Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда зауыт маңындағы ауыл тұрғындары көшіруді талап етіп отыр

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2019
  • 5535

Атырау облысындағы «Болашақ» зауыты маңында тұратын ауыл халқы көшіруді талап етіп жатыр. Қарабатан елді-мекені облыс орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Тұрғындар Қашаған мұнайын өңдейтін зауыт салынғалы экология нашарлағанын айтады. Тіпті, ауылда құс қырылып, ауру-сырқау жиілеген. Тұрғындар компания өкілдері «алдап соқты» дейді. 

Қарабатан ауылы тұрғындары соңғы 10 шақты жылдан бері «жаңа қонысқа көшеміз»,- деген тәтті арманмен өмір сүріп келеді. Байырғы теміржолшылар бекетінде 30 шақты түтін бар. Көпшілігі қаңырап қалған. Соған қарамастан 200-ге жуық тұрғыны бар ауылдың балалары қалада интернатта оқып жүр. Өйткені, мұнда не мектеп, не аурухана атымен жоқ. Жол да, газ құбыры да тартылмаған. Есесіне, ауыл түбіндегі теміржол арқылы зауыттан күніне 100-ден астам вагон күкірт тасымалданады. Зауыт салынар алдында компания өкілдері әрбір үйге кіріп, келісімін алған. Жақсы жұмыс пен жайлы қоныс уәде етіп, балаларын бір жыл тегін лагерьге де жіберіпті. Алданып қалдық деген жұрт зауыт іске қосылғалы экология күрт нашарлағанын айтады. 

Абдрахман МҰХАМБЕТОВ, ҚАРАБАТАН АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Құстар қырылып жатыр.Таңға қарай жібереді. Ешкім білмейді. 5-6-ларла ауылдан иіс сасиды шіріген жұмыртқаның.

Назымгүл ӨТЕУОВА, ҚАРАБАТАН АУЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

2013 жылы көшіреді деген акиматтан хабар келді. Қолымыздан бір- бірден қағаз келді. Қуанып, «бізді көшіретін болды», деп бәріміз жинақталдық, айтқан сөздеріне тұрды»,- деп. 2013 жылдан бері жыл сайын документ жинап тексереді, бірақ көшіремін деп айтпайды .

Округ әкімі: «Ауыл мемлекет қаржысына көшірілмейді»,- деп кесіп айтты. Тығырықтан шығар жалғыз жол ол - жоба операторы «NCOC» компаниясымен келісімге келу деді. 

Қуандық ЖАҚИЯЛИЕВ, «ГЕОЛОГ» АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: 

Қазіргі таңда «NCOC» мекемесіне санитарлық аймаққа кірмеуіне байланысты келіссөздер жүргізіп жатыр. Яғни, осы Қарабатан елді-мекенін санитарлық аймаққа кіргізіп, «NСОС» мекемесінің көмегімен көшіру жөнінде. Өйткені, бұл елді-мекенді мемлекет тарапынан көшіруге ешқандай негіз болмай отыр.

Ал, «NCOC» компаниясы бізге жазбаша жауап қайтарды. Олар «тұрғындарды көшіруге ешқандай негіз жоқ»,- дейді. Өйткені, Қарабатан станциясынан «Болашақ» кешенді қондырғысының санитарлық қорғау аймағы 4 шақырым қашықта орналасқан,- деп жауап қатты. Ал, аймақтағы экологтар Атыраудың шығыстан соққан өткір желін ескеріп, халықтың қауіпсіздігі үшін жедел көшіру керек дегенді айтып келеді. 

Махамбет ХӘКІМОВ, ЭКОЛОГ: 

Аймақтың табиғи ерекшеліктеріне, желдің бағытына қарай, апатты жағдайларда атмосфераға шығарылатын зиянды зат елді-мекендерге дейін жететін болса, санитарлық қорғау аймағын үлкейту керек,- деп заңда көрсетілген. «Теңіздегідей» тұрғындарды көшірсін. Сондай ешқандай мәселе туындамайды.

Қазір осы мәселе жергілікті билік өкілдері мен алпауыт компания арасында ортақ келіссөз арқылы шешу қарастырылып жатыр. Ал, оның қашан нақты шешім табары әзірге белгісіз.  

Б. Нәдірқызы