Русский Сайттың толық нұсқасы

«Кешіріңіздерші!» Түркістандағы оқушылардың әлімжеттігі

  • AstanaTV
  • 26 қаңтар 2019
  • 4024

Түркістандағы Талғат Бигелдинов атындағы мектептің 9-сыныптағы үш оқушысына «әлімжеттік жасаған» қаладағы өзге үш мектептің оқушыларын тергеу басталған. Қалалық білім бөлімі тергеу амалдарынан соң жауаптыларға шара қолданатынын хабарлады. Журналистердің баяндауынша, жәбірленген баланың бірінің әжесі сол оқиға болған күні немересінің үсті балшық болып келгенін, бірақ бір ауыз сөз айтпағанын, не болғанын тараған видеодан бір-ақ білгендерін айтқан. «Медициналық тексеруден өткізіп, денесінде дақ жоқ деді. Дақ оның ішінде қалды ғой», деген әже. Ал «әлімжеттік көрсетті» деген күдікті оқушының бірінің анасы кешірім сұраған. «Баламның мұндай қылығын сезген емеспін, сабағы да, тәртібі де жақсы еді. Жауап бере алмаймын», деп өкіріп жылап жіберген.    

Ақын, публицист, журналист Жанарбек Әшімжан фейсбуктегі парақшасында былай депті:

"Осылай өстік" дегендер оттапты... Ол кезде бір-екі жас аралығы өз мәселесін жекпе-жекпен шешетін,ал жасы үлкендер дәл осындай айуандыққа бармайтын,мықтаса бір-екі түйіп жіберетін. Сосын қаның қайнап құм толы мөшекті төмпештеп,дайындықты бастап,1-2 жылдан соң сол адамды қайыра жекпе-жекке шақырып,солай мойындататын еді... Кешегі жағдайды көріп жаман күй кештім... ойлаңызшы,мәпелеп өсіріп отырған перзентіңнің адам сыйқы жоқ айуандар үстіне шығып секіріп жатса қандай күйде болар едіңіз?

Дегенмен жасы жиырмадан асқан жігіттердің кейбірі әлгі видеодағыдай көріністі көріп өскендерін айтады. Яғни адам жаны тітіркенетін сұмпайы құбылыстың басталғаны бүгін емес. «Ала дорба» заманында қараусыз қалған балалар өршітті ме екен, әлімжеттікті? Бірақ біздің уақытта да баласына қарамайтын, қараса да, «ешкімді аяма, ұр» деп отыратындар аз ба? Баласын айнаның алдына қойса, бірінші өзінің сұлбасы шығатынын ата-ана біле ме, осы?...

Айзада Төребекқызы жалғастырады.

Әлеуметтік желіде тараған бұл бейнежазба 18-қаңтар күні Түркістан қаласында түсірілген. Бір топ бозбала бірнеше жасөспірімді тепкілеп, ұрып - соғып, тіпті балағаттап жатыр. Кейбірінің қолында темекі, «тіліңе басамын» деп, қорқытып қояды.

Ақмарал БАТЫРБЕКОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Тергеу амалдарының қорытындысы шыққаннан кейін тиісті азаматтарға жалпы, осы оқиғаға жол берген және оның алдын алу барысында жұмыс істемеген қызметкерлерге тиісті шара көрілетінін мәлімдегім келеді.

Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. «Топ болып бұзақылық жасау» бабымен іс тергеуге алынған. Бізге белгілісі, жәбір көрген үш оқушының біреуінің ғана ата-анасы арызданыпты. Соққыға жығылып, зәбір көрген үш бала да бір мектептің оқушысы. Мектеп басшысының айтуынша, оларды үйірмеге барар жолдан алып кеткен...

Базарқұл МЫРЗАҚҰЛОВ, № 16 Т.БИГЕЛДИНОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл балалардың өзі тәртіпті балалар. Семьясы да жақсы. Олар үйірмеге бара жатқан, футболға қатысады үшеуі де, сол кетіп бара жатқан кезде алып кеткен ғой.

Интернетке тарап кеткен видеодан бұзақылық жасағандардың өз оқушысы екенін мұғалімдері бірден таныған. Директорлары былай дейді:

Дәулет ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, №18 Ж.ЕДІЛБАЕВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бекзат ауында үш мектеп орналасқанбыз. Үшеуінің де балалары өте ынтымақты. Төбемізден жай түскендей болып отырмыз.

Шынар ТІЛЕУБЕРГЕНОВА, № 31 АБАЙ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Оның ішінде 1 оқушы менікі. Бірақ ол оқушы мектептен мүлдем сабақтан қалмайтын, мектептегі арнайы ашылған «Адал ұрпақ» клубының мүшесі. Мен ол баладан ондай нәрсе шығады деп мүлде ойламаймын.

Тәрбиенің қай жерде ақсағанын ата-ана да түсінбей дал. Тіпті кірерге тесік таппағандай.

Бақыткүл ОҢҒАРБАЕВА, «ӘЛІМЖЕТТІК ЖАСАДЫ» ДЕГЕН КҮДІКТІНІҢ БІРІНІҢ АНАСЫ:

Бүкіл ата-анадан кешірім сұраймын. Мойындаймын баламның ұрғанын. Кешіріңіздерші мені, балам үшін...

Шымкенттік белгілі адвокат Дәурен Момбаев бұзақылық жасағандардың ата-аналары арқалауы мүмкін жаза туралы былай деді:

Дәурен МОМБАЕВ, АДВОКАТ:

Олардың ата-аналары да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Яғни ҚР ҚК 140 бабымен тартылып, кінәлі деп саналып, сотталуы мүмкін. Ол осы бап бойынша 120 АЕК пен айыппұл салынады немесе 30 күнге дейін арестке. Осы бейнежазбаны жазған адамдар да жауапкершілікке тартылады, ҚР ҚК 313 бабымен.

Айтып ауыз жиғанша бейсенбі күні әлеуметтік желіде тағы бір видео тарады. Тағы да сол мектеп оқушылары. Бұл жолы айдалада емес, әжетхана ішінде. Бірі ұрып құлатқанымен қоймай, екіншісі бүк түскен баланың үстіне шығып секіріп тұр. Ішкі істер министрлігі бұл бейне жазбаның Қызылорда қаласындағы мектептердің бірінде түсірілгенін мәлімдеді. Белгілі болғанындай, келеңсіздік былтыр 10 қаңтар күні түсірілген екен. Қазір бұл жайтқа да қатысты «топ болып бұзақылық жасау» бабымен іс тергеліп жатыр.

- Ремзавод лох деп айт! 2003 лох деп айт!

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ал мына жазбада үш жасөспірімді әлдекімдер тізерлетіп қойып, қорлауда. Сөздеріне қарағандар өз қатарластары. Көршілес мөлтек ауданнан секілді. Өкінішке орай, жеткіншектер арасында осындай келеңсіз әрекеттер көбейіп барады. Тіпті онысын бейне таспаға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратындарына не айтарсыз. Жалпы, бесіктен белі шықпағандардың қатарластарына қорлық көрсетуі, қатігездікпен күш қолданып, басынуына не себеп? Психологтардың пайымынша мұның бірнеше себебі бар.

Марина ТОЛЬЦМАН, ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕЛІ ДӘРІГЕР-ПСИХИАТР:

Басты себеп - үйдегі тәрбие. Бала көргенін істейді. Сондықтан балаға мейлінше көп назар аудару керек. Тарақанның аяғын жұлып жатқанын көріп мәз болып қарап тұра беруге болмайды. Оның қатігез болуына түрлі әлімжеттік немесе жауыздық көрсетілетін видеолардың да кері әсері бар. Кейбірі жасқаншақ болып қалса, енді бірі өзінен зор біреу шықпас үшін басынан сөз асырмауға тырысады. Осыдан келіп агресссивті бала шығады.

Түркістандағы оқушылар арасындағы әлімжеттік қоғамды бей-жай қалдырмады. Белсенділер аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыруды айтып отыр. Яғни жасөспірімдермен, бозбалалармен жұмысты күшейту қажет. Әйтпесе ұлына асқар таудай көрінуі тиіс әкелердің қолы тимейтін сияқты, әлде тәрбиесі басқа ма?.. Ал мұғалімдер...Олардың қағаз толтырудан, басқасынан қолы тимейді. Сөйтіп "ондай емес еді" деп өз шәкірттерін тани алмай жатыр. Дәлірегі, енді танып жатыр...

Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт»