«Күнделікті жүріп-тұруымның өзі қиындап кетті. Орнымнан тұра алмайтындай жағдайға келдім». 110 келіге дейін семіріп, зорға қалпына келген келіншектің айтқаны. Адамның ауырмауы тамақтануға да байланысты. Ал еліміз дұрыс тамақтанбағаннан болатын өлім бойынша әлемде алғашқы ондыққа кірді. Бұл зерттеу Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының тапсырысымен жүргізілген. Кезінде ет пен сіңірден ғана тұратын, сымдай тартылған балалар жүретін, серіппеше атылып. Қазір «бұлт» сияқты балаларды көрсек, таңғалмайтын болдық. Әрине, газдалған сусындар, қытырлақтар, бояғыштар, түрлі химиясы көп, тәттісі көп, аты ғана тағам қорек түрлері «бұлттарды қоюландырып» отыр. Тағы да сол әңгіме – тамақтану мәдениеті. Майға былғаған макаронның арзан және тойымды екені рас. Одан басқасына жетпейтін отбасылары бар екенін білеміз. Әңгіме түйенің қомында, аттың жалында жүрмегенімізді ұмытып, қимылымыз аз, сөзіміз ғана көп екенін ескермейтін, ет пен қамырды араластырып, миды «ботқаға» толтырған қалып туралы. Дұрыс тамақтанбағаннан қимылдан қалып, әзер дегенде қалпына келген келіншек, жалпы, дұрыс тамақтанбаудың салдарлары туралы Ақерке Бектас.
Бұл 35 жастағы Назгүл Мағжанның кезекті жаттығуы. Сенесіз бе, оның салмағы осыдан екі жыл бұрын 110 келі еді. Жүріп-тұруы қиындап, түрлі детке шалдыққан соң, тамақты талғап ішіп, спортты серік етуге көшкен. Сөйтіп ол 50 келі салмақ тастады.
Назгүл МАҒЖАН, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
110-115-ке бірақ шығып кетті. Қан қысымы өте жоғары болды. Күнделікті жүріп-тұрудың өзі қиындап кетті. Жұмыста отырған кезде орнымнан тұра алмайтындай жағдайға келдім. Күрделі мәселе болды. Бастағанда 110 келі еді, қазір 60 келі болдым. Бәріне жеткізгім келетіні бұл енді менің өмірлік ұстанатын принциптерім, бұл – күнделікті өмірім. Бұл қысқа мерзімді диета, программа емес!
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде 2 миллиардқа жуық адамның артық салмақтан арыла алмай жүргенін анықтады. Ал 250 миллион адам дұрыс тамақтанбаудан түрлі ауруға шалдыққан. Өлім-жітімнің 60 пайызы да зиянды тағам тұтынғаннан болады. Ұйымның жасаған рейтингінде Қазақстан ондыққа кірген. Яғни, ел тұрғындарын 100 мыңға шаққанда 306 адамның ажалы астан келеді екен.
Бақытжан БИМБЕТОВ, ГАСТРОЭНТЕРОЛОГ:
50 процент адам денсаулығы ішкен тағамға байланысты деп айтылады. Ал енді біз қандай тағам қабылдап жүрміз? Әр түрлі сапасыз тағамдардың белең алуы көбейіп жатыр қазіргі кезде. Әсіресе шетелден келетін тағамдар. Олар консервіленген, әртүрлі өңдеуден өткен, трансмай қышқылдары. Солардың көлемдері өте жоғары деңгейде болып жатады.
-Көкөніспен салыстырғанда ет қой. Етті бірінші очередь аламыз. Қазақпыз ғой енді, етсіз қалай тамақ ішеміз?
- Неше түрлі торттар пісіремін, бешбармақ, манты, лагман. Етсіз тамақ жасамаймыз.
- Шайға тәттілерді аламыз. Бірақ жиі емес. Қазір шоколадқа сенім жоқ қой.
- Берем печенье, конфеты. Постоянно конфеты берем.
- Это обычно молочные, хлеб, мясные продукты, полуфабрикаты.
Тұрғындар арасында жүргізген сауалнамаға қарап, жиі тұтынатын тағамдардың тізімін жасадық.
Халық көкөніс, жеміс-жидек, балыққа қарағанда ет, нан және ұннан жасалған тағамдарды, сүт өнімдері, тәттілер, картоп, майды көбірек сатып алады екен.
Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:
Мәселен, менің қолымдағы мына сіздер жиі тұтынып жүрген шұжық пен құрамында майлы қоспалары көп соустың ағзаға қаншалықты зияны екенін білесіз бе? Шұжықтың күн сайын жейтін 50 грамы денсаулыққа қауіптің әсерін 20 пайызға дейін арттырады. Ал мына қоспалар - кетчуп, майонез асқазан-ішек жолдарының қабынуына, панкреатит ауруына шалдықтырады.
Оның үстіне еліміздегі шұжық өнімдерін тексерген мамандар оның 143 түрінен шошқа ДНК-сын анықтады. Олардың құрамы тауардың қаптамасында көрсетілген қоспаларға мүлде сай болмай шыққан. Мәліметті Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі айтты. Азық-түлікке ай сайын мониторинг те жүргізіпті. Нәтижесінде импорттық тауарлардың 66 пайызы талапқа сәйкес келмеген. Ал отандық өндірушілер өнімінің 34% сапасыз.
Елжан БІРТАНОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Негізінен тапсырысты дұрыс орындамау деректері маркілеу ережесін бұзу бойынша - 69 пайыз, қауіпсіздік көрсеткішіне сәйкес келмейтіндер - 23,5 пайыз, сондай-ақ қаптамада көрсетілген сұраныс пен физика-химиялық көрсеткіштер - 7,2 пайыз. Мысалы, сүт өнімдерінің 99 сынамасында майлылық көрсеткіші өтірік көрсетілген және 143 шұжық сынамасынан шошқа ДНК-сы анықталды.
Диетологтар Қазақстанда халықтың небәрі 3 пайызы ғана дұрыс тамақтанады дейді. Демек 97 пайызы дұрыс тамақтанбайды деген сөз. Оған сапасыз тамақ түрлерінің көптігін қосыңыз. Семіздіктің себебі де осы емес пе?! Дәрігерлер де «артық салмақ - ауру» дейді. Байқасаңыз, ажалы аштықтан емес, артық салмақтан жеткендер қатары көбейді.
Бақытжан БИМБЕТОВ, ГАСТРОЭНТЕРОЛОГ:
Қазақтар ет тағамдарын жақсы көреміз. Оны қамырымен қосып, нанымен бірге жейміз, иә?! Атеросклероздың дамуы жүреді және гипертония аурулары. Оның салдары не? Оның салдары инсульт, жүректің инфарктісі және өлім-жітімдер.
Күнде өзіне де, өзгеге де «қалай арықтауға болады?» деп сұрақ қоятын қаншама адам бар. Бірақ мешкейлікті қоя алмайды. Мамандар тамақ жеу тәртібін енгізіп, салауатты өмірді серік етсеңіз, артық салмақ та жинамайсыз, денсаулыққа қауіп те болмайды дейді.
Андрей КРАВЧЕНКО, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:
Артық салмақтан арылғыңыз келсе, рационнан мүлде алып тастайтын тағам барына көніңіз! Тұзды тағамдарды аз жеңіз. Ол денедегі суды ыдыратпай, ұстап тұрады. Соңында артық салмақ пайда болады. Көбісі сапасыз тағамды тұтынады. Олардың құрамына мән бермейді. Калорияны күрт азайтатын қатаң диета да дұрыс емес. Ол салмақты тез төмендетуге көмектескенмен, артынша екі есе артық салмақ қосып алуыңыз мүмкін. Спорт залға келуге уақытыңыз немесе мүмкіндігіңіз болмаса, үйде де жаттығуға болады. Бәрі өз қолыңызда. Арықтау керек дей бергеннен арықтамайсыз, әрекет етіңіз.
Сапасыз тағам бір бөлек, күйзелісті тамақпен басып жүрген жоқсыз ба? Түркі халықтарына ортақ ойшыл Әлішер Науаи «саулық тілесең – көп жеме» дейді. Біздің уақытта жарасымсыз, толық балалар көбейіп, ол бір үлкен проблемаға айналып барады... Өзіңізден сұрап көріңізші - өмір сүру үшін тамақтанып жүрсіз бе, әлде тамақтану үшін өмір сүріп жүрсіз бе? Ең болмағанда балаңызды өсіру міндетін ұмытпаңыз. Ал немере сүю бақыттың шыңы деп жатады. Жеткен жақсы ғой.
Ақерке Бектас «Біздің уақыт»