Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық газ жеткізуші компания сотта монополияға қарсы мекемені жеңді

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2019
  • 2471

Оралдық мекемелерге сұйытылған газды түрлі бағамен сатты деп айыпталған газ жеткізуші мекеме монополияға қарсы өңірлік департаментті сотта жеңіп шықты. Құзырлы мекеменің дерегінше, бұл компания жергілікті нарықтағы мол мүмкіндігін пайдаланып, газ бағасын түрліше белгілеген. Осылайша көгілдір отынды тұтынушыларға түрлі бағамен сатыпты. Мұның заңға қайшы екендігін айтқан монополияға қарсы облыстық департамент сотқа шағымданған. Дауға ара түскен кәсіпкерлер палатасы газ бағасының бір күнде емес, араға уақыт салып, әрі өндіруші компанияның бағасымен өзгергенін анықтапты. Осы дерекке сүйенген сот газ жеткізуші мекемені кінәсіз деп тапты.   

Нұржан МАҚСОТОВ, БҚО КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Сол кезде біздер талап-арызға тиісті фактілерімізді, қандай негізде қандай заңнамаларға сүйенгенімізді жаза отырып, қойылған бағаның заңды екендігі және біздің бұған дейін айтылған позициямыздың дұрыс екендігін сот қолдады. Бірінші инстанция, әрине, бұл енді мүмкін мемлекеттік орган тарапынан жалғасуы мүмкін. 

Сот шешімі заңды күшіне әлі енген жоқ. Сондықтан облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті қарсы арызданбақ ниетте. Олардың есебінше, газды сатып алу бағасы өзгермесе де, жеткізуші көгілдір отын құнын өзі өзгерткен. Ал, айыппұл сомасы 15 млн. 400 мың теңге деп отыр.   

Әлібек КӨЛЖАНОВ, ТМР, БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ БҚО ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Анықталған заңбұзушылықтарды департамент толық дәлелдеді. Осылайша біз өңірдегі газды көтерме бағамен сатып алатын 15 мекеменің құқығын қорғадық. Жеткізуші компания жергілікті нарықтағы үлесі көптігін пайдаланып, оларға газды түрлі бағамен сатқан. 

 Е. Карин