Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда құрылыс компаниясының директорына қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2019
  • 3745

Ақтауда бір пәтерді бірнеше адамға сатты деген күдікпен құрылыс компаниясының директорына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оның үстіне тұрғын үй кешенінің ешбір рұқсат қағаздарынсыз салынып жатқаны анықталды. Мұны облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы халық жаппай арызданғаннан кейін ғана білген. Алаяқтық жасады деп айыпталып отырған құрылысшы салымшыларға қанша қаржы қайтаруы керек? Тілшілеріміз анықтап көрді.  

Мына нөпір халық Ақтау қаласының әкімдігіне шағымдану үшін келді. Олар «Ниет Строй сервис» компаниясының директорының заңсыз әрекетін айыптап отыр. Барлығы өткен жылдың соңында құрылысы жүріп жатқан «Әлия» тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алған. Кейін бір пәтердің бірнеше адамға сатылғаны белгілі болған. Ұзын саны 60 адам алданып қалған. 

Әнуар ПАРИТОВ, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Біз пәтер сатып алу үшін жылдар бойы көп шығындалмай, ақша жинаған едік. Бастапқы жарнаға жетпей тұрған соманы несие алып жапқанбыз. Енді мынадай жағдай болып қалды. Құрылыс компаниясының директоры маған 4,5 млн теңге қайтаруы керек. Бірақ, қайтара ма? Соны уайымдаймыз. Ол бізден алған ақшаның бәрін туыстары мен басқа да бөтен адамдардың атына жазып отырған.

Салынып жатқан тұрғын үйде 160 пәтер бар екен. Бірақ, құрылыс компаниясы 220 пәтерді сатқан. Сонда 60 пәтердің бірнеше иесі болып тұр. Компания басшылығы олардың ақшасын алдағы екі айдың ішінде қайтарып береміз деп уәде етіпті. Олар бұл жағдай менеджердің қателігінен болған деп түсіндірді. Ал, қалалық әкімдіктегілердің сөзінше, құрылыс компаниясы бұл үйді тұрғызу үшін тіпті, рұқсат қағаздарын да алмаған.  

Темірбек АСАУОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: 

Бұл кісілер рұқсат хабарлама алу үшін ешқандай құжаттарын тапсырмаған. Екі кезеңде біз айыппұлдар салдырдық. Хабарламасыз құрылыс бастағаны үшін, жобалық-сметалық құжаттары болмағаннан кейін авторлық қадағалаусыз және техникалық қадағалаусыз құрылыс жұмыстарын жүргізгені үшін.

Алданған ақтаулықтар полицияға арыз жазды. Қазір құрылыс компаниясының директоры Сәнгүл Аманжолованың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Алаяқтық бабы бойынша тергеу жұмыстары басталыпты.  

Берік ҚҰЛМАҒАМБЕТ, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ: 

Қажетті құжаттар жиналып жатыр. Оның ішінде келісімшарттар мен есепшінің қағаздары да бар. Енді сот-бухгалтерлік сараптама жүргізіледі. Соған қарай тиісті шешім шығарылады. Сәнгүл Аманжолованың өзі тергеу әрекеттерінен қалыс қалған емес. Қарсылық танытпай, түсінік беріп жүр.

Жоспар бойынша салынып жатқан тұрғын үй осы жылдың алғашқы тоқсанында қолданысқа берілуі керек. Ал, құрылыс компаниясының басшысы оған дейін алданып қалған салымшыларға 1,5 млрд теңге қайтарып беруі тиіс. 

Д. Қайыртай