кетті. Қорықшы Ерлан Нұрғалиевті айтып отырмыз.Марқұмды жерлеу рәсіміне Астанадан 250 шақырым жердегі Баршын аулына біз де арнайы барғанбыз. Батырымен қоштасуға қара қорым жұрт жиылды. Ішінде шенділер де бар.

Нұрлан НҰРҒАЛИЕВ, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ ІНІСІ:

Маған қашанда үлгі болып жүретін. Жас кезінен спортқа жуық, қарулы жігіт болатын.

Достай НҰРБЕКОВ, ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ҚОРҒАУ ИНСПЕКТОРЫ:

Өзім бір жақын жолдасымды жоғалтып жатырмын. Достыққа берік адам. Қарулы. Бір адамға күш бермейді. Жұмыста көріп жүрміз ғой, әр түрлі жағдайда тастап кетпейді, қашып кетпейді. 360 беттік сканвордты 15 күнде шешіп тастайды. Эрудициясы мықты. Күніге таңертең жүгіріп, дене шынықтырумен айналысатын.

Браконьерлермен арпалысып жан тәсілім еткен инспекторды біз «батыр» деп бағалап отырсақ, Үкімет «Ерлігі үшін» дейтін наградамен марапаттамақшы. Қасында болған серігін де. Қанды оқиғада аман қалған Петр Ницык бар жағдайдың куәсі.

Петр НИЦЫК, ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ҚОРҒАУ ИНСПЕКТОРЫ:

Рейд кезінде екі көліктің ізін байқадық. Артынша атылған оқтың даусы естілді. Браконьерлер екенін бірден түсіндік. Соңдарына түскенде өлі киіктерді көрдік. Бір сағатта тауып бірінші ескерту оғын аттық. Қуып жеткенімізде өзімізге бас салды. Арпалысып жүріп, екеуін жықтық. Ерлан олардың қолына кісен таққалы жатқанда үшіншісі келіп желкесінен мылтықтың дүмімен бір қойды. Сосын мені ұрып жықты да, қашып құтылды. Есімді жисам, көлігіміздің кілті жоқ. Тұрған жерімізді хабарлайын десем GPS-навигаторымызды да алып кеткен. Қайта рациям бар екен. Көмек келгенше бірнеше сағат ауыр халде жаттық.

Қылмыстық іс қазір тергеліп жатыр. Ішкі істер министрлігі таратқан соңғы мәліметке сенсек, үш күдікті анықталып, оларға мемлекетаралық іздеу жарияланған. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі соларды ғана құрықтап, жазалаумен шектелмеу керек дейді.

Арман ЕВНИЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Нақты себебін біз табуымыз керек. Ақбөкендердің мүйізін кім сатып алып жатыр? Қайда сатып жатыр? Шекарадан қалай өтіп жатыр Қытайға? Соның бәрін табуымыз керек. Мүмкіншілік бар ғой. Барлық құқық қорғау органдары қосылуы керек осы жұмысқа.

Вице-министр жануарлар дүниесін қорғаушы инспекторлардың құқықтық мәртебесін қайта қарау керектігін де айтты. Иә, инспекторларға түрлі деңгейде зақым келтірген браконьерлер тиісті деңгейде жауапқа тартылмайтыны бәрімізге белгілі. Соңғы үш жылда 10 инспектор сұғанақ аңшылардың қолынан жапа шеккен. Соның тек біреуі жазаланыпты. Қалғаны заңсыз аң аулағаны үшін ғана айыппұл төлеп, құтылып кеткен.

Бақтияр МӘКЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Заңсыз аңға шығып жүргендерді қатаң жауапқа тарту керек. Бірақ жауапқа тартқаннан кейін, былай айтқанда сигнал түскеннен кейін, тек инспекторлар ғана емес, жалпы сол жердегі жергілікті құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, арнайы спецоперация жасау керек деп ойлаймын.

Былтыр Түркістан облысында да инспекторға шабуыл жасалды. Екі браконьердің көрсетпеген жәбірі жоқ. Мылтықпен де қорқытқан, суға да батырған. Сонда инспектор еріксіз оқ атады. Нәтижесінде өзі жауапқа тартылып, қызметінен айрылды. Осы оқиғалардың бәрі Заңның солқылдақ тұсын көрсетіп тұр. Сондықтан оған өзгерістер енгізу жайы қазір аса өзекті.

Ерзат ӘЛЗАҚОВ, «ОХОТЗООПРОМ» РМҚК БАС ДИРЕКТОРЫ:

Заңның негізгі талабы бойынша қару қолдануға құқы бар. Бірақ өмірде кішкене басқаша болып тұрады. Біздің инспекторлердің көбісіне көп претензия қойылады. Неге аттың? Не себептен аттың? Ол алдымен саған атты ма, атпады ма деген сияқты. Міне, осындай мәселелер шыққаннан кейін біздің инспекторлердің көбісі қаруды қолдануға қорқады да аяғын тартады.

Қазір «Охотзоопром» кәсіпорнының республика көлемінде 220 инспекторы бар. Олар 122 млн гектар жерді қоруылдайды. Осыншама аумақтағы жануарлар дүниесін браконьерлерден қорғау үшін маман санын көбейту керек дейді кәсіпорын басшылығы. Инспектордың өмірі бәйгеге тігілетін қатерлі жұмысқа төленетін 70 мың теңге айлық та аз екенін мойындайықшы.

Бақтияр МӘКЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Осы инспекторлардың материалдық-техникалық жабдықталуы өте төмен қазір бізде. Біз бұл мәселені Парламентте де, Үкіметке де депутаттық сауал ретінде менің әріптестерім көтерген болатын. Әрине, үлкен шетелдік көлікпен келе жатқандарға инспектордың көлігі жете алмайды. Оларға бір-екі адаммен ғана барып оларға төтеп бере алмайды.

 Жануарлар дүниесін қорғау инспекторлары 15 күн бойы үй көрмей рейдте жүреді. Дала басында лагерь құрылады. Ішіп-жемі, төсек-жайы сонда ұйымдастырылады. Осыны сезініп көру үшін инспекторларға еріп, біз де бір күнге рейдке аттандық. Бір жағынан киіктерді камераға басып алмақ ойымыз бар. Бетпақдала популяциясы жылда осы Қарағанды облысындағы Теңіз көлінің оңтүстік жағын қыстайды екен. Әлгі қайғылы жағдай да осы маңда болған. Ақбөкендер адамнан әбден үркіп қалған секілді, көп іздедік. Көзге түсер емес. Алыстан көрінгенде мына бейнекадрларды түсіріп үлгердік, әйтеуір. Есесіне, жапан далада белгісіз джип машинасын кезіктірдік. Дәл браконьерлердікіндей екен деді қасымыздағылар. Арттарынан қудық. Инспекторлар көлікті тоқтатып, бірден іске кірісті. Машина ішін түгел тінтіп, белгісіз үшеуден сұрау алды. Сөйтсек, бұлар жоғалған жылқыларын іздеп жүрген шаруалар екен.

Дыбыстық қыстырма: Біз бұл жерде мал қарап жүрміз. Біздің мал осы жерде, анау етекте жатады. Мал қарап жүрміз.

Жануарларды қорғаушылар рейд кезінде мұндайлар жиі кездесетінін айтады. Сондықтан күдіктілерді қуалап келе жатқанда аңшы ма, әлде маңайдағы ауылдардың тұрғындары ма бірден біле алмайсың. Инспекторлар қатер төнетіні жайлы ойлап та үлгермейді. Марқұм Ерлан Нұрғалиев те тап сол күні қауіптенбеген болар. Оның үстіне Ерлан ешқашан ешкімнен қорыққан да емес!

Данияр Қайыртай «Біздің уақыт».