Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл Оралда су тасқыны болуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 19 ақпан 2019
  • 3712

Биылғы көктем Батыс Қазақстан облысы үшін ауыр тиюі мүмкін. Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, қар қалың жауған аудандар мен саяжайлардағы жағдай мәз емес. Мамандар үй-үйді аралап, тасқын қатерін ескертуге кірісті. Еркін Карин толықтырады.  

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Бүгінде Орал қаласының іргесінде жүздеген саяжай қоғамдастығы бар. Негізінде саяжай жаз мезгілінде пайдаланылуы тиіс болғанымен, мұндағылар жыл санап көбеюде. Мысалы, 2016 жылы 12 мың адам болса, биыл 14 мыңнан асыпты. Олардың бес мыңы - мектеп жасындағы балалар.

Жасқайрат саяжайға жеті жыл бұрын көшіп келген. Үй салып, осында орныққанымен, жылдағы қауіп - осы. Биылғы көктемде еріген қар суы қинап жібере ме деп уайымдап жүр. Оған төтеншеліктердің бүгінгі ескертуі қосылды. 

Дыбыс күшейткішпен су тасқыны қаупін ескертіп жатыр. 

Жасқайрат ЖАНҒАЛИЕВ, САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ: 

Құдай сақтасын ондайдан. Биыл ғой қардың көп болып жатқаны. Қар аршып жатырмыз, ауланы тазалап жатырмыз. Өзіміз үшін ғой бәрі. Күнде жауады қар, арши береміз, күнде жауады. Су келіп қалған жағдайда бәрімізді құдай сақтасын, суды тілсіз жау дейді ғой.

Мамандардың дерегінше, алдағы көктемде 36 мың адам тұратын 88 елді мекенді су басуы мүмкін. Қар қалың жауған үш аудандағы жағдай мәз емес. Сондықтан, облыс көлемінде 78 уақытша паналау бекеті дайындалыпты. 

Нұралы МУСИЕВ, БҚО ТЖД БАС МАМАНЫ: 

Халық қарды шама келгенше шығарып жатыр. Бірақ, осы іс-шараға белсенді қатыссын деп ниет білдіреміз. Шама келгенше бүкіл қарды шығарса, әрі қарай оны коммуналдық қызметтер қала шетіне шығарып тастайды.

Тасқын қаупі күшейсе де, тұрғындар дүние-мүлкін аман алып қалуға асығар емес. Сақтандыру компанияларына әзірге саяжай тұрғындарынан өтініш түспеген. Мамандар сөзінше, сақтандырылған мүлікке ғана өтемақы төленеді.  

Данияр АХМЕТ, САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: 

Ұрлық, өрт, газ жарылысы, су тасқыны, жер сілкінісі және өзге де табиғи апаттардан баспананы сақтандыру құны 35 мыңнан 40 мың теңге аралығында. Бұл - бір жылға төленетін ақша. Бірақ, тұрғындар баспанасының амандығынан гөрі, көлігіне көп мән береді.

Былтыр облыс орталығынан 100 мың текше метр қар шығарылса, биыл 700 мың текше метр қар тасылыпты. Синпотиктер мұндай қарлы қыс осыдан 30 жыл бұрын болғанын айтады. Дегенмен, тасқынның қаншалықты қауіпті екені туралы нақты болжам 1 наурызда ғана айтылмақ. 

Е. Карин