Ақтауда тариф дауы. Тұрғындар жаңа жылдан бастап енгізілген сараланған тарифке қарсы. Жаңа ереже, нарыққа жаңа компаниямен қоса келген. Елде монополистер жаппай тексеріліп, тариф арзандайды дегенге тұрғындар сеніп қалса керек. Толығырақ, Әлішер Өмірзақтың материалы.
Я считаю, вот эти энергоснабжающие жизнедеятельностью города - вода, свет, перейти в государственное управление. Хватит. Какой рынок, когда не дай Бог что случится с Маэком или вот с такими живодерами.
Ақтаулықтар энергия тасымалдаушы компанияның өзгергенін осылай қабылдап жатыр. «Альянс Энерго Снаб Актау»-дың нарыққа келгенін тұрғындар желтоқсан айында естіген. Басында ешкім мән бермеген еді. Бір айдан соң жаңа компания дифференциалды тариф жайлы айта бастады.
Сюзанна ПИЛАЯН, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Елбасы жаңа жылдан бастап барлығының бағасын түсірсін деген. Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық қызметі тарифтерін де, электр энергиясы мен азық-түліктің бағасын да. Естуімізше бір жерлерде киловат құны 4,3 және жеті теңге шамасында. Ал, бізде 11 теңге. Кейін мыналар келіп бізге 70 киловаттқа дейін 17 теңге дейді. Әрі қарай не болмақ?!
Николай ГРЕБЕНЬКОВ, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Электр қуатын үнемдейтін арнайы шам, қозғалыс датчиктерін де қойдым. Бәрі бір айына 137 квт шығып отыр. Сұмдық. Бұлай болса, көрпе-көншіктерімізді айына бір рет қана жуамыз ба?
Энергиямен жабдықтаушы компанияның өз есебі бар. Айтуларынша, халықтың 70% - ы бірінші деңгей шегінен шықпайды, яғни, бір адам айына 70 киловаттан аса қолданбайды. Және дифференциалды тарифке өтуге ешкімді күштеп отырған жоқпыз дейді.
Абзал Төлемісов, «АЛЬЯНС ЭНЕРГО СНАБ-АҚТАУ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Егер, тұтынушы өзі ниет білдіріп, бізге келіп 1-деңгей нормасынан аспайтынын айтып өтініш жазса, біз оған дифференциалды тарифті қолданамыз. Олай істемеген жағдайда біз оларға базалық тарифті қолданатын боламыз.
Бұл өлшемге сәйкес 1 адам 70 киловатт қолданса, бірінші саты бойынша киловатына 16.58 теңге төлейді. Ал, қолданған киловатт 70 пен 150 арасында болса 21,14 теңге және соңғы саты бойынша 150 киловаттан көп тұтынса 26,43 теңге төлеуі тиіс.
Базалық тариф бойынша 1 киловат құны 17 теңге шамасында. 1-ші наурызға дейін «Альянс Энергоснаб-Ақтау» компаниясы бірінші саты бойынша төлем қабылдап жатыр.
Өркен БИСАҚАЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты электр энергиясын өндіреді. Оны Ақтау электр желілері басқармасы арқылы немесе Маңғыстау облыстық электр желілері компаниялары арқылы сыртқа шығарады. Қалғаны электрмен жабдықтаушы ұйым қолында. Олар мемлекет алдында, тұрғындар алдында, қадағалау органдары алдында барлық нәрселерге жауапты.
Шенеуніктер компания алдағы екі ай ішінде қатаң бақылауда болады деп сендірді. Ақтауда ел бойынша тоққа ең қымбат тариф. Ал, тұтыну нормасын - бір адамға 70 киловат жергілікті деп әкімдік бекіткен. Енді қала тұрғындарының қарсылығына ұшырап, қайта қараймыз деп отыр.
Ә. Өмірзақ