Русский Сайттың толық нұсқасы

Дизель отынымен қиындық туындауы мүмкін - Энергетика министрі

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2017
  • 2915

Бензин тапшылығы аздай, елімізде дизель отынымен қиындық туындауы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев сала басшыларымен кездескен жиында мәлімдеді. Айта кетерлігі, министр Павлодар мұнай өңдеу зауытының басшылығын зауытты жаңғырту жұмыстарын созбаққа салғаны үшін жұмыстан қуған жоқ. Бұған дейінгі жиналыста жауапты басшыларды орындарынан алатынын айтса да, бүгінгі жиналыста энергетика министрі  "жұмысты құрдымға жібердіңіз" деп, зауыт басшылығының жұмысын сынаумен шектелді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

Сіз бұл жұмысты құрдымға жібердіңіз деп ойлаймын. Техника металл екені түсінікті, бірақ бұл масқара жағдай. Қыркүйек айында бензинді тиісті көлемде импорттамағынымыз үшін, бензинмен қиындық туындады. Енді, егер «Қазмұнайгазбен» тиісті шара қолданбасақ, дизельді отынмен қиындық болуы мүмкін. Жөндеу жұмыстарын сапасыз жүргізіп, барлығын істен шығардыңыздар. Соның салдарынан сіздердің зауыттарыңыз дизель отынын 150 мың тонна емес, айына 25 мың тонна ғана шығара алады.

Ал бүгін Brent маркалы мұнайдың баррелі 64 доллардан асты. Баға 2015 жылдың маусымынан бері бұл деңгейге бірінші рет жетіп отыр. Бұл теңгенің нығаюына әкелді. Бүгін доллар 333 теңгеден сатылды. Ұлттық банк төрағасы ұлттық валютаның құны артуы мүмкін деген болжам жасады. Ал экономистер мұнай бұл бағасын ұстап тұра алмайды деп жорамалдайды.

Меруерт Махмұтова, экономист:

Тұрақты бағасы қымбаттайтындай болжам жоқ. Себебі тура осы қымбататуға әсер еткен Сауд Арабиясындағы ханзаданың мерт болуы, екіншіден, 11 ханзаданы жемқорлықпен жауып жатыр. Келесі жылғы болжамды қарап отырсақ, негізі мұнай нарығына, мұнай бағасына әсерін қосатын Құрама Штаттардың мұнай өндірушілері.