Русский Сайттың толық нұсқасы

Әйелдер жыл басы - Наурызды ерте оятты... Кәсіппен айналысатын зейнеткер-ұстаз!

  • AstanaTV
  • 23 ақпан 2019
  • 3959

Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев: «Әкімдердің есептік кездесулері халықпен кездесудің арзан имитациясы. Басқа көп тірлік сияқты кезекті фейк.» деп жазды, фейсбуктегі парағында. Мұнан кейін сол кездесулер жайлы жазудың өзі... Дегенмен көп балалы отбасыларға берілетін тұрғын үй сертификаттары, мысалы, Алматы облысының әкімдігі 1 млн теңгелік сондай сертификат береді, Алматы қаласының әкімдігі ұсынатын проценті аз несиелер, Астана қаласы әкімдігінің арнайы тұрғын үйлер салып, кейін сатып алуға мүмкіндік беру жоспары«өрт оқиғасына» су шашып басу емес шығар деп үміттендіреді. 

Ал әйелдер... Әйелдер жыл басы Наурызды биыл ерте оятқандай. Амалдары жоқ әйелдердің көп екенін және үнсіз отыра бермейтінін өкімет ұққандай ма?.. Екінші жағынан, келесі кейіпкеріміз айтқан "еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" мақал-қағидасын іске асыруға бюрократия, коррупция кедергі келтірмейтіндей жағдай жасау керек. Себебі лайықты жәрдемақы алуға тиіс категориядан бөлек, еңбектенуі қажет миллиондаған жас бар...Қырық жыл мектепте сабақ берген Шымкент тұрғыны Фатима Сманқызы зейнетке шыққасын да бала тәрбиесімен айналысып жүр. Жекеменшік балабақша ашқан зейнеткер-ұстаздың өзі де көпбалалы. Көп балалы отбасынан шыққан. Келін болып түскен жері де өсіп-өнген әулет екен.

Фатима СМАНҚЫЗЫ, ЗЕЙНЕТКЕР ҰСТАЗ:

Айтады ғой, қазақта: «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды»,-деп. Әрине, сол қолың қимылдағаннан кейін міне, сол нәтижеге, үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз дейміз. Әрі балалардың бойына білім нәрін беру, оның өміріне де, оның денсаулығына да жауап бересіз ғой, үлкен жауапкершілікті тірлік.

Фатима Сманқызы отағасы екеуі төрт ұл өсірген. Ұлдардан тараған 17 немеренің ата-әжесі. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін балабақшада 75 бүлдіршін бар. Жиырмадан астам адам жұмыс істейді. Отбасылық бизнесте қос келіні көмекшілері. Қиындықтары жоқ емес көрінеді. Әу баста балабақшаға деген сұраныс көп болған. Ал қазір айтуынша, бір ықшам ауданда 12 жекеменшік балабақша бар. Коммуналдық төлемдер бөлек әңгіме. Бастысы бәсекелестікке төтеп беру.

Фатима СМАНҚЫЗЫ, ЗЕЙНЕТКЕР ҰСТАЗ:

Біз сиыр ұстаймыз, шаруашылық, мал ұстаймыз. Соған кәдімгі өзіміздің сауып, ұйытып дайындаған айранымыз бен сүтімізді береміз. Ірімшігімізді дайындаймыз.

Қырық жыл ұстаздық еткен жан биыл Пайғамбар жасында. Қайткенде де еңбектенуді айтты.

Фатима СМАНҚЫЗЫ, ЗЕЙНЕТКЕР ҰСТАЗ:

Барлығы айналып келіп сол еңбекке тірелді ғой. Еңбектену керек. Біздің әжелеріміз айтушы еді: «жатқанға жан жуымайды, жүргенге жөргем ілеседі» деуші еді. Сол сияқты жатқан адамға не жуиды дейсіз.