Русский Сайттың толық нұсқасы

Жастарға бизнес бастауға не кедергі?

  • AstanaTV
  • 16 ақпан 2019
  • 7035

Жақында Сенат төрағасы Қ.Тоқаев: «Жастардың тек 51 проценті бизнеспен айналысқысы келеді, бұл өте аз. Бәлкім оларға өзіміз мүмкіндік жасамай отырған шығармыз», деді. Иә, бар мүмкіндіктің жасалмай отырғаны, бюрократия, коррупция – өтірік емес. Жаңа сілтеме жасаған Ұлан есімді азаматтың негізгі айтқысы келгені сол - міне осы жерде, дәл қазір қарпып қалу ниеті басым. Яғни қанша ұрандатсақ та кәсіпкерлікке «жасыл шам» жағып қойған жоқпыз. «Жасыл шамды» жаққандай боламыз, бірақ қозғалыс басталғанда аяқ астынан «қызыл шам» жарқ ете қалады. Бұл бейнелеудің бюрократия мен коррупция туралы екені түсінікті болар. Дегенмен ештеңеге қарамай, кәсіп ашып, табыс тауып, өркендеп жатқандар бар. Аңсап жүрген, ашық бәсеке мен әлеуметтік әділеттілік бар, әркім өз жауапкершілігін арқалайтын мемлекет құруға ықпал ететін топтың бірі солар. Ақерке Бектастың кейіпкерлерін тыңдап көрейік.  Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:  

Өкінішке қарай жастардың 51%-і бизнеспен айналысу туралы ойламайды. Бұл проблемаға басқа жағынан қараған дұрыс. Мүмкін, жастардың бизнеспен айналысуы үшін өзіміз тиісті жағдай жасамай отырған шығармыз?!

Ахметбек НҰРСИЛА, КӘСІПКЕР:

Шындығында 51 пайызы емес, 91 пайыз. Өйткені Ресейдің өзінде айтады -университетте оқып жүрген жастардың 5-6 пайызы ғана кәсіппен айналыссам екен деп қалап алған екен. Қалғандары бір жерге барып, қызметке тұрсақ деп армандайды. Қазақстанда ол көрсеткіш одан да төмен деп ойлаймын.

Бірақ Ұлан Айхожаев кәсіп ашып, табыс тапқысы келетін жастың бірі. Бірнеше рет бастаған бизнесі тұралап қала берді. Бұған бюрократтық бөгеттер мен бітпейтін құжаттардың аяққа тұсау болуы кедергі, дейді.

Ұлан АЙХОЖАЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазіргі таңда мемлекеттік қолдаулар бар. Бірақ бюрократияның, қағазбастылықтың әсерінен ол ұзаққа созылады.

Ұлан ауылындағы бақтың алмаларын Астанаға әкеліп, сатқысы келді. 10 гектар аумаққа жоғары сұрыпты картоп егіп, саудалауды ойлады. Бірақ субсидиясыз еңбек жемісті болмады. Ал оны шаруаға дайындық уағында алу қиын. Одан кейін берілген субсидия керексіз болып қалған.

Ұлан АЙХОЖАЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ақшаны күздің басында немесе егіннің ортасында береді. Жақсы картоптың ұрығын алуға үлгермейміз. Неге соны қыстың басында, жыл басында бастап бермейді? Апрельге дейін ақшаны түсіріп, бізге беретін болса, біз одан да үлкен, жақсы өнім алушы едік. Ал бізге егінді жинайтын кезде береді. Пойыз өтіп кеткенде керегі бар ма?

Ал Астана қалалық Кәсіпкерлікті дамыту басқармасына өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша ұсынысын алып келген 300-ге жуық азаматтың 24 ғана қолдау көрген. Басым көпшілігінің дұрыс идеясы мен кепілге қоятын құнды дүниесі болмайды екен.

Әділет ТІЛЕПОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Қазір барлық банктер кепілсіз несие бермейді. Тіпті құнды дүниесін кепілге қойып несие алған кәсіпкерлердің өзі қарызын өтей алмай қиналады. Сондықтан бизнес бастауда қиындық аз емес.

Ал Ұлан қатарластарының кәсіпке қызықпауын ұғымдардың ауысқанымен де түсіндірді. Экран толы әншілер мен шенеуніктер тұрғанда кәсіпкер болуды кім көздесін, дейді.

Ұлан АЙХОЖАЕВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жарнамаланып жатқан бизнес емес, ол - біздің шенеуніктеріміздің жақсы лауазымда отыруы. Жастар көбінесе соған ұмтылады. Әншілердің көп болуы, сахнада соларды көптеп көрсету біздегі қызығушылықты мектеп жасынан бастап басқа арнаға бұра бастады.

Ахметбек НҰРСИЛА, КӘСІПКЕР:

Прокурор болу, сот болу, әкім болу, салық комитетінде жұмыс істеу деген секілді, болмаса керемет әнші болу солар қатты дәріптеледі де. Солар жақсы өмір сүріп жатыр. Кез келген адам «кәсібім жақсы табыс әкелсе» деп ойлайды ғой. Сөйтіп солар қатты насихатталады қоғамда.

Ахметбек Нұрсила қалыптасқан тоталитарлық тәртіп әлі қалып қойғанын айтады. Дәл мына желідегі бейнежазбадағыдай - тәжірибеде бүргелерді 3 күн бойы қалыптың ішіне салып қояды. Жәндіктер аузы жабық ыдысқа қамалады. Кейін қақпағын ашық қалдырса да, бүргелер банкіден биіктеп ұша алмайды. Биіктігіміз сол деп санайды. Қызығы, сол бүргеден туған жәндік те қалыптан қашып кете алмайды, биікке ұшып жете алмайды. Ал кәсіпкер білімді табыс табатын және түкке жарамайтын деп бөлді. 6 жыл оқып 60 мың теңгеге жұмыс істеуді сол түкке жарамайтын білімге жатқызды.

Ахметбек НҰРСИЛА, КӘСІПКЕР:

Сәбіз бірден бұрқ етіп өспейді. Алдымен дәннен, кішкентай-кішкентай болып өседі. Сол сияқты бизнесті шағыннан бастап, ақырындап өсіру керек. Табыс табатын білім бар. Көбінде екі дипломнан бар, бакалавр, магистратура алып алған. Білімімен 60 мың теңгелік табыспен жұмыс істеп жүр. Мен оны ТЖБ деп айтамын. Түкке жарамайтын білім. Өйткені білімді не үшін аласың – табыс табу үшін аласың.

Ал Астанада 3 бірдей орталық ашып, жылына 50 млн теңге табыс тауып отырған мына жас кәсіпкер небәрі 25 жаста. Әділ Егембердиев университетте оқып жүріп, өзі секілді өрендерге қосымша білім берді. Сосын ағасымен бірлесіп, 21 жасында оқушыларды тестілеуге дайындайтын орталық ашты. Қазір 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Сабақ беретін ұстаздарына жоғары жалақы да төлейді. Мыңға жуық оқушы осы жерде білім сынағына дайындалады.

Әділ ЕГЕМБЕРДИЕВ, КӘСІПКЕР:

Бизнестің бірінші жылы жабылып қалуының себебі – тәуекел етпеуде. Сол үшін алдымен қиындықтардан қашады. Бизнесіміз енді ашылған уақытта бізде де қиындықтар болды. Ешқандай табыс көрмедік. Бәрі шығынға кетті. Несие де алдық. Жарты жылдай достарымыздан да қарыз сұрадық, қаржылай қиындықтарға тап болдық. Бірақ үздіксіз жұмыстың нәтижесінде жарты жылдан соң бұл кәсіптің пайдасын көріп, жақсы табыс таба бастадық. Тәуекел ету керек, тәжірибе сол арқылы келеді.

Сүйретіп шапқан ат бәйгеден келмейді. Сүйретіп шапқан тазы түлкі алмайды. Бизнес – бәйге. Бәсекеге қабілетті болсаң, биіктесің. Әділ үшін көл-көсір кәсіптің кілті қарапайым.

Әділ ЕГЕМБЕРДИЕВ, КӘСІПКЕР:

Өз идеяңа сену керек. Басты талап - осы. Егер өзің жасап жатқан дүниеге өзің сенбесең, онда бұл тірліктің мәні болмайды. Ондай жағдайда сізге жақсы команда да, қомақты ақша да көмектесе алмайды.Сондықтан кәсіпкер өз идеясына сену керек. Ал біздің идея - балаларды оқытып, оларға дұрыс құндылықтарды насихаттау.

Ал елде Әділ секілді қанша кәсіпкер бар? Ұлан секілді қанша жасқа қолдау қажет? Сандарды сөйлетіп, «Атамекенді» тыңдағымыз келген. Бірақ тараптар тақырыпты талқыға салудан қашқақтады. Ал Астана қалалық кәсіпкерлік басқармасы жастарға арналған бірде бір бағдарлама жоқ, жемқорлыққа жол бермеу үшін барлығын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына өткіздік, дейді.

Әділет ТІЛЕПОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Бұған дейін барлық қызметтерді әкімдіктегі комиссия қарайтын. Әкімдікке келген кәсіпкерді допша домалатып, жұмысын қиындататын. Сондай-ақ, биыл кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын ашамыз. Бұған жергілікті бюджеттен 120 млн теңге бөлінді. Мұнда заңды тұрғыда, әлеуметтік жағынан және бизнеске қатысты барлық сұрақтарға бір жерде отырып, тегін кеңес алуға болады. Бірақ бұл әзірге Астанада ғана.

Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:

Түсінеміз, «алма піс, аузыма түс» дейтін заман жоқ. Дегенмен Абай атамыз айтқандай «бір-ақ секіріп шығам деп, бір-ақ қарғып түсем деп, мертігіп» қалатын жастың барын жасырмау керек шығар. Бұнымен біз бизнес жүргізу жолындағы бюрократияны жоққа шығармаймыз. Дегенмен кәсіптің көзі көп. Тек «тиісті жағдай жасамай отырған шығармыз» деген жоғарғы билік бұл жолы тиісті жағдай жасап берер. «ЖАСТАР жылы» емес пе?!

Ақерке Бектас «Біздің уақыт»