Русский Сайттың толық нұсқасы

Ішкі істер министрі ауысты. Көп балалы аналарға бұрылу саясаты

  • AstanaTV
  • 16 ақпан 2019
  • 2936

8 жылдай еліміздің ІІМ болған Қалмұханбет Қасымов бұдан былай Президент кеңесшісі және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. Президент жарлығымен Қасымовтың орнына Ерлан Тұрғымбаев тағайындалды. Тұрғымбаев алты жылдай Ішкі істер министрінің орынбасары болған. Министр кезінде Қ.Қасымовты бірнеше ірі оқиға бойынша қоғам қатты сынағаны мәлім. Мысалы, былтыр жазда мәнерлеп сырғанаушы Д.Тенді өлтіріп кеткен кезде адамдар отставкаға кетуін талап етті. Дегенмен Ішкі істер министрлігінде басталған реформаны бәрібір Қасымов жүргізетіндей әсер қалған... Бір айта кететіні, Қауіпсіздік кеңесі жарты жылдан астам уақыт бұрын консультативтік-кеңесші органнан конституциялық органға айналған. Қауіпсіздік кеңесіне елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету ғана емес, «ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, халықаралық аренада елдің конституциялық құрылымы мен ұлттық мүдделерін қорғау» жауапкершілігі де жүктелген. Сарапшылар соңғы кезде Қауіпсіздік кеңесінің салмағы артып келе жатқанын айтады.   

Енді күн тәртібіндегі өзекті мәселе бойынша – бір үйдің бес баласын жалмаған Астанадағы өрттен кейін қойылып жатқан талап, сынға байланысты. Министр М.Әбілқасымова критиканы қабылдапты.  

Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ: 

Критикаға байланысты қажетті шараларды тиімді жүргіземіз деп есептеймін.

Ал «Нұр Отан» партиясының жанынан көп балалы отбасыларға арналған қор құрылуы мүмкін. Бұл бастама «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалдарының конференциясында көтерілді. Мұндай ұсынысты Алматыда кәсіпкер Мұрат Әділханов тастады. Тұрмыс деңгейі төмен шаңырақтардың қордаланған проблемаларын тікелей шешу үшін. 

Мұрат ӘДІЛХАНОВ, КӘСІПКЕР, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:   

Фонд барлық жұмысты шешіп кетпес. Бірақ та керек деген, негізделген әр отбасына, балаларға, ата-анаға қамқор ету, қолдау жасау. Сол нақты көмек беру деген бөлігін айқындайтын жақсы орта бола ма деп. Өйткені көп ата-аналар өздеріңіз білесіздер қазір хат жазумен шаршайды. Балаларымен шулатып көшеде аралап күтіп отырмайтындай жақсы қорға келетін болса бар мәселені шешеді деп ойлаймын.

Елдің барлық өңірінде көп балалы отбасылардың жағдайын анықтау үшін оперативтік штабтар құрылды. Ал әкімдіктерге халықтан 1500-ге жуық хат түскен. Елдің, көп балалы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін Үкіметте жұмыс тобы құрылғаны мәлім, соның алғашқы отырысында вице-премьер Ерболат Досаев 4 бағыт бойынша жұмыс істейтіндерін айтты: қағазбастылықты жойып, атаулы әлеуметтік көмекті қолжетімді ету, көп балалы отбасыларға жәрдемақы төлеу механизмін жетілдіру. Ондай отбасындағы балаларды мектепте тегін тамақпен, қоғамдық көлік билетімен қамтуды қарастыру. Сондай-ақ аса мұқтаждарға арендалық үй беру мәселесі. Қазіргі уақытта қамқорлығына жетімдер үйінен бала алған патронат тәрбиешілерге ол балаларды күтіп-бағуға бөлінетін ай сайынғы ақшалай қаражат мынадай:  

-мектеп жасына дейінгі бір баланың тамағы үшін – 15 150 теңге; 

-мектеп жасындағы бір баланың тамағы үшін – 17 675 теңге;

-бір бала үшін киім, аяқ киім және жұмсақ жабдықтар – 7 575 теңге.

Міне, осындай ақшаны көп балалы аналарға да берейік деп отыр, «Нұр Отан» партиясы жанындағы балалардың құқығын қорғау республикалық кеңесі төрағасының орынбасары Динара Закиева. Айына 10-20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 25 мыңнан 50 мыңға дейін жәрдемақы алатын патронат отбасылар бар. Партия төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев көп балалы отбасыларға баспана, салықтық жеңілдіктер беріп, балалардың оқуына керек-жарақпен қамтамасыз етуді ұсынып отыр. Парламент Мәжілісінің депутаты З.Аманжолова вице-премьер басқаратын жұмыс тобына «әлеуметтік карта» жасауды ұсынды. 

Зәуреш АМАНЖОЛОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:   

Жұмыс тобы әрбір ауыл, аудан, облыс бойынша мемлекеттен атаулы көмек алуға мұқтаж адамдардың нақты категориясын көрсететін арнайы әлеуметтік карта жасауы керек.