Русский Сайттың толық нұсқасы

Енді салықтық қарызыңыз смс арқылы келіп отырады

  • AstanaTV
  • 28 қаңтар 2019
  • 2829

Хабарымызды салық саласындағы тың жаңалықтардан бастаймыз. Цифрландыру бұл салаға да әупірімдеп жеткен сияқты. Енді салықтық қарыз смс арқылы келіп отырады. Елде жыл соңына дейін салық берешегі туралы хабарлама тарату жүйесі іске қосылмақ. Биыл салық төлеушілердің бірыңғай "электронды әмияны" да жасалады. Ол қандай мүмкіндік береді Абай Сейфуллаұлы тарқатады. Ал ноу-хаудың атауынан жаңылған Қаржы министрі бүгін мәжілісте депутаттан ескерту естіді.   

Абай СЕЙФУЛЛА – ТІЛШІ: 

Отандық салық жүйесіндегі қазіргі негізгі проблема - ортақ мәліметтер базасының уақытында жаңартылмауы. Халық қарызының бар-жоқтығы туралы әлі күнге уақытында біле алмайды. Шетелге шығарда шекарада ол алдынан тосын сый боп шығып, жолдан қалады. Банкте несиеден қағылады. Мәселені шешу үшін 2015-2018 жылдар аралығында бюджеттен 34 млрд теңгеден артық ақша бөлінген. Нәтиже көрінбейді. Былтыр мемлекеттік органдардың салық мәліметтерінен 5 млн қате табылған.

Гүлжан ҚАРАҚҰСОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 

Сол себептен де біз барлық құзырлы органдардан салық төлеушілердің мәліметтер базасын тездетіп дұрыстауын талап етеміз. Соны мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратымен интеграциялау керек. Салықтың дұрыс төленіп жатқанын білу үшін.

Енді жыл соңына дейін азаматтарға бірыңғай электронды әмиян ашылмақ. Сонда салықты тек бір ғана реквизитке төлейсіз. Түскен сомма барлық салық бойынша автоматты түрде тарайды. Ал берешегіңіз болса уақытында смс-пен жіберіп отырамыз деді министр. Шетелге шығарда проблема болмас үшін аэпорттарға төлем терминалдары қойылған.  

Әлихан Смайылов, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: 

Автоматты түрде жүйенің өзі сіздің төлемдеріңізді үй үшін ба, жер үшін немесе көлік үшін төлеген салықтарыңызды дұрыс реквизиттерге жібереді.

«Электронды қалта» демекші, министр Алихан Смайлов баяндама барысында бастан-аяқ бұл сөзді «электронды кошелек» деп қолданып еді. Депутат Сауытбек Абдрахманов сынап тастады. 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 

Сіз баяндама барысында "кошелек" деген сөзді бірнеше рет қолдандыңыз. Бұл ауызекі тілге оңтайланып алғаныңыз ба, жоқ, бағдарлама шынында да солай бекітілген бе?

Халық қалаулысы Омархан Өксікбаев Қытай мен Қазақстан арасындағы контрабандалық сауда әлі азаймай тұрғанын айтты. Экспорт мен импорттағы құйтырқылық кесірінен бюджетке 200 млрд теңгеден қағылған.  

Әлихан Смайылов, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: 

Деректерді алатын болсақ 6,9 млрд доллар айырмашылық Қытайдың бізге деген экспортыпен және біздің импортымызбен. Оның ішінде 1 млрд доллар «Харгоспен» байланысты, декларациялауға жатпайтын.

Ал Қуаныш Сұлтанов қарызын кешіктірген үшін, баспанасын тартып алуды дұрыс емес дейді. Заң бойынша, жылжымайтын мүлікке қол салуға ешкімнің құқығы жоқ екенін алға тартады. 

Қуаныш СҰЛТАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: 

Әсіресе орташа, жағдайы төмен адамдарда өте жиі кездесетін нәрсе. Өте бай, ауқатты, ешкім есігінің алдына күзетсіз келе алмайтын олар ондай «представление» жазбайды. Оны сіздер жақсы білесіздер.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

Шекарадағылар шектен шығып, салықшылар қарашаны басынса, отандық шағын бизнестегі кәсіпкерлер кассалық аппаратынан күніне бір ғана түбіртек шығарып, табысын азайтып көрсетіп жүр. Салықтан солай қашатындар үшін смартфондағы арнайы бақылау машиналары орнатылып жатыр. Пилоттық жоба былтыр бюджетке қосымша 1 млрд теңге қаржы түсірген. Ал министрлік 2025 жылға дейін өз қызметтерінің 95 пайызын электронды форматқа көшіреміз деп отыр.

Абай СЕЙФУЛЛА.