Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда үш адамның өліміне себепші болған «Гелендваген» жүргізушісі сотталды

  • AstanaTV
  • 20 ақпан 2019
  • 3134

Алматыда үлкен дауға себеп болған «Гелендваген» жүргізушісіне қатысты сот үкім шығарды. Жаңа жылдың қарсаңында үш адамды мерт қылып, тағы біреуін жарымжан еткен Ілияс Кар 10 жылға сотталды. Бүгін Алмалы аудандық соты күдіктінің ішімдік ішпедім деген сөзін теріске шығарды. Сот залынан оралған Ришат Асқарбекұлы толығырақ айтады.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Жарыссөз барысында прокуратура Ілияс Карға кем дегенде 8 жыл жаза тағайындауды сұраған болатын. Оның арақ ішкен жоқпын деген уәжіне айыптаушы тарап сенген жоқ. Себебі, тергеу барысында үш бірдей куәгер күдіктінің ішімдік ішіп, көлік басқарғанын айтқан.

Судья сот үкімін жарты сағатта оқып шықты. Сот тергеуі барысында «Гелендваген» жүргізушісіне тағылған айыптар дәлелденген. Қылмыстық кодекстің 345 бабы 4 тармағында жаза көлемі 5 жылдан 10 жылға дейін деп көрсетілген. Ал, 347 бап негізінде күдікті 2 жыл жаза арқалауы керек болатын.    

Роман СЕЛИЦКИЙ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ АЛМАЛЫ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: 

Ілияс Кар қылмыстық кодекстің 345 бабы 4 тармағымен, яғни, үш немесе одан да көп адамның өліміне себепкер болғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Ал, 347 баптың негізінде оған жаза қарастырылмады. Сотталушы қауіпсіздігі төмен түзету мекемедесінде жазасын өтейді. Қамау мерзімі ұсталған күннен бастап есептелсін.

Моральдық шығын ретінде жәбірленушілердің әр қайсысы 10 млн. теңгеден өтемақы сұраған еді. Сот қазысы бүгін бұл сомманың 3 млн. теңгесін ғана қанағаттандырды. Осы оқиғадан зардап шеккен отбасыларға сот барысында материалдық өтемақыларды «Гелендваген» жүргізушісінің туыстары төлеген. Бірақ, ол қаржының көлемі айтылмады.   

Ержігіт НҰРТАЙҰЛЫ, АДВОКАТ: 

Енді ол әркімге әртүрлі берілді. Оны айта алмаймыз. Материалдлық шығынды өндірген соң, біз оның мерзімін төмендетуді сұрадық. Бірақ, сот оны есепке алған жоқ. Ең жоғарғы срок берді.

Сот тергеуі небәрі бір аптаға созылды. Оның барысында 30-ға жуық куәгер сұралды. Олардың арасында болған Ілияс Кардың танысы Шәкір Жұмазов өз түсініктемесін өзгерткен. Тергеуде сотталушыны ішімдік тұтынды деген куәгер сот кезінде бұл сөзінен айнып қалғаны үшін арнайы қаулы шығарылып, оның ісі жеке қаралмақшы. Ал, бүгін істі болған азаматтың туыстары мен адвокаты үкімге қатысты пікір білдіруден бас тартты.   

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Ал, қанқұйлы жол көлік апатынан тірі қалған Айзада Сатыбалдиева бүгін №4 клиникалық ауруханадан үйіне шығарылды. «Ол оқиғадан бері бір жарым ай өтсе де, құрбыларының өлімінен бейхабар»,- дейді жақындары.

Р. Асқарбекұлы