Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана халықаралық қаржы орталығы «еJustice» жүйесін іске қосты

  • AstanaTV
  • 26 ақпан 2019
  • 2926

Енді сотқа бармай-ақ, талап-арыз түсіре аласыз. Елде «еJustice» электронды сот төрелігі жүйесі іске қосылды. Онлайн-порталды Астана халықаралық қаржы орталығы мен халықаралық арбитражды орталық бүгін заңгерлерге таныстырды. Электронды сот ісін әзірге 30-дан аса маман меңгеріп үлгерген. Жаңа жүйенің тиімділігі тілші материалында толығырақ.  

Бұдан былай Астана халықаралық қаржы орталығының сотына түскен барлық дау сандық форматта қаралады. Мамандар онлайн-портал халықаралық талапқа сай деп сендірді. Осылайша, қаржы орталығының сотын Еуразиядағы ең қолайлы платформаға айналдырмақ. 

Эндрю СПИНК, АХҚО СОТЫНЫҢ ТӨРЕШІСІ: 

Бұл бұрын жұмыс істеп келген сотқа мүлде ұқсамайды. Шағымдану үшін адамдар мүндетті түрде оны қағазға түсіріп, арзды сотқа әкелуге міндеттелген. Сондықтан халықаралық орталыққа арыз жазушы адам Астанаға ұшып келіп, жолға, тұратын орынға қаражат жұмсайтын. Енді мұның барлығын ешқайда шықпай-ақ, кез келген жерден сот төрелігі жүйесі арқылы жасай аласыз.

Сандық жүйені сынақтан өткізуге 35 маман қатысқан. Олардың қатарында халықаралық және отандық заң фирмалары, «Үлкен төрттіктің» кеңес беру агенттіктері мен сот төрешілері бар. Сөйтіп 4-5 айдың ішінде онлайн-порталды іске қосты.  

Кристофер КЭМПБЕЛЛ-ХОЛТ, АХҚО СОТЫ МЕН ХАО АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ ЖӘНЕ ТІРКЕУШІСІ:  

Қазір бізде осы электронды сот жүйесіне келіп түскен арыз бар. Іс жақында қозғалды. «еJustice» платформасын пайдалану арқылы шағымды тез әрі тиімді шешуге болады.

Ұйымдастырушылар онлайн-порталды сингапурлық «CrimsonLogic» компаниясымен бірлесіп жасаған. Пайдалану тәсілі қарапайым. Бірнеше минутта кез келген аймақтан талап-арызды тіркей аласыз. 

Со КЕН ЙИ, «CrimsonLogic» СИНГАПУРЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: 

Жүйе сот төрелігіне барлық тараптың еш кедергісіз, жеңіл әрі жылдам қатысуына мүмкіндік береді. Яғни, барлығы онлайн режимде. Аптаның әр күнінде 24 сағат жұмыс істейді. Сондай-ақ, әлемнің кез келген жерінен еркін кіруге болады.

Жақында Астана мен Алматының 30-дан аса заңгері «eJustice» жүйесін меңгерген. Енді Астана халықаралық қаржы орталығы тұрақты түрде елдегі барлық заңгерді оқытуды бастайды.  

А. Бектас