Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс депутаттары «Нұр Отанның» аймақтардағы филиалдарының кезектен тыс конференцияларына қатысты

  • AstanaTV
  • 06 ақпан 2019
  • 2973

Жамбыл облысындағы мұнай өңдеу зауыты тұралап қалды. Кәсіпорын шикізатқа зәру. Бұл туралы мәжіліс депутаттарының өңірге сапары барысында белгілі болды. Парламент өкілдері «Нұр Отан» партиясының облыстардағы филиалдарында өтіп жатқан конференцияларына қатысты. Онда көтерілген мәселелер келесі бейнематериалда.  

Бүгін Қызылжардағы нұротандықтар партияның кезектен тыс 32 конференциясына жиналды. Олар 20 жылда саяси ұйымның атқарған жұмыстарын пысықтап, 2030 жылға дейінгі жоспарын айқындады.   

Ирина АРОНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Партия өзінің бірегей жобаларының арқасында тұрғындардың және әлеуметтік топтардың мүддесін қолдап жүр. Тек 2018 жылдың өзінде жиырмадан астам жаңа жоба іске қосылған. Бұл жобалар барлық әлеуметтік топтарды қамтиды.

Ал, Ақтөбеде өткен осындай кезектен тыс жиында партия белсенділері жастарды баспанамен қамту ісін қолға алуды қалайтындарын жеткізді. Жобаның талабына сай, бір бөлмелі пәтердің бастапқы жарнасы 350 мың теңгенің шамасында болмақ. «Ал, ай сайынғы төлем 35 мыңнан аспайды»-, дейді партиялықтар. Қазір өңірде баспана кезегінде тұрғандардың арасында жастардың үлесі 28 мыңнан асады. Жиынға қатысқан мәжілісмендер партиялықтардың бұл жоспарын өзара талқылайтындарын мәлімдеді. 

Әлия САПАРОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Әртүрлі мәселе бұл тұрғын үй мәселесі, әлеуметтік салаға да байланысты. Оның барлығын біз қабылдап жатырмыз. Ертең оны үлкен сараптаудан өткіземіз. Өйткені, ол бір аймақ ал басқа аймақта бұл мәселе басқаша болуы мүмкін. Сол себепті сол ақпаратты жинаймыз. Сонан кейін басқа өңірден келген әріптестермен бас қосып отырып, бір шешімге келетін боламыз.

«Нұр Отан» партиясының Жамбыл облысындағы Жуалы аудандық филиалында өткен басқосуда тарифтерді төмендету, ауыз су мәселелері қозғалды. Кездесу аясында екі аптадан бері тоқтап тұрған өңірдегі мұнай өңдеу зауыты да сөз болды. Серіктестікте шикізат тапшы. «Компания өздері өндіруге қажетті қара алтын қорын алу үшін мемлекет квотасына зәру»,- деді жергілікті билік өкілдері. 

Сапар АХМЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «НҰР ОТАН» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

2 жұма мұнай өңдеу зауыты тоқтап тұр. Шикізат жоқ. Сондықтан Үкімет осы мәселеге көзқарасын өзгерту керек. Біз бұл мәселені Парламентте де көтереміз. Мұнай өңдеу зауыты қаражатсыз, ақшасыз, мұнай сұрап отырған жоқ. Олар ақшамызды төлейміз, бізге квота керек сатып алуға деп отыр. Және ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі. Кейбір ауылдарда әлі де ауыз су жоқ.

Айта кетейік, Парламент депутаттары, ақпанның 1-нен бері өңірлерде аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып жүр. Елді-мекендердегі маңызды нысандардың жұмыс сапасы қадалап жатыр. Жергілікті тұрғындардан түскен ұсыныс-тілектерді депутаттық сауал ретінде Үкіметке жолдамақ.    

А.Құрманкин