Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда белсенділер "жеке тұрағы жоқтардың көлік сатып алуына тиым салу керек" деп бастама көтерді

  • AstanaTV
  • 27 желтоқсан 2017
  • 3457

Алматылық бір топ белсенді "жеке тұрағы жоқтардың көлік сатып алуына тиым салу керек" деп бастама көтерді.  Олар, мегаполистегі көлік санының шамадан тыс артуы ауаны ластап отыр, дейді. Егер әр жүргізушіге жеке көлік тұрағын сатып алуды міндеттесек және тұрағы жоқтардың көлік алуына тиым салынса, экология дұрысталар еді деген пікірде. Бұл ұсынысқа қала тұрғындарының көзқарасы қалай? Сарапшы не дейді? Тараптар пікіріне Олжас Нұржақып құлақ асты.

Көлік тізгініне жиі отыратын Раушан Бостанова уақытының көп бөлігін қалада өткізеді. Жұмыс бабы солай. Ал, темір тұлпарын тоқтаған маңдағы аулаға қоюды әдетке айналдырған. Айтуынша, бұл,  біріншіден, тегін, екіншіден, ешкімнің сатып алған жекеменшік орны емес.

Раушан Бостанова, Алматы облысының тұрғыны:

Кез-келген жерде бос орын табылса, көлігімді қоямын. Темір тұлпарсыз жұмыстарыңды бітіру мүмкін емес. Таңнан тұрып бала-шағаңды оқуына апарасың, одан әрі жұмысыңа барасың. Кеш қарая қайта сол бағытпен кері қайтасың. Осындайда, көлігіңді ақылы тұраққа тастамайсың ғой. Тұрғын үй ауласына, бос тұрақтарға, кейде тіпті көше жиегіне де тоқтайтын сәттер болады.

Осындай жәйттерге назар аударған ақпараттық порталдардың бірінде қызмет істейтін бір топ азамат жеке көлігі бар тұрғындар тұрақ сатып алу керек деген бастама көтеріп отыр. Ал жеке тұрағың жоқ болса, онда темір тұлпар тізгіндеуге тиым салынуы керек, сонда, көлік саны азайып, экология дұрысталар еді деген пікірде.

Анна Қайназарова, ұсыныс авторларының бірі:

Мұндай ұсынысты жасағанда Жапония секілді дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйендік. Шағын ел болса да, халқы көп. Сондықтан олар экология тазалығын транспорт сатып алуға тиым салумен шешіп отыр. Ал, біздің шаһар күн санап ластанып барады. 80 пайыз көк түтін дәл осы автокөліктерден бөлінеді. Сондықтан қала тазалығын сақтауда біздің жоба жемісін береріне сенімдімін.

Аннаның пікірінше, қала тұрғындарына көп қабатты тұрғын үй аулаларында жеке тұрақ сатылса, одан ұтарымыз көп. Сырттан кіретін көліктерге экологиялық лицензия сынды құжаттама толтырылса, нәтиже болар еді, дейді. Бұл ұсынысты халық қалай қабылдады?

Дұрыс емес қой. Негізі барлығымызға тең болу керек. Негізі парковка тегін болу керек, менің ойымша, өйткені машина қоятын орын болу керек. Машина қою стоянкасының өзі қиын болып тұр. Жолдың жағасына қойғанның өзінде штраф салып жатыр. Қазір стоянкаң болмаса, қиын сияқты машина сатып алу.

Сарапшы Геннадий Баклайкин бұл ұсыныспен келіспейді. Өйткені бастама азаматтардың конституциялық құқығын бұзады деген пікірде.

Геннадий Баклайкин, «Көлік қозғалысындағы қауіпсіздік» ҚҚ президенті:

Бізде қаншама тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Барлығында тұрақ бар деп айта алмаймын. Оның үстіне оны сатып алу ойға сыймайды. Тұрақ мәселесін шешу үшін, шет мемлекеттердегідей көп ярусты жер асты тұрақтарын салу қажет. Ал «жеке тұрағың жоқ па, көлік сатып алуға тиым салынады» деген ұранмен ешқандай мәселе шешілмейді.

Олжас Нұржақып, тілші:

Ішкі істер департаментінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде Алматы қаласында 500-ден аса көлік тіркелген. Ал, күнделікті кіріп шығатыны шамамен 250-300 транспортты құрайды. Анна Қайназарова: "Ұсыныс қолдау тапса, біріншіден, ауа тазарады, кептеліс жайы шешіледі, екіншіден, жергілікті бюджетке қомақты қаражат түсірер еді",- дейді. Бірақ халықтың пікірін екіге жарған жария әзірге тек сөз ғана.

Олжас НҰРЖАҚЫП