Солтүстік Қазақстан облысында көпбалалы отбасыларға төленер әлеуметтік төлем екі есеге арттырылады. Бұл туралы аймақ басшысы халықпен кездесуінде мәлімдеді. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, бүгінде облыста 6 мың 700-ден астам көпбалалы отбасы бар. Әр шаңырақтағы бала саны төртеуден асады. Оларға ай сайын миллиард екі жүз миллион теңге төленеді екен. Бұдан бөлек оқушыларға тегін тамақ та қарастырылған. Бюджеттен киім-кешек пен мектеп құралдарына да қаржы бөлініп жүр. Енді биылдан бастап бір реттік жәрдемақыны арттырмақшы. 4-5 баласы бар отбасының әрқайсысы 25-26 мың теңге алатын болады.
Құмар АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
«Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау үшін бір реттік әлеуметтік көмектің көлемі екі есеге көбейтіледі. Ал, 4-5 баласы бар аналарға бір реттік әлеуметтік төлем төленеді.
Е. Карин