Русский Сайттың толық нұсқасы

Бергей Рысқалиевтің қарындасына тиесілі Ақтөбегі қонақ үй мемлекет меншігіне берілмейтін болды

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2017
  • 3130

2013 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген Бергей Рысқалиевтің қарындасына тиесілі Ақтөбегі қонақ үй сот шешімімен мемлекет меншігіне берілмейтін болды. Одан тек Гүлжанар Рысқалиева өз еркімен бас тартуы керек. Өткен жылы пайдаланусыз, күзетсіз тұрған бұл ғимаратты қала әкімдігі жанындағы комиссия иесіз деп таныған. Оның үстіне 4 жыл бұрын Бергей Рысқалиевке қатысты қылмыстық істі тергеу барысында аталған ғимаратқа бұғат қойылған екен. Яғни оны пайдалануға ешкімнің құқығы жоқ. Қалалық әділет департаментінің мәліметінше, ғимаратты Рысқалиева 2018 жылы сыйлық ретінде алыпты. Қалалық қаржы бөлімі қонақ үйді мемлекетке өткізуді сұрап, сотқа шағымданған.

Серік  Нәби, қалалық қаржы бөлімінің басшысы:

Аталған ғимаратты иесіз мүлік ретінде танып, есепке қою бойынша тиісті шағым болған. Соның негізінде, алқалы түрде басына шығып, қарап, комиссия мүшелерімен, соның негізінде әділет орындарына иесіз мүлік ретінде есепке қойылған болатын. Ағымдағы жылы әділет орындарынан тиісті анықтама алғаннан кейін қалалық сотқа жүгінген болатынбыз.

Сот Рысқалиеваны меншік иесінің құқығын бұзу дерегі бойынша сотқа шақырған. Дегенмен Рысқалиеваға да 2013 жылдан бері халықаралық іздеу жарияланған. Ал  қалалық қаржы бөлімінің ғимаратты жекеден мемлекет меншігіне қайтару керек деген талабы орындалмады. Дегенмен әкімдік өкілдері әлі де болса меншік мәселесіне қатысты заңгерлермен ақылдасамыз дейді. Әзірге қонақ үй иесі меншігінен өз еркімен бас тартқан жағдайда ғана оның мемлекетке берілетіндігі белгілі болып отыр.

Анар Айтжанова, облыстық соттың баспасөз қызметкері:

Соттың шешімімен 12-ші шағын аудандағы ғимаратты тану туралы Ақтөбе қаржы департаментінің талаптарын қанағаттандырудан бас тартты, иесіз мүлік және коммуналдық меншікке берілмеді.

Жақсыбек Кемал