Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандылық жасөспірім өзінен төменгі сынып оқушысының келекесіне төзе алмай пышақ сермеген

  • AstanaTV
  • 19 ақпан 2019
  • 5446

Қарағанды облысында жасөспірім өзінен төменгі сынып оқушысының келекесіне төзе алмай, үзілісте пышақ сермеді. 9 сынып пен 8 сынып оқушыларының арасындағы төбелеске бір-бірін келемеждеу себеп болған. Бұл туралы бүгін арнамызға облыстық білім басқармасының мамандары мәлімдеді. Бір-біріне өшіккен ұлдарды ұстаздар дер кезінде арашалап алған. Дегенмен, суық қару кикілжіңді бастаған оқушының бел тұсын жарақаттап, бала ауруханадан бір-ақ шықты. Мектептегі кезекті төбелестің себебін тілшіміз Айжан Қуаш анықтап көрді.  

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

15 және 14 жастағы жасөспірімдер арасындағы төбелес Қарақаралы ауданының Жәутіков атындағы № 1 мектебінде болды. Үзіліс кезінде кішісі үлкенін келеке еткен соң, 9 сынып оқушысы мазаққа төзе алмай пышақ сермеп қалады. Жаға жыртысқан ұлдарды ұстаздары әрең арашалап алыпты. Дегенмен, суық қару 8 сынып оқушысының бел тұсын жарақаттап кеткен.

Гүлмира ҚАБДИЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Бұл өтпелі шақ. Жапа шеккен бала өзіне пышақ салып алған оқушыны келемеждеп, мазақтаған. Төбелес осыдан шыққан. Ал, оның пышақты не үшін әкелгенін қызметтік тексеру барысында анықтаймыз.

Қазіргі таңда жарақаттанған бала облыстық балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлердің хабарлауынша, жарасы тігілген. Ота жасаудың қажеті жоқ. Жағдайы орташа. Ал, суық қару қолданған оқушыға қатысты Қылмыстық Кодекстің 107-ші, яғни, «денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл баппен жасөспірімнің ата-анасы айыппұл төлеп қана құтылуы мүмкін.  

Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

15 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, ол заңды тұлғаның қатысуымен келіспеушілік салдарынан жәбірленушіге аталған пышақ жарақатын салғанын мойындады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Педогогтар мәселенің соңғы кезде бұлай ушығуына ата-аналардың жұмысбастылығы мен отбасында балаға өз деңгейінде көңіл бөлінбеуі себеп деп отыр. Әлімжеттіктің белең алуына орай оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген ұстаздар осындай қорытынды жасапты. Қазір мектепте талап күшейген. Тіпті, білім ошағына әкелуге болмайтын заттардың тізімін жасапты. Суық қарулар, газ баллондары, тыйым салынған әдебиеттер мен есірткі және психотроптық заттарды әкелуге болмайды дегенмен, олардың қалтасын тексеруге құқығымыз жоқ деп отыр. 

Гүлмира ҚАБДИЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Білім басқармасы ішкі тәртіп ережелерін бекіткен. Ол бәріне таныстырылған. Біз балалардың қалталарын мектепке кіргенде тексере алмаймыз. Бұл олардың құқығына қол сұғу болып табылады. Сондықтан, ата-аналар мен оқушылар мектепке нені әкеліп, нені әкелуге болмайтынын білуі тиіс.

Айта кетерлігі, төбелескен жасөспірімдердің екеуінің де оқу үлгерімдері жақсы, мектептің үлгілі оқушылары. Сондықтан, педагогтар болған оқиғаға таң қалып отыр.  

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Дегенмен, қаладағы білім мекемелерінде психологтар мен инспекторлар да тапшы екен. Өйткені, барлық мектептерді мұндай мамандармен қамтуға бюджеттен бөлінетін қаржы жетіспейді. Мамандар жасөспірімдер арасындағы әлімжеттікті азайту үшін, алдымен отбасы тәрбиесін жетілдіру керек. Сосын барып мектептерді бейнебақылаумен жаппай жабдықтап, арнайы мамандар санын көбейту секілді ең қарапайым проблемаларды шешіп алсақ деп отыр.

А. Қуаш