Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодар өңірінде 40 шаруа қожалығының астығы сақталатын Қалқаман элеваторы жұмысын тоқтатуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 04 ақпан 2019
  • 2966

Павлодар өңірінде 40 шаруа қожалығының астығы сақталатын Қалқаман элеваторы жұмысын тоқтатуы мүмкін. Өйткені, элеватор тұрған жер бөтеннің иелігінде болып шықты. Сот телімді иесінде қалдыру туралы шешім қабылдаған. Ал, екі оттың ортасында қалған шаруалар істің қайта қаралуын сұрап отыр. Әсемгүл Мұхитқызы тарқатады.  

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Қалқаман элеваторында бүгінгі таңда 14 мың тонна бидай, 2 мың тонна күнбағыс жатыр. Шаруалардың сөзінше, элеватор жұмысын тоқтатар болса, 40 шаруа қожалықтың күзгі жиын-терімі түгел күйіп кетеді.

«Кәусар» шаруа қожалығының бұл элеваторда 500 тонна бидайы жатыр. Ертістік фермер өнімін кептіріп, енді сатпақшы. Алайда, жер теліміне байланысты басталған дау жұмысты тоқтатты.

Кайрат ҚҰСАЙЫНОВ, «КӘУСАР» ШҚ БАСШЫСЫ:

Қамбаға салынған бұл өнім 2019 жылдың шығындарын жабады деп жоспарланған еді. Яғни, тұқым сатып алу, жұмысшылардың еңбекақысын төлеу сынды мәселелер. Егер, түйткіл шешілмесе, алдағы жылдың жағдайы қиындайды. Көктемгі егіс жұмыстары мен астық науқанында қиындықтар болады.

Қалқаман элеваторы осыдан екі жыл бұрын «Ертіс Агро» кооперативінің меншігіне өткен. Кешеннің техникалық базасы жаңартылып, бидай кептіру ісі бір жолға қойылыпты. Алайда, былтыр жыл соңында нан-қабылдау кәсіпорнының теміржол аумағындағы жер теліміне жаңа қожайын пайда болды. «Көлік сервисі орталығы» АҚ сотқа жүгініп, шағымы қанағаттандырылған.

Ерлан ТОҚТҰШАҚОВ, «ЕРТІС АГРО» АӨК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Мәселе шешілмесе, элеватор жұмысы мүлдем тоқтап қалуы мүмкін. Бұл түсінікті жағдай ғой. Қазір элеваторда 50-ге жуық отбасы жұмыс істейді. Олар бірден нан тауып отырған жұмысынан айрылады. Сондай-ақ, біздің бір жыл бойы жасаған жұмысымыз бен салған ақшамыз босқа кетеді.

Шешім өзгермесе, «Ертіс Агро» кооперативі лицензиясынан айрылады. Ал, бұл 40 шаруа қожалығының жұмысына кері әсерін тигізері анық. Бұған ауыл шаруашылығы басқармасындағылар да алаңдап отыр. Шенділердің сөзінше, теміржол аумағы монополистің қолына өтсе, тиелім бағасы мен астықтың құны қымбаттамақ.

Сәбит ҚАРАТАЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ ТҰҚЫМ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл кешен бірнеше рет сатылды. Әрдайым кешендік жиынтықта сатылып келді. Өйткені, «бидай туралы» заңға сәйкес кез келген нан-қабылдаушы кәсіпорынның меншігі бірыңғай меншіктен шығарылады. Бұл меніңше, «Бидай туралы» заңның 37 бабы.

Тығырықтан шығар жол біреу ғана. Жерінен айырылған «Ертіс Агро» кооперативі енді сотқа апелляциялық шағым түсірмек.

Ә. Мұхитқызы