Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжардағы төтенше жағдайлар қызметінің офицері өрт сөндірушілер киетін қалпақтардың коллекциясын құрған

  • AstanaTV
  • 04 ақпан 2019
  • 2686

Қызылжардағы төтенше жағдайлар қызметінің офицері өрт сөндірушілер киетін қалпақтардың коллекциясын жинап жүр. Болатжан Асқарбеков бұған 10 жылдан бері ден қойған. Қазір 25 арнайы бас киімі бар. Барлығы өрт сөндірушілерге тиесілі. Арасында шетелдкі де бар. Ал, ең көнесі 130 жыл бұрын қолданылған деп отыр. Айрықша қалпақтар жинағы жөнінде аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.  

Төтенше жағдайлар қызметінің подполковнигі Болатжан Асқарбеков еңбек жолын тіс дәрігерлігінен бастаған. Тоқырау заманында жұмыссыз қалып, өрт сөндірушіге айналады.Тәжірибелі құтқарушы: «Бас киім коллекциясын жинау ойда болмаған»,-дейді. Қоймада шаң басып қалған ескі қалпақты байқап, осындай ерекше бас киімдерді жинауды сүйікті ісіне айналдырыпты.  

Болатжан АСҚАРБЕКОВ, СҚО ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Бұл касканы Кеңес Одағының өрт сөндірушілері 1936-1946 жылдар аралығында киген. Оны алғаш көргенде тот басып, әбден ескіріп қалғаны байқалды. Тазалап, бояп, міне қалпына келтіріп қойдым. Жыл сайын коллекцияға екі үш қалпақтан қосып отыруға тырысамын.

Қазір өрт сөндірушінің жеке коллекциясында біріне бірі ұқсамайтын 25 түрлі каска бар. Қалпақтардың дені Ресей, Үнді, Чех, Беларус, Въетнам және Англиядан. Көбін туған-туысқандары мен жора-жолдастары сыйға тартыпты. «Ал, кейбірін арнайы тапсырыспен сатып аламын»-, дейді коллекционер.  

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Мына неміс өрт сөндірушілерінің қалпағы коллекцияның қаймағы болып саналады. Бұл дулыға сонау 19-ғасырдың аяғында қолданылған екен. Қазіргі қалпақтар пластик және металлдан жасалса, ол кезде құтқарушылардың бас киімі таза бұқаның терісінен тігілетін. Көне дулығаны иемдену үшін Болатжан Асқарбеков қырауар қаржы төккенін айтады.

Болатжан АСҚАРБЕКОВ, СҚО ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Мына касканы Германияның өрт сөндірушілері 1890-жылы пайдаланған. Міне көрдіңіздер ме, үстінен өтетін темір айдар сол кездің өзінде болған. Бұның арқасында құтқарушының басына бірдеңе құлаған кезде ол жарақаттанбайды. Бұл технология қалпақты жасау ісінде әлі күнге дейін қолданылып келеді.

Жуырда Болатжан Асқарбеков өрт сөндіру саласына жататын түрлі заттардың қорын қалыптастыруды қолға алды. Бірақ, медаль, кәдесыйлар, мен шеврондар саны көбейген соң, қазір шкаф сөрелеріне сыймай бара жатыр деп отыр. Сондықтан тәжірибелі құтқарушы жақын арада кішігірім мұражай ашуды көздеп отыр. 

А.Құрманкин