Русский Сайттың толық нұсқасы

Кәрістер мен жапондар Дональд Трамптың сапарына қарсылық акциясын ұйымдастырды

  • AstanaTV
  • 06 қараша 2017
  • 2935

Ал АҚШ президентінің Азияға сапары наразылық тудырды. Оңтүстік Корея астанасында 5 мыңдай адам қарсылық акциясын ұйымдастырды. Олар Америка президенті Дональд Трамптың сапарына қарсы. Осыған ұқсас жағдай Трамптың Азиялық турнесі басталған Жапонияда да болды. Олар АҚШ-тың корейлерге қатысты жүргізіп жатқан саясатына қарсы.

Бірақ халықтың наразылығы Дональд Трампқа кедергі бола алмады. Ол Жапонияның әскери базасын аралап, император Акихитомен кездесті. Экономика, сауда бағыттарымен қатар, күн тәртібіндегі мәселе - Солтүстік Корея. Бұл сұрақты үлкен мәселе деп атап, шешу жолдарын қарастыру үшін Азия - Тынық мұхит аймағы экономикалық ынтымақтастығы ұйымының саммитінде Ресей басшысы Путинмен кездесу ниеті барын жасырмады. "Ким Чен Ынның өзімен де келіссөздер жүргізу артық болмас еді", - деп атап өтті Ақ үй басшысы.

Ал екі одақтастың кездесуі сәтті өтті. Вашингтон мен Токио Солтүстік Кореядан төнген қатерге біріге жауап беруге келісті. Яғни бұдан былай Жапония өз аумағында ұшқан корей зымырандарын атып түсіруге уағдаласты. Ол үшін Американың қару-жарағын көптеп сатып алмақ.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Премьер-министр Абэнің бізден қару-жарақ сатып аламыз деген шешімі өте орынды. Біздің қаруымыз - әлемдегі ең үздік қару. АҚШ-тан жаңа қару сатып алған соң, зымырандарды атып түсіре аласыздар.

Синдзо Абэ, Жапония премьер-министрі:

Солтүстік Кореяға қатысты президент Трамптың ұстанымын қолдаймыз. Біз өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін қорғанысымызды сапалы қылуымыз керек. Сондықтан қару-жарақты АҚШ-тан көбірек сатып алуға ниеттіміз.

Айгүл ӘДЕПБАЙ