Русский Сайттың толық нұсқасы

Қырағы клокстер. Бірнәрсе ойлап тауып жатқан жастар аз емес...

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2019
  • 3229

Алматы әкімдігі кісі көп жиналатын жерлерге адамның бет-әлпетінен кім екенін дөп басатын 1000 камера орнатпақ. Тенгриньюс порталының хабарлауынша, қалалық бюджеттен 8,6 млрд теңге бөлінген. Ондай функциясы бар бейнекамералар орнатуға жақын арада байқау жарияланады екен. Ал Астана Хаб резиденті Ержан ондай камераны өзі құрастырып шығарған...«Илон Масктар 90 миллион долларға Марсқа ракета ұшырайын деп отырған заманда аталарымыздың «тігідік-тігідігі», советтердің «атамын-жоямыны» өтпейді» деп аяқтаған екен, былтыр бір мақаласын белгілі саясаттанушы. Мәселе «осы жер көктесін» дегендердің, Ержан сияқты білімді, елгезек жастардың аптығы басылып қалмағанында. Әлішер Өмірзақтың материалы. 

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ: 

Бұл құрылғының өзіндік ерекшелігі көп. Шетелдік аналогтарынан 10 есе арзан тұрады. Ал түріңізді сканерлеп, есікті ашу үшін оған 3 метрдің өзі жеткілікті. Жаз айларында көзілдірігіңізді шешудің де қажеті жоқ.

1 секунд – сіз жайлы толық ақпарат арнайы базадан табылады. Сіздің жұмыс орныңызға нешеде кіріп, нешеде шыққаныңыз да сақталып отырады. Бөгде адамдардың бұл құрылғыны алдап өтуі мүмкін емес. «Клокстердің» өзіндік жоғары интеллектісі бар.  

Ержан РЫСҚАЛИЕВ, ЖОБА АВТОРЛАРЫНЫҢ БІРІ, КӘСІПКЕР: 

Идеяны жүзеге асыру үшін 3 жылдай еңбек еттік. Нәтижесі қуантарлық. Қазір смарт-сервисті еліміздегі 160-тан астам кәсіпорын қолданып отыр.Көбіне жеке кәсіпорындар. Дәмхана, мейрамхана секілді. Құрылғы бөтен біреуді, яғни жүйеге бет пішіні енгізілмеген адамдарды ғимаратқа кіргізбейді. Ал кәсіпорын жұмысшыларының келген уақытын тіркеп отырады. Мобильді қосымша арқылы оны бастықтары кез-келген уақытта тексере алады.Ал мемлекеттік мекемелерден Астана қаласының әкімдігіне және ІІМ-не тесттік режимде орнаттық. Алдағы уақытта құрылғының санын көбейтіп, әлемдік нарыққа шығуды көздеп отырмыз.

Қазірдің өзінде жобаға қызығушылық танытып жатқан өзге мемлекеттер көп. Мәселен, сингапурлық инвесторлар жобаны дамытуға 135 млн теңге құйса, филипиндіктер алғашқы партиясына тапсырыс беріп үлгерген.  

Әділет НҰРҒОЖИН, «ASTANA HUB» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ IT-СТАРТАПТАР ТЕХНОПАРКІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: 

«Клокстер» жақсы сұранысқа ие жобалардың бірі. Себебі оның пайдасы қазіргі қоғамда өзекті. Мәселен мемлекеттік ғимаратқа ресми тұлғамен кездесуге барғанда сізден ешкім құжат көрсетуіңізді, журнал толтыруыңызды сұрамайды. Бет пішініңізді сканерлеп, база арқылы кім екеніңізді өзі-ақ анықтайды. Бұл қауіпсіздік қызметін қамтамасыз етушілер үшін де қолайлы.

Бұған дейін кейбір жерлерде саусақ іздерін сканерлеу қолданылатын. Бірақ бет пішінін сканерлеу одан әлде-қайда оңай, әрі қауіпсыз. Сіздікіндей саусақ ізі 50 мың адамның бірінде кездесуі мүмкін болса, ал бірдей бет пішін миллион адамның біреуінде ғана кездеседі. Сондықтан да «Клокстерді» Астана қаласының әкімдігі тестілеуден өткізіп жатыр. Ал жоба авторалары елімізде "Клокстерге" сұраныс көбейсе, мектеп, ауруханаларға да қоямыз деп отыр. 

Эльвира ЖҮРГЕНБАЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Бұл, ең бірінші, қауіпсіздік. Өйткені бет-әлпетімізді, көзіміздің қарашығын көшіріп алу мүмкін емес. Екіншіден бұл уақыт үнемдейді. Карточканы алып немесе қол қойып, кіріп шығуды жазып отыру уақыт алады.

Көршілес жатқан Татарстанның Альметьевск қаласы осындай жүйемен адамдар көп жүретін жерлерде арнайы камераларды қолданып көрді. Іздеуде жүргендерді байқаған камера оларды арнайы базаға жіберген. Нәтижесінде 6 қылмыскер ұсталды. Ұсталмай жүре берсе, олардың қолынан біреу қаза табар ма еді? Ал күні кеше Алматы қаласының әкімдігі де адам көп жүретін жерлерге осы іспеттес камераларды қоюды ұйғарды. Оған 9 млрдқа жуық теңге бөлініп отыр. Әлі сатып алынбады. Бізде шетелдікіне құмарлық бар. Әрине, негізсіз де емес шығар. Дегенмен Ержан секілді жігіттердің жобасына инвестиция құйсақ, өзіміздің елде жасалған, 10 есе арзан тұратын құрылғыны қолдансақ, ең болмағанда салыстырып, қарап көрсе - басқасын былай қойғанда, жастар жылының бекер жарияланбағанын дәлелдер еді.  

Әлішер Өмірзақ, Самат Орынбай "Біздің уақыт"