Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда бекіре балығын өсіретін зауытта бірде-бір балық қалмады

  • AstanaTV
  • 29 қаңтар 2019
  • 7463

Атыраудағы бекіре балығын өсіретін зауытта бірде-бір балық қалмады. Қазір зауыт 101 тоннадан аса бекіре өлексесін жағаға шығарып тастаған. Бағалы балықтарды көбейтіп, уылдырық шығарумен айналысатын «Луговой» жылқы зауытында да жағдай мәз емес. Онда 36 мың 296 дана бекіре өлексесі жатыр. Табиғи бассейндердегі мұз астында қалған балықты шығару жұмыстарына 1 айдан астам уақыт кеткен. Мына қоршауда биыл уылдырық беруі тиіс чип салынған 600 аналық балық бар еді. Түгел қырылып қалған. Кәсіпорынның болашағы да бұлыңғыр.  

Әміржан ШАУДАНОВ, «ЛУГОВОЙ ЖЫЛҚЫ ЗАУЫТЫ» ЖШС АТЫРАУ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Жұмыс тоқтай ма, жалғаса ма? Біздің жағдайды енді құрылтайшылар шешеді. Шаруашылығымызда 36 296 дана бекіре тұқымдас балық болған еді. Олардың барлығы өліп қалды. Балық жағада жатыр. Комиссия акттілеуде. Қазір жою мәселесі қарастырылуда. Жеуге келмейді.

Екінің бірінің қолы жетпейтін қызыл балықты қазір ит пен құс торуылдап жүр. Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Еске салайқ, желтоқсан айында Жайық өзенінде балықтардың жаппай қырылу дерегі байқалған болатын. Кейін бекіре өсіру зауыттарында да балықтардың өлгені белгілі болды. Аймақта ведомоствоаралық комиссия құрылды. Тексеріс әлі жалғасуда. Екі бірдей қылмыстық іс қозғалды. Мамандар су маржандарының уланып өлгенін хабарлағанымен, кінәлі тарапты әлі тапқан жоқ.  

Б. Нәдірқызы