Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда лифтілердің 80 пайызы тозған

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2017
  • 2981

Қызылжарда көпқабатты үйдің тұрғындары лифтіге кіруге қорқады. Себебі қаладағы жеделсатылардың басым бөлігінің қолдану мерзімі өтіп кеткен. Оны ауыстыруға қомақты қаражат қажет. Қолы қысқа қараша жаңғыртуды өз күшімен істей алмағандықтан əкімдікке жүгінеді. Ал билік тарапы 34 лифтіні жөндеп, қалғанына қаражат жоқ деп отыр. Тығырықтан шығар жол қаайсы? Мән-жайды Абзал Құрманкин анықтап көрді.

Көпқабатты үйдің тұрғыны Валентина Иванова  жаяу жүруге еті үйренген. Бұл кісілердің лифттері тоқсаныншы жылдардан бастап істемей келеді. Үйдің басшысы жеделсатыны жөндеуге тұрғындарды сан мәрте үгіттеген екен. Алайда, бұқара бір ымыраға келе алар емес. 

Валентина Иванова, Петропавл қаласының тұрғыны:

Қарттарға үстіңгі қабаттарға көтерілуге қиын. Тұрғындар коммуналдық төлемдерін әзер өтеп жүргенде, қымбат лифтіні қайтсын. Зейнетақымыз 40 мың ғана. Оны көтере алмаймыз.


Петропавлдағы 1061 үйдің 72-сі 9-10 қабатты баспаналар. Олардың көбі 80-90 жылдары бой көтерген. Зәулім үйлерге лифтіні 25 жыл қолдануға рұқсат берілген. Демек, қазір барлығының тозығы жетіпті.

Абзал Құрманкин, тілші:

Мына 9 қабатты үйдегі әбден тозған лифті жылына бірнеше мәрте істен шығады. Оның жаңғыртуға шамамен 9 миллион теңге қажет. Егер де кіреберісте 36 пәтер болса, онда әрбір баспана 250 мыңнан қосылу керек. Қыруар қаражатты тұрғындардың басым бөлігі көтере алмайды. Сондықтан апатты көтергішпен қатынауға мәжбүр. 

Лифт тұрғындардың жеке мүлкі болған соң мемлекет оны өз қаражатына жөндеуге құқылы емес. Дегенмен, жаңғырту бағдарламасы аясында несие бөлуге мүмкіндік бар. Бірақ, соңғы жылдары бұл бағдарлама тұралап қалған.

Дәулет Қалиасқаров, Петропавл қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына бюджеттен қаражат 2015 жылдан бері бөлінбей келеді. Жалпы, соңғы жылдары 34 үйдің лифттері ауыстырылды. Қазір тағы жетеуі кезекте тұр. Бірақ, қаражаттың қашан бөлінетіні белгісіз.

Қазір лифттер орташа жөндеудің арқасында жұмыс істеп тұр. Қаланың арнайы 3 кәсіпорны оларды бақылаумен айналысады. Шаһардағы жеделсатының басым бөлігіне жауап беретін Сергей Царев «жөндеудің де шегі бар», дейді. Кәсіпкер қаусаған металды қанша жамағанымен, оның бәрібір су жаңа болмайтынын айтады.

Сергей Царев, қызмет көрсету компаниясының басшысы:

Лифтіде мін табылса, біз оны бірден жоюға тырысамыз. Кеңес одағында жасалған лифтілер сапалы. Бірақ, лифтіні шығарған зауыт оны 25 жыл ғана қолдануға болады деді. Бұған мән берген дұрыс. Металл шаршаған. Сондықтан пәледен аулақ деп, барлығын ауыстырған жөн.

Тұрғындар тығырықтан шығар жол ретінде тек жаңғырту бағдарламасын ғана көріп отыр. Алайда шенеуніктер игі жобаны жалғастыруға асығар емес. Осының кесірінен бұқара жанын шүберекке түйіп, апатты лифттермен қатынай бермек. Айта кету керек, шаһар лифтерін жаппай ауыстыруға бір миллиардтан астам қаражат қажет.

А.ҚҰРМАНКИН