Тапсырмалар қалай орындалып жүр өзі? Президент 2017 жылдың соңында елді индустрияландыруға орай өтетін дәстүрлі телекөпір барысында «Алатау» технологиялық паркіне байланысты былай деген: «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында басты рөлді ғылым атқарады, яғни «Алатау» технопаркі мен «Назарбаев университеттің» міндеттері ауқымды... Бұл біздің «Силикон алабымыз... «Алатау» паркін құрып бастағанымызға көп болды, ауқымды ақша жұмсалды, бірақ нәтиже көрінбейді. Үкіметте біреу біле ме? Дамытамыз ба, жоқ әлде жабамыз ба?». Мұнан соң үкімет аталған технопаркті екіге бөлуді жоспарлаған. Былтыр министр Ж.Қасымбек мамыр айына дейін нормативтік құжаттарды аяқтайтындарын айтқан. Ақпараттық-коммуникациялық жобалармен айналысатын бөлігі Астана хабымен, ал индустриалды бөлігі еркін экономикалық аймағында Алматы әкімдігімен бірлесіп жұмыс істейді деген. Алайда «Алатау» еркін экономикалық аймағындағы кәсіпорындар әкімдікке әлі өтіп бітпеген. Сонда жұмыс істейтін Азаматтың жалақысы 160 мың теңге. Қаладан қатынайтын автобустар шағын, орын болмай қалатын кез аз емес. Сондықтан айлығының жартысы такси мен тамағына кетеді. Жас инженер әлеуметтік пакет дұрысталмай, инфрақұрылымды дамытпай, еңбек өнімділігі артпайтынын айтады. Солай екенін атқарушы билік те біледі. Біледі? Ришат Асқарбекұлының материалы.
Азамат ел экономикасының драйвері деп жарияланған ақпараттық технологияны дамытуға өз үлесін қосқысы келеді. Новосибирскідегі электрондық өнімдер зауытында еңбек тәжірибесінен өткен. Ресейдегі технологияның бет алысы бізбен салыстырғанда көш ілгері дейді. Қазір «Алатау» еркін экономикалық аймағындағы жеке зауыттардың бірінде жұмыс істейтін маманның жалақысы 160 мың теңге. Оның жартысы қаладан қатынағандықтан жолақысы мен тамағына кетеді. Жас инженер мамандардың әлеуметтік мәселесін шешіп, инфрақұрылымды дамытпай, еңбек өнімділігі артпайтынын айтады.
Азамат КЕСЕКБАЕВ, ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕР:
Отандық мамандарды ұстап тұру үшін әрине, жалақы жақсы болуы керек. Қаладан маршрут келеді, бірақ кішкентай автобустар. Сыймай қаламыз. Күнде такси ұстауға жағдай көтермейді. Егер мұнда спорт алаңдары, мектеп, балабаққша салынса, адамдар осында көшіп келер еді.
Күйі кеткен технопарк. Алматыдан 30 шақырым жерде жатқан Алатау» еркін экономикалық аймағында құрылысы бітпеген ғимараттар мен бос жер телімдері көп. Атшаптырым аумақ қараусыз жатқандықтан су, кәріз желісінің қақпақтары да тоналып кетіпті.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
«Алатау» ақпараттық технологиялар паркінде мынау сияқты қаңқасы ғана қалқиған немесе қаңырап тұрған ғимараттар жетерлік. Ал оны айнала салынған шамдар жанбайды, бірнеше шақырымға созылған асфальт жолдармен қатынап жатқан көліктерді көрмейсіз.
Ақпараттық технологиялар паркінде тіркелген кәсіпорындардың тең жартысы жұмыс істемейді. Осыдан екі ай бұрын «Алматы инвест» форумында инновациялық компаниялар қауымдастығының президенті Әмірет Қонысбаев бұл мәселені ашына айтқан еді. Ол инновациялық алаңда өнім шығарады делінген 158 компанияның жартысынан көбі маман тапшылығы мен қаржыландырудың немесе тапсырыстың жоқтығынан тоқтап тұр деп мәлімдеген.
Әмірет ҚОНЫСБАЕВ, ИННОВАЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
28.11.2018 ж.
Паркті әкімдік өз құзырына алып, басқарушы компания жұмысты жандандыруы тиіс. Сонда бақылау сонау Астанадан емес, осы жерден оңай жүргізіледі. Екіншіден, «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде жұмыс істемей тұрған нысандар көп. Мысалы, Қазақ-Британ техникалық университеті 30 гектар жерді алып құрылыс бастады да, жарты жолдан тоқтатып қойды. Сол сияқты компаниялар жетеді. Еркін экономикалық аймақта жүйелі жұмыс істелмеуінің себебі осы.
Экономиканы цифрландыруға байланысты Алматыда Еуразиялық одақ елдерінің премьер-министрлері бас қосқан.Қазақ үкіметі былтыр қараша айында құрылған «Astana Hub» технологиялық паркін бетке ұстап отыр. Бақытжан Сағынтаев біз бәсекелестіктен қорықпаймыз, керісінше, ол біздің қанатымызды қатайтады, дейді. Аталған орталыққа Еуразиялық одаққа мүше елдердің талантты жастарын жұмысқа шақырды. Арнайы виза, қаржы, гранттар мен венчурлық капиталдардан проблема болмайтынын айтты. Тіпті ЭКСПО аумағынан баспана деп қалды. Тек «миыңды» алып келсең болды, қалған жағдайды жасаймыз дейді, еліміздің премьер-министрі.
Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ:
Біз былтыр «Astana Hub» технологиялық орталығын аштық. Ерекше сын болды. Ол үшін ұйымдастыру жұмыстарынан бөлек, заңды да өзгерттік. Нәтиже бар деп айтуға болады. Өткен үш айда ондағы орындар толып кетті. Жұмыс істеуге үміткерлер көп.
Қазақстандағы IT компаниялары қауымдастығының төрағасы Нұрлан Исиннің есебінше еркін экономикалық аймақтардағы жұмысты ұйымдастыруда шикілік бар. Әлгі Алматы маңындағы ірі жобаның инфрақұрылымына миллиардтаған қаражат жұмсалғанымен, толыққанды іске қосуға менеджерлердің шамасы келмей жатыр.
Нұрлан ИСИН, ҚАЗАҚСТАН IT КОМПАНИЯЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазіргі жағдада СЭЗ ПИТ-ті бәрі ұмытқандай. Олүшін СЭЗ ПИТ дұрыстап салынған жоқ. Ғимараттар дұрыстап салынбады, жолдар да дұрыс салынбады, электр энергиясы жетпейтін болып шықты. Біздің үкімет «Астана Хаб» дегеннен басқаның бәрін ұмытқандай болды. Доход болмайды деп. Енді сол «Астана Хабтан» бірдеңе шықса жақсы. Жалпы тренд өзгерді, оған деген Үкіметтің назары да күшті боп тұр.
Қазір технопаркті «Автономдық кластерлік қор» деп аталатын мекеме Астанадан басқарады. Оның басқарушылар қатарында премьер-министр де бар. Бірақ жақыннан басқару оңай деп, Алматы әкімдігіне беру ұйғарылған. Әкімдіктің өкілі жергілікті атқарушы билік құзырына алу үшін заңға тиісті өзгерістер енгенін күтіп отырмыз дейді.
Мұхит ӘЗІРБАЕВ, «АЛМАТЫ» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Мәжілістің отырысында қарастырылды. Қазір қайтадан үкіметке қайтарды. Менің ақпаратым бойынша, ол қайтадан Мәжіліске түседі. Сол екінші талқылауды күтіп отырмыз.
Ақпараттық технологиялар алқабына жауапты басқарушы компания дерегіне қарасақ, осы күнге дейін инфрақұрылымға 20 млрд. теңге жұмсалған. Мұнда қазір 5153 адам жұмыс істейді. Биыл экономикалық аймақта 1 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Технопарктің құрамында 153 компания жұмыс істеп жатыр. Бірақ олардың көбі еркін экономикалық аймақтың сыртында орналасқан. Технологиялық парк мүшелерінің қаржы айналымы 2018 жылы 51 млрд. теңгеге жеткен.
Мамед ҚАЛДЫБАЕВ, «АЛАТАУ» ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ПАРКІ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Еркін экономикалық аймақта бітпей тұрған нысандар бар. Олар қаржылық қиындықтарға орай құрылысты жалғастыра алмай отыр. Соның бірі халықаралық санаттағы мамандар дайындау колледжі. Қазір бұл жобаны қалалық әкімдік алды. Ол жерде жатақханасы, оқу корпусы мен барлық жағдайы жасалған оқу орны бой көтереді.
Елбасы «Алатау» технопаркін жіті назарда ұстап, әр келген сапарында экономиканы жандандыратын күш осындай орталықтарда деп, технопаркті дамытуды тапсырып кетеді. 2017 жылдың мәселені түбегейлі шешуді айтқан. Ел экономикасының 30 пайызы ақпараттық технологияларға тәуелді екенін тағы ескерткен еді. Бірақ технопарк өздеріңіз көргендей әлі күнге аузы көкке ілінбеген «көтерем малдың» күйін кешіп отыр. Астана хабты расымен мықты орталыққа айналдырса, қуанамыз ғой. Тек кезінде Алатау паркін қатырамыз дегендері еске түседі.
Ришат Асқарбекұлы "Біздің уақыт"