Русский Сайттың толық нұсқасы

1 топ мүгедегіне пәтер жоғары қабаттан берілмекші...

  • AstanaTV
  • 26 қаңтар 2019
  • 3277

Ипотекаға байланысты тағы бір мәселе. Заңгер-кеңесші деген мамандығы бар, қазір Қызылордадағы Қорқыт ата мемлекетік университеті журналистика факультетінің екінші курсында оқып жүрген бала кезден 1 топ мүгедегі Зәуре Үксенбаева біздің редакцияға хабарласты. Тоғыз жыл бұрын үй кезегіне 4449 -болып тіркелген. Осы уақытқа дейін ол кезек тек 49 адамға жылжыған соң «Нұрлы жер» бағдарламасымен ипотекаға пәтер алуға бел буған. Ұсынылған шарт бойынша есепшотына 560 мың теңге салып, 2017 жылдың соңғы күндерінде Арай мөлтек ауданындағы көп қабатты үйлердің бірінен бірінші қабаттан пәтер алады. Ал нотариусқа құжаттарын тіркеуге барғанда мүгедектерге басқа шарттар ұсынылғанын бір-ақ біледі. Олар аяқ-қолы сау адамдардан 3 миллион теңге артық төлейтін болып шыққан.   

Зәуре ҮКСЕНБАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бір подъезд, бір домда госслужбада жұмыс істейтін, КНБда жұмыс істейтін сау адамдарға 8 миллионға рәсімдеген. Ал мен сияқты 12 мүгедекке, бәріміз бір нотариуста қол қойдық қой, 11 миллион 232 мың. Сонда 3 миллион 232 мың біз артық төлейін деп отырмыз. Не үшін, воздухтан жасалып отыр ғой. 18 жылға 52 мыңнан шығып тұр. Алатыным қазір бірінші январьдан бастап 56 мың. Комуслугама жетпейді, проездыма жетпейді, тамағыма жетпейді. Тем более, мен оқитын адаммын. Ешкім әке-шешесінің беліне байланып жүрмейді. Мен өзім сау адам сияқты өмір сүргім келіп жүр, амалдардың бәрін жасап жүрмін.

Бақытгүл Қосаева да 1 топ мүгедегі. Мемлекеттен берілетін үйді күтумен бүкіл өмірім өтіп қалар деп, «Орда» бағдарламасы арқылы ипотекаға пәтер алуды отбасымен ақылдасып, шешіпті. Жыл басынан сол жағалаудағы жаңа үйлерден пәтерлер беріле бастады дегенде өзін ең бақытты адам сезінген Бақытгүл, артынша не істерін білмей қалды. Өйткені оған ұсынылғаны төртінші, бесінші қабаттағы пәтерлер. Шоттарыңыздағы ақшаға қарай солай рәсемделді, деген.

Бақыткүл ҚОСАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кем дегенде екі миллион ақша болу керек. В данный момент бізде тұрғаны 500 мың ғана. Ол кезде сол 500 мың мүгедек болсаңыздар, болады деп бізге айтылған болатын әу баста. Ол кезде нешінші этаждан берілетіні айтылған жоқ бізге. Күйеуім, мысалы, бір күн сүйрейді. Қашанғы ол сүйреп жүрмек, мысалы. Азаннан кешке дейін жұмысқа кетеді. Үйде қамалып, өмір бойы қамалып отырамын ғой, ол 4-5 этажға шыққаннан кейін. Енді білмеймін ол кісілердің қалай бізге ұсынып жатқаны, мазағы ма, әлде қорлығы ма?

Бақытгүлдың басын ауыртып отырған тағы бір мәселе бар. Осы ұсыныстан бас тартсаң, басқасына қатыса алмайсың деп ескертіліпті. Жолдасы әр жерге жалданып нәпәқасын, жалдап отырған сарайдың 30 мыңын тауып келеді. Мүгедек келіншектің 56 мың пенсиясы толығымен ипотеканы жабуға кетеді деп есептеген олар енді не істерін, кімге барып, шағынданатындарын білмейді. Ал есепшоттарына салған 500 мыңды Бақытгүлдің анасы кредитке алып берген екен...