Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскемендегі «Жас жоба» форумында жас кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды

  • AstanaTV
  • 28 қаңтар 2019
  • 2360

Өскемендегі «Жас жоба» форумында жас кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды. Жасы 14-29 аралығындағы жастарды қамтыған бұл ауқымды шара еліміздегі «Жастар жылының» басталуына арналыпты. Александра мен Алексей есімді кәсіпкерлер алма мен алмұрт, тіпті апельсинді қосып, ерекше асқабақ шырынын жасайды екен. Тыңнан жол тапқан жастар былтыр білім министрлігінде өз жобасын қорғап үлгерген. Осылайша стартаптарға берілер 1 миллион теңгені де жеңіп алған. Қазір өз өніміне лицензия да алыпты. 

Александра БУРМЫШЕВА, КӘСІПКЕР: 

Адамдарға біздің шырын ұнап жатыр, сұраныс көбейіп келеді. Болашақта өнімді шыны банкіге емес, тетра пак құтыға құйып, көлемін ұлғайтуды да жоспарлап отырмыз. Ал асқабақты өзіміз егіп, өзіміз өсіреміз. Бір жылда 8 гектар жерді игердік. Бәрі де табиғи өнім.

Сонымен қатар көрмеге қолөнер бұйымдары, гүл шоқтары мен жүкті әйелдерге арналған жастық секілді ерекше заттар да қойылды. «Жас жоба» форумын ұйымдастырушылар бұл жобалардың бірқатары сұранысқа ие болғанын айтады. Ал басты мақсат - жастарды кәсіпкерлікке баулып көмектесу, үйрету. Жалпы Шығыс Қазақстан облысында бизнеске бейімі бар жастарға менеджмент институттары қол ұшын беруге әзір. Бастама көтерген жас буынның идеяларын өңірдегі ірі кәсіпорындар мен қауымдастықтар қызығушылық танытып отыр. 

Равиль ЮНУСОВ, ШҚО ҚХА «ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» ШТАБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Бүгіннің өзінде 200-дей адам 200-ге тарта жобасын ұсынды. Олар болашақта осы ісін жалғастырып, ұнаған кәсібімен айналыса алады. Бұл жастарға үлкен серпін берері анық. Шығарған өнімі тұтынушыларға ұнаса, біздің жас кәсіпкерлер тек облыспен шектелмей, Қазақстан нарығына да шыға алады.

 Е.Карин