Русский Сайттың толық нұсқасы

Мектеп директорлары жоғарғы қабатты төменге, үлкен кабинетті шағынға ауыстырды

  • AstanaTV
  • 15 ақпан 2019
  • 4058

Ал, Астанада мектеп директорлары кең сарайдай кабинеттер иемденіп алған. Олар отыратын бөлме аумағы бекітілген ережедегіден 2-3 есе артық. Мұны Ұлттық бюро мамандары әшкереледі. Мұндай жағдайлар сыныптар жетіспейтін білім ошақтарында да кездескен. Сондықтан құзырлы орган директорлардан кабинетті босатуларын талап етті. Осылайша, Астанда 54 мектеп пен 17 гимназия басшылары жылы орындарын суытты. Енді олардың жұмыс орындары шағын әрі 1-ші қабатта орналасқан. Босаған бөлмелер, сыныпқа арнап қайта жабдықталған.  

Жазира ЖЫЛҚЫШИЕВА, «АСТАНА - АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Көптеген директорларда кең қабылдау бөлмесі, демалыс бөлмелері, қонақтарды қарсы алуға арналған жеке бөлмелер болды. Кей жағдайда олардың аумағы 90 шаршы метрді құрады. Ал, Әкімшілік қызметкерлер үшін ережеге сай 32 шаршы метр белгіленеді. Барлық мектептер бұл нормативтерді сақтап отырған жоқ.  

Сондай-ақ, Ұлттық бюро Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы заң бұзушылықтарға тоқталды. Онда «Мемлекеттік қызметті жеделдеткіш» пысықайлар көбейген. Былтыр Халыққа қызмет көрсету орталықтарында 290 алаяқтық іс тіркелген. Алматы және Ақтөбе облыстарында жүргізуші куәлігін беретін емтихан бөлімшесінің 2 қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Пысықайлар келімді-кетімді кісілерді құжаттарды жылдам рәсімдеу, «әдемі нөмір» алып беру қызметі деп құрыққа түсіреді. Іс жүзінде процесс қалыпты режимде жүреді.  

Ильдар ҮЙСІМБАЕВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӘНЕ СЖҚІҚ АГЕНТТІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Олар азаматтардың заңнан хабары жоғын пайдаланады. Автокөлікті тіркеу немесе оны тіркеуден шығаруды тездетемін деп ақша алады. Кейін бір сағаттай жоқ болып кетеді. Шын мәнінде, олар жұмысты жылдамдатуға қауқарсыз.  

Ә. Өмірзақ