Русский Сайттың толық нұсқасы

Шахмат тақтасы – өмір тақтасы!

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2019
  • 6745

Қазақстан Халықаралық шахмат федерациясының президенті өткізетін кеңестің отырысына және командалық әлем чемпионаттарына қатысады, деп хабарлады Халықаралық шахмат федерациясының баспасөз қызметі. Командалық чемпионат пен федерация президентінің кеңесі алдағы наурыздың алғашқы жартысында Астанада өтеді. 

Шахматшы болсақ, құқығымызды қорғап, талабымызды өткізе аламыз, бәлкім?! Шахмат ойнағанда мидың екі – оң жарты шары да, сол жарты шары да жұмыс істейді. Бұл шахматтың ең басты пайдасы. Логикалық та, абстрактілі де ойлау жүйесі артады. Ал балаларға тіпті пайдалы. Ерте бастан интеллектісі жоғары тұлға ретінде өсуге септеседі. Тас түйін отыруға, есте сақтау қабілетін арттыруға, сабырлы, жігерлі болуға, жеңіске ұмтылуға жетелейді. Жеңілістің өзі қадамыңды талдап, тәжірибе жинауға итермелейді. Қаңтардың соңында ХШФ/ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович Алматыдағы Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясына барған-ды. Біздің елдің шахматшылары енді ғана көтеріліп келеді. ФИДЕ-ң үздік жүздігінің ішінде 6 Әзербайжан азаматы бар, бірде бір қазақстандық жоқ... Шахмат академиясынан Олжас Нұржақыптың репортажы.

Екінші сынып оқушысы Нұрмұхаммед Қабиназардың шахмат үйірмесіне келіп жүргеніне жарты жылға жуықтаған. Қысқа уақыт аралығында ойын тақтасының ережесі мен фигураларын жаттап, машықтанып алған ол, қалалық жарыстарға да қатысып бағын сынап үлгеріпті.  

Нұрмұхаммед ҚАБИНАЗАР, Ж.ӘБДІМӘЛІК АТЫНДАҒЫ ШАХМАТ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ШӘКІРТІ:

Миды дайындау керек. Ал маған мимен ойнаған ойындар ұнайды. Мен болашақта атақты шахматист болғым келеді.

Ал Әмір Бауыржан шахмат академиясына 4 жасынан бастап келеді. Қазір бірінші сынып оқушысы. 3 жыл аралығында бірнеше қалалық жарыстарға қатысты. Жүлде алды. Әмір секілді бүлдіршіндер Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясында өте көп. Бәрі дерлік болашақта гроссмейстер деңгейіне жеткісі келеді.

Әмір БАУЫРЖАН, Ж.ӘБДІМӘЛІК АТЫНДАҒЫ ШАХМАТ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ШӘКІРТІ:

Кішкене қиын. Қатты ойландырады. Шахматист болу, балаларды шахматқа үйретуге баулу. Маған балалармен, басқа елдің балаларымен ойнау қатты ұнайды.

Хализа АЙЖАРЫҚ, Ж.ӘБДІМӘЛІК АТЫНДАҒЫ ШАХМАТ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ШӘКІРТІ:

Фигуралардың атын, қалай тұратынын солар кішкене қиын болған. Қазір оңай болып кетті. Жазда Ақтау қаласына барып қыздар арасында бірінші орын алғам. Күзде Алматы қаласының чемпионатында бірінші орын алдым. Осы қаңтарда мен республикалық чемпионатқа қатыстым.

Шахмат академиясы 2014-ші жылы ашылды. Мұндағы басты ерекшелік - жаттықтырушы құрам - мықты. Грузия, Беларусия сынды мемлекеттерден келген мамандар бес жыл ішінде бес жүзге жуық бүлдіршінді осы ұядан баптап ұшырды. Александар Кашашвили академия құрылған кезден бері осында. Аға жаттықтырушының айтуынша, республикада 2014-ші жылға дейін шахмат ойыны қатты бағаланбайтын. Бірақ шахматшылардың Еуропада, әлем елдерінде белгілі бола бастауы Қазақстанның потенциалы зор екенін көрсетті, дейді.

Александр КАШАШВИЛИ, Ж. ӘБДІМӘЛІК АТЫНДАҒЫ ШАХМАТ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Осыдан бес жыл бұрын жағдай онша емес етін.Тек Жансаяның жарқ етуі халықтың көзқарасын бірден өзгертті. Содан бері елде шахмат қарқынмен дамып келеді. Бұрын Орталық Азия елдерінен деңгейі төмен Қазақстан қазір әлемге танылды. Өзім тәрбиелеген шәкірттер халықаралық додаларда мерейімді көтеріп жүр. Оның үстіне бір ғана Алматыда бірнеше орталық ашылды. Сол бәсекелестік шахмат ойынының салмағын арттырып отыр.

Бүгінде бұл оқу қабырғасы елдегі ең үздіктер қатарында. Балаларын осында әкелетін ата-аналардың пікірі сөзіміздің бір дәлелі.

Ағия НАБИЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тікелей осы жерге келдік. Өйткені Жансая Әбдімәлік деген атына ең бірінші соған қарап, бұл енді бренд. Баланың ой-өрісін дамыту үшін бердік. Бір жарым жыл болды, шахматқа бергенімізге. Нәтиже бар. Ойын жақсы жеткізеді деп айта аламын.

Шындығында шахмат жай ойын емес. Ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамытады. Жоспар құра білу, жоспар болғанда бірнеше жүрісті жоспар жасау машығын қалыптастырады. Одан да басқа қасиеттерді дамытуға ықпалдасады. Шахмат академиясы да сол қасиеттерді егіп, балаларға жақсы бағдар бергісі келеді.

Айдана ЕҢСЕ, Ж. ӘБДІМӘЛІК АТЫНДАҒЫ ШАХМАТ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ӘКІМШІ КӨМЕКШІСІ:

Академиямыздың ашылу мақсаты – бұл, Қазақстанды жоғары көтеретін, ойлау қабілеті жоғары, білім сауаттылығы жүйрік азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеу. Қазақстаннан тренерлер бар. Бірақ әзірге Грузия, Беларусия мемлекеттерінен шақыратын себебіміз ол кісілердің тәжірибесі әлемдік деңгейде. Сол кісілердің тәжірибесін өзімізге алу үшін шетелден шақырамыз. Қазақстандық тәжірибе бар, бірақ әлемдік деңгейге жете қойған жоқ.

Шахматтың ерекшелігі - кез-келген саланы игеріп кететін маман тәрбиелей алады. Академияның аға жаттықтырушысы Александр осылай дейді. Жаны бар сөз. Бар қабілетіңді ашып, одан әрі дамыту - шахмат ойынымен үйлесетін шаруа. Мұнда балаларын ерте немесе кеш демей алып келетін ата-аналардың ойлағаны да сол - стресске төзімді және ешқашан тығырыққа тірелмейтін ұрпақ тәрбиелеу. Ал бір орында тапжылмай, сабырмен және бар зейінімен шахмат ойнап отырған балалар өзінен өзі құрмет сезімін оятады екен.

Олжас Нұржақып «Біздің уақыт»