Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтаудағы ата-аналар жеке балабақшадан төлеген ақшасын түгел қайтаруды талап етуде

  • AstanaTV
  • 18 ақпан 2019
  • 3021

Директор мен тәрбиешінің жанжалы тексеріске жалғасты. Ақтау құқыққорғаушылары балабақшада шыққан шудың себебін анықтауға кірісті. Бұл туралы қалалық прокуратура мамандары хабарлады. Ал, кикілжіңнен кейін бір топ ата-ана бақша басшылығынан төлеген ақшаны түгел қайтаруды талап етіп отыр. Олар балабақшада өткен түрлі мерекелік шараларға қатыса алмағанын айтады. Өйткені, мекеме ішіне кіргізбеген. Ата-аналар балғындардың немен айналысқанын біле алмадық дейді. Сапасыз тағамына да шағым бар.  

Әлия ЖАНӘЛИЕВА, АТА-АНА:  

Мен баламды 8 ай осында әкелдім. Сол уақытта төлеген ақшамды түгел қайтарсын. Барлық ата-ананың талабы осы. Сонымен қатар, біз психологиялық, моральдық, физикалық зиян шегіп, абыройына нұқсан келген оқытушыларға моральдық өтемақы төлеуді талап етеміз.

Еске салайық, Ақтаудағы жеке балабақшаның директоры мен тәрбиешісі соққыға жықты деп бірін-бірі айыптаған болатын. Қызметкерлердің пайымдауынша, басшы мен бала күтушінің жанжалына сапасыз тағамды видеоға түсіру себеп болған. Ал, балабақша жетекшісі қызметкер жылаған сәбиді жұбатудың орнына аузына аяқ киім тықты деп сендіреді. Екеуара текетірестің неден шыққанын енді прокуратура мен полиция анықтайтын болады.  

З. Санай