Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысында ауыл әкімі тұрғындарды өз үйінің құрылысына салған

  • AstanaTV
  • 25 ақпан 2019
  • 4235

Ал, Қызылорда облысында ауыл әкімі қоғамдық жұмысқа тіркелген тұрғындарды өз үйін салуға жұмсаған. Көпшілік әйел әкімнің жұмысына көңілдері толмайтынын айтады. Шағын ауылда шыққан шу аудан орталығына дейін жетті. Мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін арнайы комиссия да құрылған.  

Жосалы ауылында төрт жүзге тарта адам тұрады. «Шалғайдағы ел-жұрт бір жылдан бері берекеміз қашты»,-дейді. Ауылдағы жалғыз көлік жөндейтін шеберхана талан-таражға түскен. Тұрғындар су арналарын тазалауға бөлінген қомақты қаражаттың қайда кеткенін білгісі келеді. 

Нағашыбай ӨТЕМҰРАТОВ, ЖОСАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Ішінде дым жоқ. Есік-терезесіне дейін, талдың астына қойған стойкасына дейін дым қалдырмай мынау әкімнің жолдасы темірге кесіп-кесіп өткізіп жіберген. Өзіміз көріп тұрмыз соңы.

Төлеген ШАХЗАДА, ЖОСАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Ауылдын аяқ суына байланысты есептік жиналыста Келтеарық деген ауылға насоспен айдайтын каналы бар, соны тазалауға үкіметтен 1 миллион 800 мың бөлінді деді. Бірақ, ол ешқандай да тазаланған жоқ. Ауылға су келген жоқ. Ақша аударылған. Бірақ, ешқандай канал тазартылған жоқ.

Ауылдағы ағайынның округ әкіміне өкпесі қара қазандай. Шенеунік елді мекенді абаттандырудың орнына, өз үйінің құрылысына жерлестерін жегіп шектен шықты деп отыр. Көпшіліктің айтуынша, Сәрсенкүл Есқалиева қоғамдық жұмысқа тіркелгендерді баспана салуға жұмсаған. 

Бағдат НӨСЕРОВ, ЖОСАЛЫ АУЫЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:  

Әкімнің үйі мынау тұр. Қоғамдық жұмысшылардың бәрі бір жыл бойы осы үйде жүрді ғой. Тамын салды, қайтып бұзды, қайтып салдырды.

Әкім әлеуметті үй салуға тартқанын жоққа шығармайды. «Өздері келісім берген соң демалыс күндері құрылыс салғаны шындық»,- дейді. 

Сәрсенкүл ЕСҚАЛИЕВА, ЖОСАЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: 

Аудан әкіміне, прокурорға арызданған бұл кісілер. Сол бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Органдар жұмыс жасап жатыр. Мен жұмсасам, демалыс күндері жұмсадым, рас. Өздерінің келісімімен.

Шағын ауылдан шыққан шу аудан атқамінерлеріне дейін жеткен көрінеді. Енді түйткілді арнайы құрылған жұмыс тобы тарқатады. 

Айбол ҚОЗБАҚОВ, ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Жұмысшы топ құрылып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ұрлану фактісі бойынша Қармақшы аудандық полиция бөліміне хат жолданды. Қазіргі таңда алдын-ала тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қорытындысы қосымша хабарланатын болады

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы тексеріс қорытындысын ауыл халқына жеткіземіз деп сендірді. Ал, тұрғындар болса көктемгі егіс науқаны басталмай тұрып су мәселесін шешіп берсін деген талап қойып отыр.ш 

Ш. Сақтапова