Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясының жанынан жақын уақытта көп балалы отбасыларға арналған қор құрылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 13 ақпан 2019
  • 7104

«Нұр Отан» партиясының жанынан жақын уақытта көп балалы отбасыларға арналған қор құрылуы мүмкін. Осылайша халықтың әл-ауқатын көтеріп, көп балалы отбасыларға қолдау көрсету көзделіп отыр. Бұл бастама «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалдарында өткен конференция барысында айтылды. Сондай-ақ, жастарды баспанамен қамту мәселесі де сөз болды. Партия тағы да нақты қандай проблемаларды шешуді көздеп отыр тілші бейнематериалында.  

Елордада өткен «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының кезектен тыс 28-ші конференциясында әлеуметтік даму тетіктері қаралды. Партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы да талқыланды.  

Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ САЯСИ КЕҢЕС МҮШЕСІ: 

Қазіргі кезенде ең басты мақсат - елдің әл-ауқатын көтеру. Бағдарламаның сүбелі мақсаты да осы бағытқа бағытталған. Сондықтан, алдағы 10 жылдыққа таңдаған жолымыз айқын деп нық айта аламын. Біздің стратегиялық мақсаттарымызды орындауға терең негіз, жаңа тәсіл, жасампаз серпін қажет.  

Ал, партияның Алматы қалалық филиалы жанынан жақын уақытта көп балалы отбасыларға арналған қор құрылуы мүмкін. Мұндай ұсынысты кәсіпкер Мұрат Әділханов көтерді. Оның сөзіне сүйенсек, қор тікелей әлеуметтік тұрмыс деңгейі төмен шаңырақтардың көптеген проблемаларын шешуге ықпал етпек. Тіпті, қор құрылса кәсіпкер өз қалтасынан 7 миллион теңге бөлуге дайын екендігін де алға тартты. 

Мұрат ӘДІЛХАНОВ, КӘСІПКЕР, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:  

Фонд барлық жұмысты шешіп кетпес. Бірақ та керек деген, негізделген әр отбасына, балаларға, ата-анаға қамқор ету, қолдау жасау. Сол нақты көмек беру деген бөлігін айқындайтын жақсы орта бола ма деп. Өйткені, көп ата-аналар өздеріңіз білесіздер қазір хат жазумен шаршайды. Балаларымен шулатып көшеде аралап күтіп отырмайтындай жақсы қорға келетін болса бар мәселені шешеді деп ойлаймын. 

Шаһар басшысы Бауыржан Бәйбек болса, аталған ұсынысты қолдап, «Бақытты отбасы» жобасын іске асыруды және мегаполистің тұрмысы төмен көп балалы отбасыларын қолдауға арналған жеке Жол картасын жасауды тапсырды.  

Бауыржан БАЙБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:  

Қысқа мерзім ішінде көмекке зәру жандарды тағы да бір рет анықтап, әр отбасына барып, бірінші кезектегі көмек түрлерінің тізімін жасау қажет. Бұл бір реттік акция емес, бұл іспен біз жүйелі түрде айналысамыз. 

Сондай-ақ, Павлодар қаласында партия өкілдері қаладағы әр түрлі кәсіпорын жұмысшыларының жалақысын көтеру мәселесін талқылады. Белгілі болғандай аймақтың 200-ге жуық кәсіпорны қызметкерлер еңбекақысын 14 пайызға өсірген. Сөйтіп, биыл 9 мыңға жуық қарапайым жұмысшының айлығы көтерілген. 

Роза ИГІБАЕВА, ПМПУ ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: 

Партияның істеп жатқан жұмысы өте үлкен. Партия адамдарды халықпен кездеседі, кездескенде жай ғана қалада емес, ауылдарға да барып, жағдайын біліп. 20-дай жоба жүргізіп жатыр. Оның бәрі халыққа тек көмектесеміз деп отырған жұмыс. 

Ақтөбедегі партия қатарындағылар ел бойынша халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Бұл мақсатта ипотекалық несиенің қолжетімділігін арттыру жолында нақты шаралар жасалатын болады.  

Жеңісгүл МҰХАМБЕТПАИЗОВА, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:  

Облыс көлемінде өткен жылдың өзінде 9816 мың шаршы метр үй салынып, 22 мыңнан астам облыс тұрғыны баспаналы болды. Енді келер жылы осыны 1 миллион шаршы метрге дейін жеткізу көзделіп отыр. Рекордтық дәреже деп айтуға болады. 20 пайыздық алғашқы жарна 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетілді.  

Партия мүшелері үшін алдағы он жылдықтың он басты мақсаты айқындалды. Бұдан әрі де «Нұр Отан» партиясы белсенді әлеуметтік саясатты ұстанбақ. Басты бағыты - ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру болмақ.  

Н. Біләл